Табиғат сақшыларына – лайықты құрмет
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күніне орай салтанатты жиын өтті. Кәсіби мереке иелері мен сала ардагерлерін облыс әкімнің орынбасары Әлібек Нәутиев құттықтады.
– Қай кезде де қоршаған ортаны қорғау, табиғаттың тазалығы мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау, бұл салада талап-ережелердің орындалуын қамтамасыз ету – басты мақсат. Бұл іске атсалысу – баршамыздың азаматтық борышымыз, — деді Әлібек Ибатоллаұлы.
Биыл осы саладағы мемлекеттік органдардың құрылғанына отыз жыл толып отыр. Соған байланысты әр кезеңде абыройлы қызмет атқарған еңбек ардагерлерінің бір тобы «Экология саласына – 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге, кәсіби мереке иелерінің бір тобына облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Бұдан бөлек, облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин жемісті қызметімен көрініп жүрген эколог-мамандарға Алғыс хат табыс етті. Оған қоса, бір топ табиғат сақшысы Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасы мен «Экология саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.
Дәулетқали АРУЕВ