Тәуелсіздік жылдарындағы тың жобалар
(экономикалық шолу)
Мұнайлы мекенде жалпы құны 2,98 трлн. теңгелік 26 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 3480 адамды тұрақты қызметпен қамтамасыз ету көзделген. Соның ішінде Индустрияландыру картасы негізінде 2057 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 2,93 трлн. теңгелік үш ірі жоба бар. Олар:
— «КРІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газ-химиялық кешені құрылысының бірінші кезеңі;
— Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру;
— «KLPE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газ-химия кешені құрылысының екінші кезеңі.
Бұдан басқа, Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 48,9 млрд. теңгені құрайтын 23 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның нәтижесінде 1423 жаңа жұмыс орны ашылады.
Индустриялық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасы қолға алынған алғашқы 2010 жылы-ақ Атырауда жалпы құны 25,4 млрд. теңгелік бес жоба жүзеге асырылып, 464 адам тұрақты қызметпен қамтылды. Осы орайда алдымен, Елбасының қатысуымен қатарға қосылған Атырау жылу-электр орталығын кеңейтудің төр-тінші кезегін айтқан жөн. Мемлекет басшысының өзі аса маңыз берген бұл жобаның мәреге жетуі нәтижесінде аймақтың бұрынғы энергетикалық қуатына тағы да 75 МВт қосылды.
Тағы бір маңызды жоба – «Брандо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қатарға қосқан бір рет пайдаланатын инелер шығаратын зауыт. Жалпы құны 675 млн. теңгелік нысан бизнес иесі мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының бірлескен қаржысына салынды. Бұл жобаның да тұсауын Мемлекет басшысы тікелей эфир кезінде кескен-ді. Зауыт жылына 250 млн. дана ине шығара алады. Мұнда 150 жаңа жұмыс орны ашылды.
«КазТурбоРемонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәреге жеткізген жабдықтарды жөндеу және металл құрылымдарын шығару зауыты да – аймақта ғана емес, күллі Орталық Азиядағы осындай тұңғыш нысан. Ол газ турбиналарына жылына 18 күрделі және 12 ағымдағы жөндеу жүргізе алады. Жобаны жүзеге асыруға барлығы алты миллиард теңге жұмсалды.Нәтижесінде 157 жаңа жұмыс орны ашылды.
«АтырауАгроСервис» мекемесі жүзеге асырған жылыжай және көкөніс қоймасы да атыраулықтардың игілігіне айналды. Қуаты 5100 тонналық нысан Мемлекет басшысының назарына ұсынылып, оң бағасын алды.
Ал, 2011 жылы жалпы құны 8 млрд. теңгелік сегіз жоба қатарға қосылды. Нәтижесінде 823 адам тұрақты қызметпен қамтамасыз етілді. Солардың бірі – «ШевронМұнайГаз Инк» корпорациясы жүзеге асырған металл пластикалық құбырлар шығаратын зауыт. Бүгінде республикада мұндай нысандар көп. Әйтсе де, атыраулық кәсіпорынның бәрінен шоқтығы биік. Оның Астана, Алматы, Ақтау, Қызылорда, Шымкент, т.б. қалаларда дайын өнімді тұтынушыға ұсынатын дилерлік орталықтары бар.
«Рауан Налко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәреге жеткізген бұрғылау саласы үшін химиялық реагенттер даярлайтын зауыт та – аймақ үшін аса маңызды нысан. Бұл қоспалар бұған дейін сырттан жеткізілетін. Енді, міне, өзімізде дайындалады. Мұнда жылына 9700 тонна химреагент шығаруға мүмкіндік бар. жоба нәтижесінде 150 адам тұрақты қызметпен қамтылды.
«Новус Силинг Каспиан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де мұнай кәсіпшілігі жабдықтары үшін әртүрлі тығыздағыш төсемдер шығаратын кәсіпорынды қатарға қосты. Жобаның жалпы құны – 160 млн. теңге. Оның тұсаукесері Астанада өтіп, Мемлекет басшысының назарына ұсынылды. Кәсіпорын өніміне аймақтағы отандық және шетелдік компаниялар тапсырыс береді.
Сонымен қатар, 2012 жылы жалпы құны 15 млрд. теңгені құрайтын үш ірі жоба жүзеге асырылып, 280 жаңа жұмыс орны пайда болды. «КасХим» ЖШС-нің техникалық шпагат пен полипропилен қап шығаратын зауытты жаңғыртуы нәтижесінде аймақта сұранысқа ие осы өнімдер өзімізде шығарыла бастады. Жергілікті жастар қызметке тартылды. «ТеңізСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Солтүстік Каспий ден қою базасы – Қашаған кенішін игеруге қатысты өмірге келген өндіріс ошағы. Кен орнынан өнім өндіру кезінде ықтимал май төгілу бола қалса, оның айдын төсіне таралмауын қамтамасыз етеді. Соған сәйкес заманауи жабдықтармен жарақтандырылған, керекті кемелермен қамтамасыз етілген. Ал, «АтырауСауда» ЖШС-нің құс фабрикасының құрылысы – осы бағыттағы алғашқы нысан.
