Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...Жаңалықтар

ТАБИҒАТТЫҢ тынысын тарылтпайық!

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Бүгінде виртуалды әлем бізді тылсымына тартып бара жатқандай. Табиғатымызға жат нәрселер көбейе бастады.

Бір-бірімізбен бір дастархан басында шүйіркелесіп отырудан қалғалы қашан?! Мереке күндері де құттықтаулардың барлығы онлайн форматқа ауысты. Сөйтіп, құндылықтардың орны ауыса бастағандай… Бір кездері көпқабатты үйлерге қол жеткізу арман еді. Қазір жер үйдің артықшылығы білінуде. Ауласына шығып, ауа жұтсаң да, тал-терек отырғызып, суарсаң да жер үйдің маңыздылығы артты.

Бұрын қоқыс төгуге барғысы келмейтін бала да бүгінде бір-бірімен таласа кетеді. Өйткені, олар далаға шыққысы келеді. Бұған дейін талай жерді аралаған аяғымыз үйден 500 метр қашықтықтан әріге баса алмай қалды. Мұның барлығы әрбір адамның көкейінде бір ой түюге мүмкіндік беруде. Биыл көктемді терезеден тамашаладық. Табиғаттың осы көркем кезіндегі тамаша ауасын тұшынып жұта алмадық. Жер бетін шарпыған індет бәріміздің апшымызды қуырып, еріксіз үйге қамады.

Табиғат-Ана мінез көрсетіп жатыр. Мұның бәрі өзімізден. Өйткені, біз табиғаттан ажырап кеттік. Адамға берілген үлкен сыйдың бірі – Табиғат. О заманнан адамзат баласы онымен біте қайнасып өмір сүрген. Ауа, су, жер, ай мен күн, жұлдыз бен гүл, ағаш, тіпті желдің өзі адамзаттың қажеттілігіне қызмет етіп келеді. Алайда, біз Жер-Ананың қадірін ұмытып қалғандаймыз. Ауаны жұтамыз. Бірақ, бағаламаймыз.

Жер бетінде қанша адам ауаны арнайы аппаратпен жұтуға мәжбүр. Суға түсіп, күнге қыздырынғанды жақсы көреміз. Сумен жуынып, тән рахатын аламыз, шөлдесек, шөлімізді қандырамыз. Дегенмен, табиғаттың бұл қадіріне тағы да алғыс айтпаймыз. Керісінше, ай соңында суға төлем жасарда ренжиміз. Күн бізге тегін қызмет етеді.

Күннің қызуымен жер гүлденеді. Әсемдікті тарту етеді. Оған да немқұрайлы қараймыз. Тегіннің қадірі болушы ма еді? Табиғат аясына шығып демалғанды жақсы көрсек те, кейін қоқыстарды жинап кеткенді ұнатпаймыз. Жерден өнген өнімдерді сүйсініп жегенімізбен, оны құрметтемейміз. Жерден жаралғанымызды ұмытып, оны басып тұрып кеуде кереміз. Құдды осылай болуы тиіс сияқты көреміз.

Бұдан басқа, табиғи сұлулықты жасандылыққа алмастырдық. Анадан туған келбетімізді өзгертуге ұмтылдық. Қоғамда ғана емес, отбасында да ерлер мен әйелдердің орындары алмаса бастады. Табиғат жаратылысымен тығыз байланыста екенімізді еске алғымыз келмеді. Адам – ұмытшақ жаратылыс. Мұның барлығына Табиғат-Ана ұзақ төзді, шыдады. Десек те, қазіргі уақытта әлемді қауіпті індет айналып, халықты тәубесіне келтіріп жатқандай.

Бір сәт ой жүгіртіп қарайықшы. Біз табиғаттың әр кезеңімен тылсым байланыс бар екенін сеземіз. Көктемде Жер-Ана оянып, тамырларға нәр жүгіріп, жасыл желек жайқала бастайды. Адам да дәл солай, сезімнің селт етіп оянып, кеудені әлдеқалай әуен кернейтін мезгілі. Байланыс бар ма? Бар. Тылсым. Ал, қытымыр қыс ше? Оның да үйретері бар. Төзімділігіңді сынайды. Жылылықтың қадірін сездіреді. Күз ше? Бұл – ырыс-несібеңді теретін сәт. Сап-сары сағыныш.

Айта берсек, шегі жоқ. Бәлкім, мазасыз пенделерден шаршаған табиғат осылай дамылдағысы келген шығар?! Осы орайда «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, Оны айтуға табиғаттың үні жоқ» деген ақынның өлең жолдары ойға оралады. Тұмса табиғат тазарып, өзінің таза кейпіне енгісі келді. Өзінен өнетін алуан түрлі өсімдіктерінің қайта көктегенін, ауасының тазарғанын қалады. Үлкен қалаларда көліктер сиреп, ауа тазара бастады. Адам аяғы сиреген жерлерде көк өсе бастады. Олар бұрын болған. Бірақ, біз оны шықпастай етіп таптап тастағанбыз.

Кейбір мемлекеттерде соңғы жылдары оралмай қалған құстар келуде, сулар тазаруда. Осылайша, аз уақытқа болса да табиғатқа қастандық азайып, Жер-Ана тепе-теңдігін сақтауда. Ендігі уақытта қауіпті індетті жеңіп, бұрынғы жайма-шуақ күндерге қайта оралғанда Жер-Ананың қадірін қашырмауды әр сәтте есте сақтаған жөн-ау…

Зина КЕРЕЙ, облыстық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button