
Талқайраңдықтар таңдау жасап жатыр
Атырау қаласының Қайыршақты ауылдық округі аумағындағы Талғайраң негізгі мектебінің ғимаратында орналасқан №77 сайлау учаскесінде кезектен тыс сайлау өз уақытында басталды. Бюллетеньдер саналып, жәшіктер пломбаланған.
Сайлауға асыққан ауыл тұрғындарының жүздерінен мерекелік көңіл-күй сезіледі. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Әліпқали Сәрсенғалиев барлығы 2685 сайлаушы тіркелгенін айтты. Сайлауға ертемен келіп, дауыс берген зейнеткер Сатымғұл Досжанов болды.
– Сайлаудың барысын 4 байқаушы қадағалап отыр. Учаскеге тіркелген Қарабатан зауыты жұмысшыларының дауыс беруіне мүмкіндік жасалған. Сайлаушылар өздерімен бірге жеке басын куәландыратын құжатын алып келулері қажет. Өздеріңіз байқағандай, учаскеде сайлау тұрғындардың белсенді қатысуымен өтуде, — деді комиссиясының төрағасы Әліпқали Үмбетұлы.
Алмас ҚАБДОЛОВ