ТАБЫСТЫ ТАРАЗЫЛАР СӘТ
— Басқа салалардағы тәрізді, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы құрылымдарында, тұтастай агроөнеркәсіп кешенінде оңды өзгерістер мен ілгерілеу қадамдарының орын алып келе жатқандығына баршамыз куәміз. Осындай үрдісті қалаға қарасты селолық округтер мен ауылдардың өмірінен де айқын аңғарамыз. Барған сайын кәсіпкерлік кеңінен қанат жайып, ауылдағы бизнес субъектілерінің өндіретін өнімі мен көрсететін қызмет көлемі көбейе түсуде, — деп бастады сөзін Нұрлыбек Жұмахметұлы.
— Бұрыннан қалыптасқан атакәсіп мал шаруашылығымен қоса егіншілік те биыл ерекше қарқын алды. Ауылдың өнімдері атыраулықтардың ортақ игілігіне айналды. Соның куәсіндей, кейінгі кездері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұған барлық тауар өндірушілердің мүдделілік танытып, өзіндік үлестерін қосып отырғандығы қуантады.
Саладағы өзге де жетістіктер жайын қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Сәден Лұқпанов баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қала бойынша 335 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген. Олардың тең жартысы (168-і) егін, 67-і мал шаруашылығымен айналысады.
Ағымдағы жылы егістік жер көлемі 1961 гектарға (былтырғыдан 427-гектарға артық) дейін ұлғайтылған. Соның 391,6 гектарына картоп, 1014,1 гектарына көкөніс, 250,7 гектарына бақша және 294,5 гектарына малазықтық дақылдар отырғызылған. Тиісінше, өндірілген өнім көлемі де өскен. Осылайша, көкөністен 30,74 мың (оның 1200 тоннасы жылыжайда өсірілген), картоптан 3973, бақшадан 7100 тонна сапалы өнім алынған.
Жыл санап жеміс шаруашылығының да үлес салмағы арта түскен. Мәселен, «Ақ Жайық» шаруа қожалығы биылдың өзінде 10 гектар жерге алма ағашын отырғызса, бақтың жалпы ауданы 75 гектарға жеткен. Бұл істе біраз тәжірибе жинақтаған Еркінқала селолық округіндегі «Арай» шаруа қожалығы болса, өз бағында жеңсік жемістің бірнеше түрін өсіріп, өнімдерін жаз бойына базарлаған. Тағы бір табысты қадам, кейінгі кездері тамшылатып суару тәсілімен баптап-күтілетін егіншіліктің аумағы да айтарлықтай (бұрынғы 250-ден 300 гектарға) көбейтілген.
Кәсіби мерекенің басты мәні – қол жеткенді бағалай, алдағыны саралай отырып еңбек адамына құрмет көрсету емес пе? Бұл жолы да дәл солай болды. Ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен бүгінгі өкілдерінің бір тобына Атырау қаласы әкімінің және қалалық мәслихаттың Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары тапсырылды. Өз кезегінде, марапатталғандардың атынан қала басшылығы мен шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтылды.
Дәулетқали АРУЕВ.