ТАБЫСҚА БАСТАР ТӨЛҚҰЖАТ
Айта кетейік, халықаралық жастар қорымен бірлесе жұмыс атқарып отырған жергілікті «Центр инфо» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, ағымдағы жылы «Табысқа жетелейтін төлқұжат» жобасы екі кезеңде жұмыс жасайды. Алғашқысы қараша-ақпан айында аяқталды. Екінші кезең ақпан-сәуір айы аралығына жоспарланған. Әрбір кезеңде қатысушылар қоғамға тұлға болып қалыптасуды жан-жақты үйрететін 43 сабақты оқиды. Бірінші кезеңде 12 оқу орнының оқушылары мен студенттері қатысқан. Оларға 24 арнайы жаттықтырушы мен оқытушы сабақ берді. Нәтижесінде, қаладағы 12 мен 23 жас аралығындағы 250 жас бірінші кезеңде білім алып шықты.
«International Youth Foundation» халықаралық жастар қорының атқарушы директоры Ангела Венза бұл жобаның әлемнің 70 елінде жүзеге асып отырғанына тоқталды. Әсіресе, атыраулық жастардың белсенділігіне тәнті болғанын мақтанышпен айтты.
— Мұғалімдер арасынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген ұстаздар таңдап алынды. Барлығы 20 ұстаз бір апта көлемінде оқыдық. Кейін әр мектепке екі тренерден бөлініп дәріс бердік. Алғаш сабаққа келгенде ұяң, өз білгенін көрсете алмайтын балалар көп болды. Бірақ, олар ортаға үйреніп, екі айдың көлемінде өзгеріп шықты. Демек, бұл бағдарламаның баланың өз-өзіне деген сенімділігін қалыптастыратынына көзім жетті, — дейді Исатай Тайманов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Лалагүл Қайырова.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.