Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«…Тәуелсіздігімізге қызмет етпесем, өлі жүргенім не, тірі жүргенім не?!»

Осы қараша айының 25-інде Астана қаласында Қазақстанның Халық Жазушысы, Еңбек Ері, көзі тірісінде әулие, абыз атанған Әбіш Кекілбайұлының жылдық асы беріледі. Ұлы тұлғамен мектеп қабырғасында көңілдері жарасып, елу екі жыл жұбайлық бақытты ғұмыр кешкен Клара КЕКІЛБАЙКЕЛІНІМЕН сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba-%d1%81%d1%8b%d1%80-%d1%81%d2%b1%d1%85%d0%b1%d0%b0%d1%82

«Алғашында мені өзіне іс-қағаздарын жазатын «писарь» етіп алды»

— Клара Жұмабайқызы, Әбіш аға бір әңгімесінде: «Мен Маңғыстауда тумасам, адам ретіндегі тағдырым басқаша қалыптасар еді»  деп тебіренген еді. Сіз, елдің бір шетіндегі Астрахан жағындағы Ганюшкин жерінен аға-жеңгеңізбен бірге,  «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» Майлықиянға қоныс аударып келдіңіздер… Алланың жазуымен сіздің тағдырыңыз аңыз жайлаған маңғаз өлкемен тығыз байланыста өрбіп келеді. Естеліктер де мол болар, әрине…

—  Иә, біз Әбішпен Үштаған ауылындағы мектепте кездестік. Сегізінші сынып оқып жүргенде, дүкенге барсам, үш жігіт, менен жоғары сынып оқушылары сияқты, «анадағы қыз ғой, анадағы қыз» деп сыртымнан сыбырлап тұрғанын естіп қалдым. Мұның алдында, жетінші сынып кезінде аудан орталығы Таушықта оқушылар фестивалі болған еді. Анам – қолы шебер кісі, ақ матадан арнайы көйлек тігіп, сыртынан қызыл кәжекейін кигізіп, әбден құлпыртып жіберген. Орысша ән салатыным бар. Сахнада көпшіліктің көзіне түскендеймін. Бұл жерде күн салқындау, өзім құралпы оқушы бозбалалардың «мына қыз тоңып қалмаса жарады» деген әзілдері құлағымда қалған.

Жиі-жиі сәті түсіп ұшыраса беретін Әбіш деген жігіт мектептің маңдайалды, белсенді оқушысы болып шықты. Комсомолдың хатшысы. Қоғамдық жұмыстардың, әртүрлі іс-шаралардың ортасында бұйра шашы желбіреп, маңдайы жарқырап көп жүреді. Сөйлеген сөздерінен, жазғандарынан көп білетіндігі, көп оқитындығы сезіліп тұрады.

Ол мені өзіне іс-қағаздарын жазатын «писарь» етіп алды. Сөйтіп, жақсы танысып, араласып кеттік. Менің бойым өте кішкентай болды. Шашым тым ұзын. Екі бұрым етіп өріп жүремін. Басыма түйіп, орап ұстай алмаймын, мойным бір жағына қисайып кетеді. Әбішті де ал-ғаш өзіне тартқан осы менің қою қара шашым болды ғой деймін. Мектеп қа-бырғасындағы екі жылда бір-бірімізге әбден бауыр басып, достасып кеттік. Мектепті бітіріп, ол Алматыға оқуға кетті. Бір жылдан кейін, мен Ақтөбедегі дәрігерлер әзірлейтін жоғары оқу орнына қабылдандым. Арамызда үшбұрыш хаттар үзілген емес. Ауылға демалысқа келгенде кездесеміз. Жастар, қатарлас достарымыз мені «Әбіштің музасы» дейтін. «Әбіштің музасы келе жатыр» деген әзіл-шыны аралас сөздерді көп естіп жүрдім.

