ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

««Мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі қандай? Бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері мемлекеттік қызметке қалай қарайды? Мемлекеттік қызмет саласында қабылданған жаңа Тұжырымдамада осы мәселелерге кеңінен көңіл бөлінген» деп атап өтті мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілге оқыту өңірлік орталығының директоры Баязи Әбдешов «Мемлекеттік қызмет және БАҚ» тақырыбында болып өткен «дөңгелек үстел» барысында.

Жиналғандарды мемлекеттік қызмет туралы заңға енгізілген өзгерістермен таныстырған Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша басқарма басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Избанов конкурс жариялауда, тест тапсыруда жаңалықтар енгізілгендігін айтты. «Кез келген адам енді қалаған уақытында сынақ тапсыра алады. Конкурсқа қатысу үшін тест тапсырғандығы жөнінде сертификаттың болуы міндеттеліп отыр. Сондай-ақ, комиссияға БАҚ, ҮЕҰ өкілдерінің енгізілуі конкурстың мейлінше ашық өтуіне ықпалын тигізеді» деп атап өтті ол. Сондай ақ, Мұхит Кәрімұлы мемлекеттік қызмет саласындағы меритократия заңдылығына тоқталды. «Бұл – салада лайықты мамандардың болуын қамтамасыз ету» деген ол келер жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер жұмысының бағаланатындығын айтты. Яғни, жаңалығы сол, егер қызметкер бағасы нашар болса, міндетті түрде аттестациядан өтеді. Егер мемлекеттік қызметте он бес жылдық еңбек өтілі болса, мұндайда маман тестілеуден босатылады. Бірақ, комиссияның аттестациялауына қатысу міндеттеледі. Мемлекеттік қызметкерді бағалау талаптары мынадай: яғни, құжат айналымында мерзімінен кешігу болса, қарамағындағы мамандар жиі ауысып, бос лауазымды орын ұзақ сақталған жағдайда мемлекеттік қызметкердің бағасы міндетті түрде төмендейтін болады. «Мәселен, шетелде департамент басшысына кімге қандай жалақы белгілейтіндігін өзі шешетін құзырет беріліп қойған. Яғни, мамандар жасаған жұмысына қарай бағаланып, соған сай жалақы алады. Мұндай қадамдар, бір жағынан, сыбайлас жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа қарсы күрес ретінде жасалып отыр» деп атап өтті Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша басқарма басшысы Мұхит Избанов.

Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов мемлекеттік қызметтегі өзгерістер, Тәртіптік кеңес жұмысы және ондағы қаралған мәселелердің газет бетінде тұрақты әрі кеңінен көрініс тауып отырғандығын атап өтті. «Облыс басшысынан бастап, өзге де лауазымды тұлғалардың азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдауына арналған қоғамдық қабылдау айдары беріліп келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте еңбегімен еленгендердің өмір жолы газет бетінде ұдайы жарияланып тұрады» деген ол мұның барлығы мемлекеттік қызмет пен БАҚ арасындағы байланысты нығайтатын қадамдар екендігін жеткізді. Өз сөзінде бас редактор журналистер үшін өзекті проблемаға айналған статус мәселесін қозғады. «Журналистер, ең аяғы, пәтер кезегіне де тұра алмайды. Мемлекеттік тапсырыс аясында бюджеттен қаржыландырылғанымен, олар не бюджет, не мемлекеттік сала қызметкеріне жатпайды» деген Исатай Құндызбайұлы осы мәселеге тиісті органдардың назар аударуын сұрады.
Пікірталас алаңында өз ойын білдірген облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Ринат Құлмағамбетов бүгінде БАҚ саласының да жаңғырту кезеңін өткеріп жатқандығын атап көрсетіп, әсіресе облыстық журналистердің мемлекеттік органдардан ақпарат алуда қиындыққа ұшырайтындығын мәселе етіп көтерді. «БАҚ туралы» заң бойынша мемлекеттік органдар сұрауымызға үш күн ішінде жауап беруі тиіс болғанымен, бұл тармақ жиі бұзылып тұрады» деген ол мұндай жағдайдың мемлекеттік қызметтің беделін түсіретіндігін айтты.
«Мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар қоғамның дамуынан туындап отыр» деген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бақтияров экстремизм, терроризмге қарсы күрес шараларындағы ақпарат құралдарының белгілі бір деңгейдегі жетістігін атап өтті. «Соңғы әлеуметтік зерттеулер бұл мәселеде халық түсінігінің өзгергендігін көрсетті. Яғни, алғашқы жартыжылдықтағы қорытындыда «конфессияаралық қандайма жағдайлар орын ала қалса, оның маған қатысы жоқ» деген нұсқаны респонденттердің он алты пайызы таңдаған болса, екінші жарты жылдықта бұл көрсеткіш нөлдік деңгейге дейін түсті» дейді ол. Сондай-ақ, ол қоғамдық тұрақтылықты сақтауда ақпарат құралдарының мейлінше объективтілік негізде мәлімет таратуының маңызды екендігін атап өтті. Ашық микрофон барысында қатысушылар тарапынан кәсіподақтардың қауқарсыз тірлігіне байланысты біраз сын айтылды. Бұл орайда «бүгінгі кәсіподақтардың аты бар да, заты жоқ» деген Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша басқарма басшысы Мұхит Избанов келер жылы мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғайтын осындай дербес ұйымның құрылатындығын жеткізді.
Одан арғы әңгіме өзара диалог форматында өрбіп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға шараның бас мейманы Мұхит Избанов жауап берді. Сондай-ақ, оқыту курсынан өткен бірнеше мемлекеттік қызметкерге сертификат табысталды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз