Тайсойған ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып құрыла ма?
Алдағы уақытта Тайсойған алқабы мен оның қырлық учаскелерінде жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылуы мүмкін. Осы аптада аудандық мәслихаттың кезектен тыс X сессиясында мәслихат депутаты, қоғам белсендісі Есенбай Нұровтың табиғи аумақ құру туралы депутаттық сауалы халық қалаулылары тарапынан қолдау тауып, жүзеге асыру үшін Атырау облысы әкімдігіне тиісті нормативтік-құқықтық акт шығаруға ұсынылатын болды.
Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселе Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңын басшылыққа ала отырып жасалған.
Депутаттың айтуынша, Қызылқоға ауданындағы жерасты тұщы су қорын ластанудан қорғап, Тайсойған құмы мен оның қырлығындағы биологиялық (ботаникалық, зоологиялық ерекшеліктерін) түрлерін сақтау өте өзекті болып отыр.
– Тайсойған құмының Қазақстандағы басқа құмды аймақтардан өзгешелігі – Ойыл өзенінен бөлініп, құмды массивті жарып ағатын Жарыпшыққан өзені бар. Көктемде өр суы тасыған кезде өзеннің арнасынан шығып, қолдың саласындай қоқтыларға өр суы жайылады. Табиғи нәрі мен құнары сақталған Тайсойған құмы мен оның қырлық учаскелеріндегі жерасты тұщы су қорынан тәулігіне 20611,3 текше метр су өндіруге болатыны анықталған. Сонымен қатар, құм жиегінде қоныстанған 8 ауылдық округтің 18639 тұрғыны Тайсойған құмының жерасты тұщы су қорын ауыз суға пайдаланып отыр. Ал, қырлықтан шабылған құнарлы шөп қысқы мал азығына аудан шаруашылықтарынан басқа, көршілес Мақат, Жылыой аудандары, Атырау қаласы және Маңғыстау облысына дейін тасымалданады. Біздің аудан – облыстың мал шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып, азық-түлік қәуіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған өңірі, — деді Есенбай Сәмекұлы.
Депутат жергілікті маңызы бар санатқа жататын құжатқа мемлекеттік табиғи аумақ құрып, оны қатаң сақтауды, экологиялық дәліз құру секілді барлығы 7 маңызды пунктті қамтуды ұсынған.
Алмас ҚАБДОЛОВ