Табақ тарта білеміз бе?
«Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады»
Мұхтар ӘУЕЗОВ
Бүгінде сыйлы қонағына ет асатын қазақтың қой етін мүшелеп, жіліктеуде, қай табаққа нені салу керек екенін білмей жататыны да жасырын емес. Ендеше, халқымыз етті қалай асқан? Табақты қалай тартқан?
«Шіркін, бала күнімізде жеңгелеріміз қара қазан қасында иіліп ет асатын. Буы бұрқырап, оттан жаңа түскен етті табақ-табаққа бөліп алдымызға әкеледі. Ұзын көйлек пен кеудешесін киіп, басына орамалын таққан жеңешемнің сол бейнесін кейін келін болғанда өзім де қайталадым. Ауыл үлкендері бас қоса қалса, садақа-тойларда білгендерін жастарға үйретеді. Сондықтан, табақ тарту рәсімін білмейтін келін болмайтын. Қазақтың өзіне ғана тән ерекшеліктерінің бірі болған соң, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды», — дейді қызылқоғалық еңбек ардагері Айған Дәулешова.
Біз мәселеге қатысты Қызылқоға ауданының тұрғынын бекерден-бекер сөзге тартқанымыз жоқ. Себебі, тіл тазалығы біртөбе, салт-дәстүр мен жөн-жоралғыларын әлі күнге дейін жалғастырып келе жатқан өңірдің бірі – осы Тайсойған жағы. Төрт түлікті күнелтіс көзіне айналдырған аудан тұрғындары малдың да қадірін біледі. Күз басталса «күздігін», қыста «соғымын» соятын ауыл азаматтары одан сыбаға беруді де ұмытпайды. Көрші-көлем, ағайын-туманың басын қосып әрқайсысына тиесілі кәделі сүйектерін беріп үлкен рәсім жасайды. Алыстағы құда-жекжат, қыз-күйеу тағы да басқа ағайынға арнайы бөліп, сүрлеп қояды.
Айған әжей соңғы кездері қонаққа етті турап беру әдісінің кең етек алып бара жатқанын да айтып қалды. «Бүгінде кез келген той мен садақада етті туралған күйінде әкеледі. Ал, жілік атаулыны мүлде көрмейсің. Соған байланысты қонақты сыйлау құрметінің де төмендеп бара жатқанын байқаймыз. Бәлкім, нарық қалтасын қаққан соң үнемдейтін болар. Дегенмен, әулеттің құдаларының өзіне осылай «құрмет» көрсететін үй иелеріне қарап «қарным» ашады. Сондай-ақ, алыстан ат терлетіп келген ағайынға арналған «қонақасы» деген болады. Онда келіндер арнайы дастархан әзірлеп, қазан көтереді. Сойылған малдың он екі мүшесін түгел салып қонағына ұсынады. Ал, бүгінде мұны білетіндер бірен-саран ғана», — дейді ол.
Сыйлы мейманға қазан көтеріп, ет асу, әсіресе, табақ тартудың өзі – тұнған философия. Әрі оның өзіндік тәртібі мен ретін сақтай білген жөн. Ал, оны білмеу қазақ келіндеріне сын. Үлкендеріміз «құндылығымызды жоғалтып алмайық» десе, бұл орайда жастарымыз не дер екен? Өкінішке қарай, біз жолыққан келіндеріміздің көпшілігі табақ тарту рәсімін жеткілікті білмейтін болып шықты. Бір ұнағаны, олар сол кемшіліктері үшін ұялған қылық танытты. Себебі, аты-жөндерін толықтай жарияламауды өтінді. Олардың арасында Айзада есімді жас келін табақ ұсынбақ түгілі, кәделі жіліктерді де дұрыс айта алмады. «Мен қалада өстім. Бұл мәселеде ойланып көрмеппін. Біздің отбасында етті жиі асамыз. Алайда, сіз айтқандай кәделі мүшелердің барлығы бірдей бола бермейді. Қолға түскенін асып, келген кісіге ас үйден турап, дайын күйінде апарамыз. Ол бір жағынан қонақтың сүйек ұстап қолын бүлдірмеуіне, яғни тазалыққа жақсы», — дейді бүгінгінің келіні.
