Жарнама
Жаңалықтар

ТҰҢҒЫШТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

 

Телекөпір барысында Елбасы аймақтарда Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 18 жаңа нысанды іске қосуға рұқсат берді. Олардың қатарында облысымыздағы «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС жүн өнімдері өндірісі де бар.

Аталған фабрика Қазақстанда тұңғыш рет іске қосылып отыр. Құрылысы өткен жылдың күзінде басталып, металл құрылғылардан салынып, тұрғызылған фабриканың жалпы құны – 2,4 млрд. теңге. Мұндағы өнім қабылдап, сақтайтын екі қойма мен жүнді жуу, бояу және тарау цехтарында заманауи үлгідегі итальяндық жабдықтарды жайғастырушы да, мамандарды оқытып, үйретушілер де – Италия елінен келген азаматтар. Кәсіпорында –  жетпіс адам жұмыс жасайды. Болашақта  фабрика жұмысшыларының санын екі есеге дейін көбейтуге мүмкіндік болатындығын айтады фабрика құрылтайшысы – белгілі кәсіпкер Әлімжан Балжігітов.

«Caspiy Lana Atyrau»  ЖШС атқарушы директоры   Назгүл Балапанқызының сөзіне қарағанда,  фабрикада жылына 100 тонна түйе жүнін және 350 тонна қой жүнін өңдеу мүмкіндігі бар. Өндірілген жүннен 400 мың метр дайын өнім шығарылатын болады.

– Біздің өнімдерге тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де сұраныс бар. Қазірдің өзінде италиялық Whiteblack Di Luca Mattia Bezzi компаниясымен фабриканың дайын өнімдерін өткізу жөнінде келісім-шарт жасалған. Фабриканың өнімдері ішкі нарықты жоғары сапалы және қолжетімді тауарлармен қамтамасыз етіп, өңірлік жеңіл өнеркәсіптің дамуына зор үлес қосады, — деді ол.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев фабриканың ашылуына рұқсат беріп, өз сөзінде осындай өндірістің өте қажет екенін атап өтті. Кәсіпорынның жұмысшы-қызметкерлерінің істеріне сәттілік тіледі. Елбасы аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовке Атырау облысында жеңіл өнеркәсіпті дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

            Бақытжан ЖҰМАТ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button