Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Талапты ерге нұр жауар

Білікті шаруагер басшы

Оңғар Жанықұлов туралы эссе

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда шаруашылықтар жаппай бытырап жатқан шақта, Елбасы сеніміне адалдық танытқан азаматтар, өздері басқарған ұжымдарын еш ыдыратпай сақтап қалған еді. Сондай өнегелі еңбек үрдісі күні бүгінге дейін жеткен іргелі шаруашылықтардың бірі – Қызылқоға ауданындағы «Тасшағыл» өндірістік кооперативі.

Сын сағатта

Сол бір сындарлы шақта «Тасшағыл» шаруашылығының жағдайы жаман емес болатын. Ұжым республикалық және жергілікті бюджеттерге ешбір берешегі жоқ мығым қалпын сақтай білген еді. Шаруашылық бойынша 700-ге тарта жұмысшы еңбек ететін.

Онда 22 мыңның үстінде қаракөл қойы, 2,5 мыңнан астам ірі қара, 650-ге жуық жылқы малы болды. Екі мыңнан астам халқы бар ауылдық округке осы шаруашылық айтарлықтай демеу болып отырды.

Бұл кезде жер-жерде жекешелендіру ісі қоса жүріп жатты. Бұрынғы кеңшарлардың біразы тарап, өнеркәсіп өнімдері қымбаттай түскен мезгіл еді. Ақша құнсызданып, жұмыста елеулі қиындықтар да туындай бастаған-ды. «Не істеу керек, қандай бағытты қалаған жөн?» деген сияқты сансыз сұрақтар шаруашылық директоры Оңғар Жанықұловтың ойын сан саққа жүгіртті.

Үзеңгілес азаматтармен ақылдаса келіп, қайткенде де ұжымды сақтап қалу қажет деп шешті. Ұжымдағы байырғы малшылар да осы пәтуаға қосылды. Сөйтіп, 271 адамнан тұратын өндірістік кооператив құрылып, ұжымның негізгі діңін сақтап қалуға қол жетті. Мақсат орындалды. Алда еңбекті барынша біліктілікпен ұйымдастыру міндеті тұрған-ды.

Шаруашылықта 1996 жылға дейін бюджет пен әртүрлі мекемелерге деген 22 миллион теңгедей қарыз ақша жиналып қалған болатын. Мемлекет бұрынғы жылдардағыдай «дотациямен» жарылқауды да қойған еді. Сондықтан да, бұл жай шаруашылықтың біраз қиындықтармен бетпе-бет күресуіне алып келді.

 

Өрлеу

Жұмысшылар жалақыны мезгілінде ала алмай, әжептәуір қиналып та қалды. Дегенмен, көп болып ақылдасудың нәтижесінде бұл тығырықтан да шығудың жолы табылды. Оңғардың бастамасымен ұжым енді көрші шаруашылықтармен «бартер» әдісімен жұмыс істеуге көшті. Кейбір ескі техникалар есеп айырысуға жұмсалды. Көршілес Орал облысындағы Сырым ауданының «Аралтөбе» шаруашылығымен тікелей келісімге отырып, бірлесіп егін салды. Алынған өнімдер Орал қаласындағы элеваторлардан өткізіліп, халықтың еңбекақысының бір бөлігін ұнмен есептесуге жол ашылды. Сөйтіп, 2001 жылдың басында Оңғар басқарған өндірістік кооператив бүкіл қарызынан толық құтылып, бірте-бірте пайдамен жұмыс істеуге көшті.

Ғалымдармен де байланысқа түскен шаруашылық өндіріске ғылыми әдістерді енгізуге бағыт ұстады. Сөйтіп, мал тұқымын асылдандыру мақсатындағы шаралар оң нәтиже беріп, 2004 жылы кооператив Қызылқоға аудандағы қаракөл қойын өсіретін үлкен шаруашылыққа айналды.

Бұрынғы Кеңестік Одақ кезінде шаруашылықты жүргізу үшін айналым қорларынан арнайы қаражат бөлініп отырушы еді ғой. Ол жүйе құрдымға кеткеннен кейін, шаруашылық басшысы Оңғар Жанықұлов батыл шешімге ұмтылып, несие алу қажет деп шешті. Сөйтіп, ұжымға жеті жылға көзделген 25 миллион теңге лизингілік несие алынып, облыстық «Агросервис» мекемесі арқылы МТЗ-80 тракторының алтауын және бірнеше ауыл шаруашылығы тіркемелері мен бір КамАЗ автокөлігі алынды.

Қазіргі кезде «Тасшағыл» кооперативі заман талабына толықтай жауап беретін ірі құрылымға айналды. Шаруашылыққа еңбегі сіңіп шыңдалған көптеген азаматтар бұл күндері бөлек отау тігіп, өз алдына шаруа қожалық құру мүмкіндігіне ие болды. Қазір олардың саны сегізге жетті.

 

Шынайы қамқорлық

Аудан ғана емес, тұтас облысқа ізденімпаздығымен, іскерлігімен танылған Оңғар Жанықұлов қиналғанға көмектесіп, сүрінгенге демеу болуды қашанда өзінің басты парызы деп санайды. Туған жеріне деген қамқорлығы өз алдына бөлек тақырып.

Тасшағыл кеңшарын басқарып тұрған кезінде эрозияға ұшырап, құм басып бара жатқан ауылды қорғап қалу үшін, елді мекен маңындағы 300 гектардай жерді қоршап, оған көп жылдық өсімдіктер егіп, тал-теректермен көмкеруге жұмыстанды. Соның нәтижесінде ауылды құм басып қалу қаупі жойылды, құм көшкіндері тоқтатылды. Аудандық су шаруашылығы мекемесімен келісімге отыру арқылы қаржы бөлініп, Ойыл суын Арал – Бәйтік көлдеріне жеткізу жүзеге асырылды. Соның арқасында бұл көлдер қазіргі кезде ауылдың сәніне ғана емес, тіршілік нәріне айналып отыр.

Еңбек жолын қатардағы қарапайым көмекші шопандықтан бастап, әр жылдары әртүрлі басшылық қызметтердің басын ұстаған, яғни Абай атындағы кеңшардың бас зоотехнигі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Жанкелдин атындағы кеңшар парткомының хатшысы, «Комсомол» кеңшарының бас зоотехнигі және аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары сияқты қызметтерде шынығып, жетілген Оңғар Жанықұловтай арда азаматтың өнегелі өмірінен бір үзік сыр осындай…

 

P.S. Бүгінде жетпістің желкеніне мінген Оңғар Жанықұлов ауданның абыз ақсақалына айналды. Өмірінің осыншалықты өрісті, сырлас, сыйлас азаматтарының көп болуына, отбасының ұйытқысы болып отырған Майра Қайранбайқызының да үлесі зор. Оңғар мен Майра бұл күнде ұл-қыз өсіріп, ұрпақ қызығына бөленіп отыр. Қызылқоға аудандық мәслихатының бес шақырылымына да депутат болып сайланған Оңғарды ел азаматтары «данагөй басшы, қадірменді азамат» деп орынды мақтаныш етеді. «Талапты ерге нұр жауар» деген осы болса керек.

Хамит ӘУБӘКІРОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button