Алпыс төртінші жылы мединститутты бітірген кезде бір күрделі жағдайға ұшырастық. Мені алыстағы Балқаш ауданына дәрігерлік жолдамамен жіберетін болды. Танымайтын жер, көңілім қаламайды. Әбіш Алматыда, газетте жұмыс жасайды. Қоңырау соғып: «ал, мен керек болсам, тезірек Ақтөбеге жеткейсің» деп хабарластым. Ол заманның заңы бойынша, некеде болсаң, қалаған жағыңа қызметке орналасуға болады екен. Әбішті асықтырғаным – осы.

— Ағамыз қапелімде қаржы таппай, қалбалақтап қалғанын достары әзілдеп айтып жүруші еді. Ұлағатты ұстазы болған қайран Зекең, Зейнолла Қабдолов қол  ұшын беріпті ғой.

— Әбіш өзі – тумысынан біреуге алақан жайып, көмек сұрап көрмеген кісі. Алдында ғана Фурманов пен Киров көшесінің қиылысқан жерінен екі бөлмелі пәтер алып, тойға әзірленіп жүргенін білетінмін. Коммунистический мен Кировтың қиылысында Зекең тұрады екен. Аралары таяқ тастам жер. Ақылшы ағасы, қамқор панасы болған ұстазына мән-жағдайды қысқаша ғана түсіндіргенге ұқсайды. Ақтөбеге барар-ға ұшаққа бір билетке, қайтарға екі билетке ақша жетіспей тұрғанын айтады. Қашаннан аузын ашса, жүрегі көрінетін, қағылез, сезімтал, Алашқа ардақты болған Зейнолла ағамыз: «Ар жағын айтпа, айналайын, түсіндім, түсіндім» деп жедел киініп, авиакассаға өзі алып келіп, ұшырып жіберген екен. Сөйтіп, бәрі сәтінен түсті. Ақтөбеде некеге тұрдық. Үшінші шілде күні арман болған Алматыға ұшып келдік.

— Осы жерде бір әңгіменің желісі ағылып тұр. «Құс қанаты» повесінде қақыра жаулықты қара кемпірдің бейнесінен Айсәуле мамамыз көз алды-мызға елестейді. Шашы жалбыраған жалғыз баланың бойдақ кезі, келін түсірген сәттері шынайы суреттелген. Кекілбай ата шаңырағындағы шаттыққа толы шадыман кезеңнің айна қатесіз ақжарма естеліктері-ай!..

— Ақтөбеден тікелей ұшатын самолет жоқ. Қостанай, Қарағанды, Балқаш арқылы ұшып таңғы сағат үште келіп түстік. Он бес шақты жігіт, араларында екі кішкентай қыз бар, біреуі – Асқар Сүлейменовтың, екіншісі – Әбіштің өз қарындасы, қазір Қызылордада тұратын Тілек. Бірінші болып, үлкен кісі келіп маңдайымнан иіскеді. Қайрат Жұмағалиевтің мамасы – Жаңыл апа. Шағын автобус жалдап келіпті. Жолшыбай аңғарғаным, барлығы бірдей бойдақ  сияқты. «Әбіш  бізден кетті енді, аса қуанатын жағдай емес» деп «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен са-йын бір тайлақ бос келеді» деген зарлы әнді біреуі бастап жіберді.

Есіктің алдында екі кісі күтіп тұрды. Өз мамамыз бен Асқардың анасы. «Келін қайсы?» деген жігерлі дауыс айдаладағы у-шуды басып жіберді. Сол кезде, жалаң аяқ, жалаң бас, өзім тым кішкентаймын, ұнадым ба, ұнамадым ба, білмедім. Қырық жыл келін болып, қас-қабағына қарадым. Айтса, тікесін айтатын, бос сөйлеген кезін көрмей, білмей кеттім. Қайратты, айбатты, омыраулы кісі еді. Біреудің сыртынан әңгіме айт-қанын да естімедім. Көп үйрендім. Қызметіме риза болып аттанды. Соңғы сәтте «Саған ризамын» деп қолымды қысты. «Әбішімді ренжітпеңдер» деген ақтық аманат сөзін де қалдырды.