Одан әрі, 2013 жылы жалпы құны 10,1 млрд. теңгелік бес жоба мәреге жеткізіліп, 190 адам тұрақты қызметпен қамтылды. Мәселен, «Бірінші мамыр» ЖШС сүт және оның өнімдерін шығаратын тауарлы ферманы қатарға қосты. Өнімділігі жоғары мүйізді ірі қара алынып, жергілікті жерге бейімделді. Бүгінде шаруашылық өнімдері сауда орындарында кеңінен сатылып, жұртшылық сұранысына ие болуда. Ал, «Сарайшық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәреге жеткізген ешкі сүті мен оның өнімдері – облыс үшін үлкен жаңалық. «Эко-Техникс» ЖШС қолға алған мұнай қалдықтарын қайта өңдеу өндірісі – аймаққа аса қажетті кәсіпорын.
Сондай-ақ, 2014 жылы жалпы құны 8,2 млрд. теңгелік жеті жоба іске қосылып, 378 жаңа жұмыс орны ашылды. «ЖігерМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 6-6,5 мың метр тереңдікті еркін қазатын, жүк көтерілімі 650 тонналық ірі бұрғылау қондырғысын құрастырып, сынақтан сәтті өткізді. Сонымен қатар, мұнда жер қыртысына мұқалмайтын алмаз қашаулар дайындалуда.
«БатысАльянсСтрой» ЖШС қатарға қосқан тұрғын үй құрылысы комбинаты да – аймақ үшін аса маңызды нысан. Егер Атырауда құрылыс қарқыны жоғары екендігін ескерсек, жергілікті материалдар қажет-ақ. Ол, сайып келгенде, ғимараттың өзіндік құнын арзандатады.
«АтырауНефтеМаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісін ұйымдастырды. Үстіміздегі жылы республикалық байқауда оза шауып, «Алтын сапа» белгісіне ие болған кәсіпорын өнімдері қазір-ақ кең сұранысқа ие. «Caspian Royal Fish» компаниясы тауар-бекіре фермасын қатарға қосты. Соңғы жылдары аймақта бағалы балық қорының тым азайып кеткендігі жасырын емес. Осы орайда оны қолдан өсіруге ден қойылды. Ал, «Сағат Энерджи» кәсіпорны газ поршенді электр стансаларын тұрғызуды қолға алды. Сөйтіп, баламалы энергетикалық қуаттар шығармақ.
Енді, 2015 жылы жалпы құны 24,2 млрд. теңгеліік тоғыз жоба аяқталып, 655 жұмыс орны құрылды. «АлмалыҚұс» ЖШС құс фабрикасын тұрғызды. Сөйтіп, аймақта осы бағытта жұмыс жасайтын екінші кәсіпорын пайда болды. «ПКФ Континент Ко ЛТД» компаниясы оптикалық кабель шығаратын зауытын іске қосу арқылы аймақта осы бағыттағы тұңғыш кәсіпорынды пайдалануға берді. Енді байланыс саласына қажетті бұйымды өзіміз дайындаймыз. «Полимер Продакшн» ЖШС-нің полимерлік өнімдері өндірісі де – аймақ үшін жаңалық. Қазір оған да тапсырыс берушілер көп. «Атырау-Бөдене» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәреге жеткізген бөдене жұмыртқасын және етін шығаратын ферма өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына тың серпіліс берді. «АтырауАгроФеликс» мекемесі көкөністерді өңдеу және консервілеу өндірісін жолға қойды. Бүгінде оларды жергілікті тұтынушылар кеңінен пайдалануда. «Caspij Lana Atyrau» ЖШС іске қосқан жүн өнімдері фабрикасының келешегінен үлкен үміт күтуге болады. Мұнда түйе және қой жүндерін әбден тазалап қана қоймайды, сонымен қатар, олардан көрпе дайындайды. «АсылАгро» шаруа қожалығының ет өңдеу цехы жергілікті кәсіпкерлікті кеңейтуге жол ашты.
Ақырында, 2016 жылы жалпы құны 2,8 млрд. теңгелік жеті жоба жоспарланып, 245 жаңа жұмыс орны ашылуы көзделген. Олардың қатарында «Алмалы» құс фабрикасы мен оптикалық кабель өндірісінің қуатын арттыру, кабельдік науа мен электр қалқан, электротехникалық жабдықтар және бұрандалы қосылыстар шығаратын зауыттарды, тығыздағыш төсемдер өндірісін қатарға қосу бар.