Жалпы, елімізде табақ тарту рәсімінің жойыла қоймағанын айтқан белгілі өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев мұны сақтап, ұрпаққа үйрету де аса маңызды екендігін атап өтті. «Әр ағайынның өзіне арналған табағы бар. Сондықтан да, үйге келген қонаққа арнап шаңырақтың бәйбішесі сүйек таңдайды. Мұны біз қолына түскенін салды дейміз. Мәселен, баспен бірге жамбас құда сынды сыйлы қонақтарға тартылса, жауырын құдағайға, құйымшақ қызға беріледі. Сондай-ақ, ең ауыр жүкті көтеретін бел омыртқа да кез келгенге берілмейді. Тек жиендер ғана жейтін жиен омыртқа деген бар. Құйымшаққа жалғасатын малдың бұл мүшесін көбіне омыртқамен шатастырады. Кәрі жілікті үлкен адамдар жағы ұстаса, тоқпан жілік пен ұршық та сыйлы қонақтарға беріледі», — дейді. Сондай-ақ, ол аймақ тұрғындарының ет турау тәртібін біле бермейтіндерін айтып қалды. Көбіне тақтайдың үстіне қойып төрт бұрыштап турауға үйреніп алғандар, етті өткір пышақпен қиялап, жаңқалап турауды ұмытып қалған.
Өлкетанушының айтуынша, дастарханға бас тарту рәсімі Тәуке ханның тұсында пайда болған екен. Оның өзіндік тарихы да бар көрінеді. Сонымен қатар, қазақ даласындағы бас тарту жоралғысында «бас кімге ұсынылса, сол адам алады» деген қағида да бүгінде біраз өзгеріске ұшыраған. «Басты үй иесі кімге берсе, сол азамат ұстауы керек. Яғни, өзгеге жылжытуға болмайды. Бірақ, бүгінгілер қолдарын шырыштаудан қашып, басқаға қарай ысыра салатын болған»,- дейді ол.
Шыны сол, бас ұстаудың өзі өнер екенін, оның келешек жастарды баулуда тамаша бір тәрбие құралы болатынын ұмыт қалдыра беретініміз өкінішті-ақ. Үлкендердің «балаға бас ұстауға болмайды» деп тыйым салуының түп-төркінінде «бас ұстаған абзал қариялардың әлгіндегідей ғибратты сөздерін тыңдап, үлгі алсын, жаны байысын» деген ізгі ниеті жатқандығын біле де бермейміз-ау.
Қой еті жіліктенгенде 13 мүшеге бөлінеді. Олар жамбас – 2, ортан жілік –2, асықты жілік – 2, беломыртқа –1, сүбе – 2 (сүбемен бірге бүйректен жоғарғы 5 қабырға кетеді), қабырға – 2, төс – 1, омыртқа – 1, жауырын – 2, тоқпан жілік – 2, кәрі жілік – 2, бұғана – 1, мойын.
Әр өңірдің өзіне тән ерекшеліктеріне қарай табақ тарту түрлері әртүрлі болып келеді. Біз ұсынып отырған солардың бір нұсқасы ғана.
Бас табақ – жасы үлкен қарттарға, аса сыйлы қонақтарға тартылады. Оған салынатын кәделі мүшелер: бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен қазы-қарта, жал-жая.
Қос табақ – құда-құдағиларға тартылатын арнайы табақ. Оның кәделі мүшелері бас табақпен пара-пар. Оның қос табақ деп аталатын себебі, құда-құдағиға көпшілікпен бірге ұсынылған қонақасының үстіне қосымша тартылатындығы. Қос табақтың кәделі мүшесі – тоқпан жілік.
Сый табақ – құда-жекжаттық қатынасы болмаса да, ерекше сый құрметке ие адамдарға арнайы тартылатын табақ.
Жастар табағы – оның ең кәделі мүшелері – асықты жілік пен төс. Асықты жілік әдетте күйеудің жолдасына немесе қыздың жеңгесіне ұсынылады. Күйеуге төс тартылады.
Жай табаққа ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік пен қабырға омыртқа салынады.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА