ТАЛҚЫДА – ЖОЛДЫҢ «ЖЫРЫ»
Аталмыш бағыттың партиялық кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Сүйінішбек Әбуғалиевтің төрағалығымен өткен сараптамалық топ отырысының қарауына алдымен «Республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру» туралы мәселе ұсынылды. Бұл жөнінде «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының басшысы Жантас Шәріпов пен Атырау облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аманжан Тәкешев хабарлама жасады.
Атырау облысы телімінде орналасқан жалпы пайдаланымдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 990 шақырымды құрайды. Осы автожолдың техникалық жағдайына келсек, 329 шақырымы жақсы, 184 шақырымы қанағаттанарлық, ал қалған 477 шақырымы қанағаттанарлықсыз күйде екен.
Жыл сайын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, республикалық бюджеттен қаржыландырумен күрделі, орташа және күтіп ұстау жұмыстары атқарылады. Биыл облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 10шақырымы қайта жаңғырту, 30 шақырымы орташа жөндеу, 950 шақырымына күтіп ұстау жұмыстары жоспарланып, қазіргі таңда кейбір жұмыстар басталып, атқарылуда. Нәтижесінде өткен жылы бөлінген 21,6 млрд. теңге қаржыға 202,4 шақырым жол жөнделіп, төселді. Облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының қанағаттанарлық жағдайы 37 пайыздан, 42 пайызға жеткен. Биыл бұл көрсеткішті 47 пайызға жеткізу үшін бюджеттен 13,2 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр.
Мұнан соң «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Атырау магистралды желілік бөлімшесінің директоры Темірғали Көштаев теміржол инфрақұрылымының сапасын бағалау, Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Самат Ғилымов техникалық бақылау бекеттерінің қызметін бағалау мәселелеріне тоқталды. Сөйлеушілердің пікірінше, көлік және темір жол бойына бағусыз жүрген малдың шығып кету салдарынан апаттық жағдайлар жиі орын алады.
Отырыста қаралған «Жолаушыларды тасымалдау қызметінің сапасына халықтың қанағаттану деңгейін бағалау» жайы топ мүшелері мен шақырылған құзырлы органдар өкілдері тарапынан біраз өткір, әрі маңызды мәселелердің қордаланып қалғандығы, оны шешуде жергілікті атқарушы билік басындағы тұлғалардың әлі де немқұрайлылық танытатындығы сынға алынды. Әсіресе, қалада қоғамдық көліктердің жұмысы жүйелі жолға қойылмаған, автобустарда адамдарға деген сыпайылық, мәдениетті қызмет көрсету жағы жетіспейді. Қаланы ауылдармен жалғастыратын жолаушы тасымалының жұмысы әлі де қанағаттандырмайды.
Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің шолушысы Гүлжан Елешева жолаушы тасымалына байланысты газетте жарияланған сын мақалаларға, көтерілген проблемаларға тиісті құзырлы органдар басшыларының тарапынан жауап беруге құлық жоқ екендігін айтты. «Стройлюкс ЛТД» ЖШС директоры Дүйсейхан Кемелов Атырау-Орал бағытында қатынайтын маршрутта заңсыз такси қызметінің белең алғандығы жолаушы тасымалы үшін құрылған қызмет көрсетуші мекеменің жұмысына кедергі келтіріп тұрғандығын мәлімдеді.
Жиында Атырау-Алматы-Атырау, Атырау-Маңғышлақ-Атырау жолаушылар тасымалдау пойызының жолаушыларға қызмет көрсету сапасының төмендігі, Мақат ауданы Доссор поселкесі тұрғындарының такси қызметінің қымбаттығы және Атырау – Орал – Атырау қалааралық такси қызметінің жүру тәртібін реттеу жайы да сөз болды. Ал, қалаішілік №2, №5, №15 бағытта қатынайтын қоғамдық көліктердің уақытында дұрыс жүрмеуі жөніндегі тұрғындар арызы «Айстрансхолдинг» ЖШС басшылығының сараптамалық топ отырысына арнайы шақыртыла тұрса да, келмеуіне байланысты кейін бөлек қаралатын болды.
Топ мүшелері облыстық мәслихаттың депутаттары мен бірқатар басқармалардың басшылары мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары отырыста қозғалған мәселелерге байланысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Бақытжан ЖҰМАТ.