Тұздыкөл туризмге сұранып тұр
Облыстық «Атырау» газетінің биылғы 23 қаңтардағы санында Атырау қаласындағы №7 емхананың дәрігері Ғазиз Есқалидың «Тұздыкөл туристік-емдік орынға айналса…» деген мақаласы жарияланды. Ойымыз бір жерден шығып, үндескендіктен, облыстық басылымға аталған мақалаға үн қосуды жөн көрдім.
Сексенінші жылдардың бас кезінде СОКП Орталық Комитетінің қаулысы шығып, барлық салалық министрліктер өздеріне қарасты өндірістік кәсіпорын-мекемелерде еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлердің денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында емдеу-сауықтыру кешендерін (профилакторий) салу жөнінде міндеттеме алған еді. Соған байланысты одақ көлемінде осындай жұмыстармен шұғылданатын «Союзгорхимпром» өндірістік бірлестігіне нақты тапсырма берілген. Сондай кешендердің бірі Индер ауданында бой көтерген болатын. Басқаларынан кейіндеу, құрылысы кештеу аяқталған 110 орындық профилакторий пайдалануға тапсырылар кезде бұл мекеме аудандық орталық аурухананың балансына беріліп кеткен. Бір өкініштісі, сол кездің уақыт талабына сай заманауи жиһаздармен, құрал-жабдықтармен, балшықпен емдеу ваннасымен жабдықталған, түрлі емдеу-сауықтыру шараларын жүргізуге бейімделген емдеу-сауықтыру орнының профилі өзгеріп, мұндағы мүліктердің бәрі талан-таражға түсті. Соның ішінде, асхана біреудің меншігіне айналып, сатылып кетті. Ең болмағанда, профилакторийдің түрлі дертке дауа болар табиғи балшықпен емдейтін бөлімшесі де халықтың игілігіне бұйырмады. Осы жағдайға байланысты 1960 жылдары есімі елге танылған хирург-рентгенолог, республикаға еңбегі сіңген білікті дәрігер Ахмет Сүндетов облыстық газетке мақала жазып, қалай дегенде де табиғаттың берген тамаша сыйы халықтың қажетіне жаратылуы керектігі жөнінде ойын білдірген-ді.
– Индер көлінің қара балшығында Кавказдағы, Сочидың суының құрамындағы күкіртті сутекпен (сероводород) бірдей минерал бар. Оның қасиеті қан тамырларын кеңітеді, сондықтан Индердегі аудандық аурухананың жанынан балшықпен емдеу бөлмесін ашу керек, — деген болатын мақала авторы. —Балшықпен емдеу кешенін көлдің жағасынан салу мәселесі құр сөз күйінде қалды. Сол себептен де емделушілер тікелей тұзды көлдің өзіне екі-үш күндеп келетін болды. Төменгі қабаттағы балшықтан түсетін «астау» қазып, жоғарыдағы күн көзіне қызынған балшықпен емделіп, ашық айдында жуынып-шайынатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әу баста «профилакторий» деп аталған төрт қабатты ғимараттың бірінші қабатын солайымен балшықпен емдеу бөлмелеріне беріп, процедураны сонда ұйымдастырып, жыл бойына жұмыс жасайтын жағдайға келтірсе, ақысы арзан, шығыны аз, ұтымды қызмет түрі болар еді.
Мақала авторының пікірінше, қазіргі таңда халыққа қажетті және өзекті болғанына қарамастан, профилакторийді қалпына келтіріп, Индердің тұзды көлін заңды түрде көптің игілігіне жаратуда қиындық-кедергілер мен түйінін тарқатар проблемалардың да кездесетіндігі жасырын емес. Біріншіден, еліміздің «Ерекше қорғалатын аймақтар туралы» Заңына сәйкес, Үкіметтің №932 (28 қыркүйек 2006 жылғы) қаулысымен республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-нарық қоры объектілерінің тізбесіне осы Индер көлі де енгізілген.
Соған байланысты, оның аумағында гидрогеологиялық режимді өзгертетін іс-әрекеттерді жасауға, жолдар, құбырлар, электр желілерін және басқа да инженерлік инфрақұрылымдар салуға, геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізіп, пайдалы қазбалар өндіруге, топырақ қабатын бүлдіруге, өзге де заңға қайшы келетін қарекеттерді жүзеге асыруға тыйым салынған. Аталған заңның 82, 83-баптарында ерекше қорғалатын табиғи аймақтар мен мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілеріне залал келтірген жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілікке тартылатындығы атап көрсетілген. Алайда, бұл талаптар қазіргі уақытта көлден тұз өндіріп жатқан «Индер Тұз» ЖШС-іне қатысты қолданылмайды. Себебі, бұл мекеме 1987 жылы заң шыққанға дейін құрылған.
Және бір дерек, аудан энциклопедиясында Индер көлі мен қалашықтың аралығы 8 шақырымды құрайды делінген. Ал, нақтысында ол 17 шақырым екен. Жайық өзенінің жағасында орнатылған су айдайтын насостың тұрған жерінен бастап есептегенде, бұл қашықтық тіпті 25 шақырымға дейін жетеді. Қатынасты жақсартып, жағдайды қалпына келтіру үшін осы екі аралыққа ауыз су мен табиғи газ желісін тартып, асфальт жол төсеу керек. Тіпті тау бағытына қарай бірнеше гектар жерге тал егілсе де артық емес.
Қайткенде де, Индердегі тұзды көлдің әлеуетін толықтай пайдаланып, елдің игілігіне жарату бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұр. Ол үшін емдеу-сауықтыру орны ретінде салынған профилакторийді кері қайтарып, мақсатты пайдаланудың амалын ойластырған абзал.
Есенияз ТӨРЕМҰРАТОВ,
Индер ауданының
Құрметті азаматы.