ТАБЫС САЛЫҚТАН ҚҰРАЛАДЫ

Облыстық кіріс департаментінде жаңа орталық ашылды

Бейсенбіде Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде  «Қабылдау және өңдеу орталығы» салтанатты түрде ашылды. Жаңа орталықтың тұсаукесер рәсіміне Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.

 

– Мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеттерінің бірі – бизнес қоғамдастығының қызметіне қолайлы да оңтайлы жағдай жасау, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру болып табылады, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. – Мұның өзі түпкі нәтижесінде салық төлеуші болып саналатын жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік кірістер мекемелерінде кезекте тұру мерзімін азайтуға, салықтық міндеттемелердің уақытылы атқарылуына мүмкіндік беріп, салықшылармен жұмыстың жеделділігін арттырады. Ең бастысы, бұл осында жүргізілетін түрлі операциялардың аз мезгіл ішінде ұқыпты да сапалы орындалуына, сөйтіп бизнес субъектілерінің бюджеттік міндеттемелерін тиянақты жүзеге асырып, мемлекет қазынасын мерзімді толықтырып отыруына, салықтық есептілікті жүйелі жүргізуіне мол мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні келушілерге есігін айқара ашып, клиенттерге қызметін көрсете бастаған заманауи үлгідегі  мына орталықтың пайдалануға берілуі де сондай игілікті қадамдардың, сәтті бастамалардың бірінен саналатыны сөзсіз. Сондықтан баршаңызды жаңа нысанның ашылуымен құттықтаймын, орталықтың қызметіне сәттілік, ұжымға табыс тілеймін, – деді сөзінің соңында аймақ басшысы.

Айта кету керек, қазіргі таңда Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде 53 мемлекеттік қызмет түрі «Электрондық Үкімет» WEB-порталы арқылы көрсетіледі. Осылайша, ағымдағы жылдың алғашқы жартысында мұнда барлығы 285980 мемлекеттік қызмет  атқарылған.

Жыл басында департамент ғимаратының бірінші қабатында орналасқан «Қабылдау және өңдеу орталығы» реконструкциядан өткізілді. Жоғарыда айтылып кеткендей, салық төлеушілерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында «Кезекті электрондық басқару» жүйесі орнатылған. Бұрыннан қызмет көрсетіп келе жатқан «Электрондық терминал» базасы да ұлғайтылып, 40 дана компьютермен жабдықталған, басқа да қажеттіліктермен жарақтандырылған. Күніне 1500 адамға қызмет көрсетілсе, келушілерді қамту уақыты да осыған дейінгі 20 минуттан 3-5 минутқа дейін қысқарған. Оның үстіне, осында «Қазпошта» мекемесінің бөлімшесі де жайғасқан. Сонымен қатар, ғимараттың бірінші қабатында керекті кеңестер беретін, адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсететін, балаларға арналған бөлмелер мен кіші конференц-залы да қарастырылған.

Осындай жақсылықтың бәрін көзімен көріп, ризашылығын білдірген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мәди Тәкиевпен бірге ғимараттың бесінші қабатында орналасқан үлкен конференц-залда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. «Қабылдау және өңдеу орталығының» жұмыс үрдісін көрсететін бейнебаянды тамашалады. Осында департамент басшысының 2015 жылдың бірінші жартысында атқарылған жұмыстардан қысқаша баяндамасы тыңдалды.

Дәулетқали АРУЕВ, суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз