Табиғаттың қолайсыз күні жоқ
Жақын күндері әдеттегідей жауын-шашын мөлшері көбейіп, су деңгейі көтеріліп, қала көшелері «айдын көлге» айналады. Әсіресе, жеке сектор бұрынғы кейпіне қайта түседі. Өңірлік баспасөз қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлан Ноғаев осы мәселеге қатысты пікірін білдірді.
— Жаңбыр жауып, жауын-шашын мөлшерінің көбеюі — қалыпты құбылыс. Өткен жылдардағы жағдайды ескере отырып, біз қосымша насостар, қажетті құрал-жабдықтар алып әзірлендік. Былтыр Сәтпаев көшесінде нөсерлік желіні кәріз жүйесіне қостық. Бұл жүйе жемісін берді, орталық көшеде шалшық су көп жиналған жоқ. Өкінішке орай, дренаж жүйесін кеңейте алмай отырмыз. Гидрогеолог Едіге Сабуров бұл мәселемен айналысып, оның тәжірибе жұмыстары оң нәтижесін көрсетуде. Алайда, бұдан басқа дренаж жайымен айналысатын компания жоқ. Сондықтан, жаңа құрылыс салынып, жолдар төселген кезде кәріз жүйесін де жүргіземіз. Біз су жиналатын ондаған аумақты анықтадық. Енді қала басшылығы суды тартып шығару жайын іске асыруда. Мәселеде ғылым да, өткен жылдар тәжірибесі де ескеріледі. Жалпы, жеке мүлкіне, соның ішінде баспанасының сақталуына, күтіміне иесі жауапты. Атырау халқын осыған назар аударуға шақырамын. Тұрғындар тарапынан жолдың үй деңгейінен биік салынып, су төменге ағатыны жайында көптеген арыз-шағымдар түсуде, — деген ол былтыр облыс орталығының Бас жоспары қайта жасақталғанын, енді қаланың ескі бөлігіндегі тозығы жеткен үйлерді (470 шаршы метр) бұзу жоспарланып отырғанын жеткізді.