Тәлкекке түскен ТАҒДЫРЛАР
..Міне, біз «өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа» кіріп келеміз. Өзінің атауы қандай ұзақ болса, мұнда келушілердің де қатары сондай көп екен. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Басты ұқсастық – белгілі тұрағы жоқ жандар. Өйткені, олардың бәрінің дерлік баспанасы, толық құжаты мен жұмысы жоқ.
Осыдан жиырма жыл бұрын өмірдің қажеттілігінен аталған орталық ашылып, үй-күйсіз жүргендерді паналатуға берілді. Қазір мұнда 25 адам бар. Бұған түнде келіп қонатын тағы 11 кісіні қосыңыз. Осынша адамның түрлі тағдырын əңгімелеген орталық басшысы Мереке Жаңбырбаев олардың арасында бірінші, екінші, үшінші топ мүгедектерінің де, құжатсыз жүргендердің де, сотталып келгендердің де бар екенін жасырмады.
– Əрине, өмірге келген пенденің бəрі де бақытты болсам, жанымда отбасым мен бала-шағам, жайлы жұмысым болса деп армандайды. Бірақ, өкініштісі, өмір – адам дегеніндей емес, бұралаңы көп жол. Тағдырдың аса қиын сынағына кезіккен оларды біз осы орталыққа жатқызып, ең алдымен, саулығын тексертеміз. Қолында бар құжаттарын қараймыз. Болмаса, рəсімдеуіне жұмыстанамыз. Осындағы уақытша тұрғындардың үлкені 78 жастағы Александр Шестакович болса, кішісі – 27-дегі Юлия Гулевская. Тұрғындар бізде өзіне-өзі келгенше бір жыл мерзімге дейін тұра алады, – дейді Мереке Дүйсенұлы бізбен əңгімеде.
Ширек ғасырдан бері құжатсыз жүр
Алғашқы сұхбаттасушымыз – 62 жастағы Ерболат Бекбаев, Құрманғазы ауданының Сафон ауылында дүниеге келген. Ол ақпан айынан бастап осы орталықта тұрып жатыр. Отбасынан ажырасқан Ерекең кезінде жол-көлік апатына да түскен көрінеді. Содан қалған дене жарақатын əңгіме арасында көрсетіп отырды. Əңгімеге сараңдау ағамыз осы жүрісіне ешкімді де кінəламайтындай көрінді…
Ал, атыраулық Жанат Сариева бұл орталыққа күні кеше ғана орналасты. Ұлты қазақ болса да, орыс тіліне жетік. Оның үстіне, шашы да, киім киісі де, өзін-өзі ұстауы да ер адам секілді. Менің қазақша қойған сұрақтарыма орысша жауап қайтарып отырды.
Кезінде Павлодар қаласындағы сылақшы-сыршы мамандарын даярлайтын арнаулы училищеде білім алыпты. Оқуын бітіріп келген соң, 1993 жылы қаладағы «Бірінші учаске» шағын ауданында орналасқан «РСУ» мекемесінде жұмыс жасайды. Əлі есінде, шамалы еңбек еткен күніне 99 теңге (!) жалақы алады. Бұл сол кездің өлшемімен көп ақша болатын. Бұдан кейінгі айларда да еңбекақысы көңілдегіден де жоғары шығады. Арада не болғаны бізге беймəлім, əйтеуір, Жанат бүкіл құжаттарын жоғалтып алады… Жұмыссыз қалады… Сергелдеңге түседі… Қолында құжаты жоқ кісіні жұмыс та алмайды, емхана да қабылдамайды…
– Құжат жасатуды біреулер «100 мың теңге» деді. Менің ондай қаражатым жоқ еді. Содан ешбір есепке ілінбей, ешкімнің көзіне түспей жүре бердім. Бұл жерге біреулердің сілтеуімен өзім келдім… Құжаттарымды жасатып беретін болды! – деді ол еріксіз жымиып.
Тəптіштеп сұрасақ, 45 жастағы Жанат 26-27 жылдан бері ешбір құжатсыз жүр. Барайын десе, үйі жоқ. «Бар ауыртпалық анам өмірден өткеннен кейін басталды…» деген оның кенеттен көңілі босап кетті…
«Осынша жылдан бері қайда жүрсің, əлде тұрмысқа шықтың ба?» деген сұрағымызға ол ешқашан да тұрмысқа шықпағанын, сұрауы жоқ арзан күш іздегендердің ауласынан табылғанын айтты.
«Қолымнан бəрі келеді: бау-бақша суарамын, баптаймын, жеміс ағаштары мен гүлді өсімдіктердің артық бұтақтары мен сабақтарын кесемін, үйдің іші-сыртын жөндеймін, еден тегістеймін, əйтеуір қарап отырмаймын, — деді Жанат.
– Əрине, құжатсыз жүрген кісіге кім мол ақша ұсынсын? Өзім де айтыспаймын, бергендерін аламын. Өткенде біреудің шаруасын істеп болғасын «қанша берейін?» деп сұраған. Мен «ақша қажет емес, ана тұрған велосипедті берсеңіз жарайды» дедім. Келісті. Жақсы болды, енді көлік етіп жүрмін!..»
Жұмыс іздеп келіп, емделіп жатыр…
– Мынау – Юлия Гулевская! – деп орталық маманы ұзын бойлы орыс қызын таныстырғаны сол еді, ол лезде орнынан тұра салып: «Сəлеметсіздер ме?!» деп, бізбен қазақ тілінде амандасты. «Өзің Алматы облысынан екенсің, қазақшаң жап-жақсы. Қайдан үйреніп жүрсің?» деген сауалымызға бір жымиып алған өңі сары, жанары көгілдір қызымыз өзінің тұлдыр жетім екенін, сол жақтағы балалар үйінде тəрбиеленгенін айтты.
Рас, жұмыс қай жерде де қат. Біреулерден «Атырауда жұмыс орны көп» дегенді есітіп, осында келгені екен. Бүкіл елді, дүние жүзін шарпыған COVID-19-дан көпшілік жиналатын дəмхана, мейрамхана, асханалар жабылғанда, Юлия да жұмыссыз қалады. Аяқ астынан бұрынғы дерті сыр беріп, талмасы (эпилепсия) жиі ұстайтынды шығарады. Қан қысымы да көтеріле береді. Ақыры болмағасын облыстық ауруханада жатып, емделеді.
– Осы ауруыма байланысты мүмкіндігім шектеулі, екінші топ мүгедегімін. Мұнда бəрі жақсы. Медиктер дəрі-дəрмегімді береді, қарайды. Тəуір бола келсем, елге кететін болармын… — деді Юлия бізге.Иә, өмір деген – сан тарау жол. Әркімнің өзіне бұйырған бір жолы бар: ол – бұралаң ба, түзу ме, төмпешікті ме, құмды ма – әйтеуір өзінікі. Біреу сол бағытты әдейі таңдайды, біреу еркінен тыс, ал енді бірі… жетекке ілеседі… Не десек те, әрқайсымыз өз жолымызды өзіміз жүріп, ешкімге зиянымызды тигізбесек екен дейміз.
«…Сын тақпасын дос түгіл дұшпан маған, Қайғың болса, тартайын тақсыретін. Ғұмыр болса, көрейін пәк суретін, Пәк сүретін ғұмырға кез болайын…» деп ақын жырлағандай, мына фәниге, бір-біріне қонақ пендеге лайымда өкінбейтін өмір бұйырғай.
Лиза СЕЙТІМОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