ШОШҚА ТҰМАУЫ ШОШЫТПАСЫН ДЕСЕК…

Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллиннің Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте берген мәліметі бойынша, Атырау облысында ағымдағы жылы 25 қаңтардағы тіркелген фактіге сәйкес, вирус жұқтырған (ЖРВИ) 1004 адам анықталған. Оның ішінде 47-сі – тұмаумен ауырғандар. Өңірде эпидемиологиялық қадағалау  мақсатында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бүгінде әлемнің назарын аударып отырған қауіпті «шошқа тұмауының» алдын алу үшін де аймақта кешенді іс-шаралар  жүргізілуде.

 

Медицина қызметкерлері тұмау ауруының  белгісі байқалған бойда бірден дәрігерге қаралуға кеңес береді. «Тұмауды үй жағдайында емдеуге болмайды», – дейді олар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелованың айтуынша, тұмаумен ауырған адам дәкелік бетперде (маска) тағуы міндетті. Тұмау қоздырғышы ауа арқылы тез таралады. Ауру басталған кезде адамдар көп шоғырланатын орындардан алшақ жүрген  дұрыс, қоғамдық көліктерде, үй, кеңселердің ішін желдетіп, жиі жуып тұру керек. Қолды жиі жуып, киімнің тазалығына аса мән берген абзал.

– Бүгінде адамдардың көбі басы ауырып, дене қызуы көтерілсе, түшкірсе, жөтелсе, жүрегі айныса үй жағдайында емдеуге тырысып бағады. Қара шай мен лимон, тұмауға қарсы дәрі-дәрмектің де көмектеспейтін кездері бар. Дәрігерге көрінбей, үйден емделгенде ауру асқынып кетуі мүмкін. Әсіресе, сәбилерді  тұмаудан қорғаған дұрыс, – дейді  Д.Камелова.

Мамандардың  айтуынша, қай-қай тұмаудың  да белгілері бір-біріне қатты ұқсас. Сол себепті, ауырған бойда науқас учаскелік дәрігерге барып, тексерілуі қажет. Мәселен, «шошқа тұмауында»  ауру белгісі бірден қатты байқалмайды. Алғашында мұрын бітеледі. Ауру белгілері екінші күні ғана сезіледі. Тамақ ауруы, бөртпелер шығады. Ұйқысыздық, шаршау екі-үш аптаға созылуы мүмкін. Жіті респираторлық аурудың белгілері пайда болғанда дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақ-жұтқыншақ, тыныс алу жолдарының, бас және бұлшық еттің аурулары, кейде құсуы және іші өтуі кездесуі әбден мүмкін.

Нұргүл  ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз