Жарнама
Жаңалықтар

ТАЛАПҚА САЙ ТӘЛІМДІ ІС

 

Құзырлы орган өкілдері «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы  Коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында болып, Елбасы жүктеген міндеттер аясында бірінші жартыжылдықта жүзеге асырылған жұмыстарымен бөлісті.

Аталған департамент бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Данияр Туашев Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспарының 33, 34 қадамдарына тоқталып, бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру, арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасаудың маңыздылығын атап айтты.

Сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциярлық инфрақұрылымды жаңғырту мекемелерді салуға, ұстауға және басқаруға жекеменшік секторды тарту жөнінде ұсыныстарды екшеу мен халықаралық тәжірибені зерттеу мәселелері бойынша ой бөлісті.

«Бүгінде түзеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы және инфрақұрылымы ескірген. Қолданыстағы мекемелері өткен ғасырдың 30-70 жылдарында жасақ принципі бойынша салынған және қазіргі заманғы талаптарға сай емес. Аталған кемшілікті жою үшін Ұлт жоспарының 34-қадамына сәйкес, облыстардағы түзеу мекемелерінің құрылысы мен пайдалану бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шегінде концессиялық жобаны әзірлеу қажет» деді  Д.Туашев.

Жалпы, алдын-ала есептеу бойынша елімізде 25 түзеу мекемесін салу қажет екен. Ал, бір түзеу мекемесінің құрылысына 12 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Бұл тұрғыда мемлекеттің бюджеттік мүмкіндігін ескеріп, мұндай түзеу мекемелерінің салынуына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принципін қолдануды енгізудің мәні зор. Бұл жұмыс Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында жүзеге асуда. Жиын барысында мұны Атырау облысында да іске асыру қажеттігі сөз болды.

Құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандартқа сай жаңа жүйесін қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар туралы пробация қызметіне басшылық ету бөлімшесінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Сағадат  Өтеуғалиева айтып берді.

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button