 

Құнарлы естеліктер құтханасы

— Әбіш аға ең алғашқы құтты баспанасы болған, Фурманов көшесіндегі 118-үй, 7-пәтерді жиі еске түсіретін, сол бір жастық шақтың дәуренді кезеңдерін сағынып жүретінін де сезуші едік. Жиырма бес жасында мұндай қонысқа ие болу – қалам ұстаған адамның екінің бірінің пешенесіне жазылмаған бақыт қой, расында…

— Университет қабырғасында жүрген кезінде әдеби, мәдени ортаға сыйлы   болғандығы, жалы биік жақсы ағалардың назарына түскендігі осындай қам-қорлыққа жалғасқандығын айта кетейін. Біз бұл шаңырақта он жылдан артық тұрдық. Елді елең еткізген, құнарлы шығармалары осы үйде жазылды. Қайынсіңлім Тілекті ұзаттық. Алпыс бесінші жылы тұңғышымыз Әулет дү-ниеге келді. Ол бір жасқа толғанда, екі бөлмені лық толтырып, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған әде-биет майданының ардақтыларына дастархан жайып, той жасап, мәре-сәре болдық.

Әбіштің сағынышын мен жан-дүниеммен түсінемін. Бізден бұрын, достарымыздан бір ғана Қайрат Жұмағалиев пәтерлі болған екен. Қалижан Бекхожин ақсақал қамқорлық жасапты.  Жазушылар Одағы қол созым жерде. Түскі үзіліс кезінде топырлаған ақын-жазушылар қара шәйді біздің үйден ішеді. Демалыс күндері де қонақсыз болмаймыз. Мамам дәмі тілді үйіретін бәліш пісіріп, дастарханын жайнатып қояды. Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Қадыр Мырзалиев, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин… бәрі бірге жүретін. Ол кезде кім қайдан келген, батыстан ба, шығыстан ба, оңтүстік, солтүстіктен бе – ешқандай әңгіме болмайтын. Әдебиеттегі жаңалықтар, жа-зылған, жарық көрген шығармалар туралы бір бітіп болмайтын пікір-таластармен таңды-таңға ұрып, әңгіме соғатын. Әркім өз пікірін дәлелдеп, кейде тіпті қызыл кеңірдек болса да, бір-біріне өкпелеп, сырт айналып кеткен ешкімді білмейді екенмін.

— Иә, алғашқы баспананың жарқын естеліктері, шуақты оқиғалары туралы қаншалықты айтсақ та жалықтырмайтындай, бір әулеттің шежіресіне айналып кетіпті. Айсәуле мамамызға жалғызының жапырағын жаятын жан-жары, тұңғыш келіні ұнаған көрінеді, қақыра жаулықты кейуананың ой-көзімен қарағанда «керме қас, қыр мұрын, жайнақ көздің» өзі. «Кесер басына тағар мін жоқ, қасының арасы жақын, иегі сүйір, желбезегінен күн көрінеді. Бірақ, қайқы ерін, сұйық қас емес, қабағы жазық, көзі нұрлы». «Айлап, апталап, түңіліп, көк долы, аузы-басы сүйреңдеген ұрысқақ бола қоймас, кеуде орамы күйкілеу болғанымен, тік көкірек, қыпша бел». «Толарсағына жететін ұзын шашын желкесіне түйсе – «шүйкебас», қобыратып маңдайына түйсе – «шөмелебас» болып шыға келетін Клара (повесте Роза) келіннің аяғы құтты, талғамы мықты болып шықты.

(Осы жерге келгенде Клара жеңгеміз маңдайынан шып-шып тер шығып, жадырап бір күліп алды. Сыр-сұхбаттың жалғасы кең жазира даладай жайқала бастады).

— Орайы келгенде, біздің шаңырақтың мазмұнын жаңғыртқан, абыройы мен атағын асқақтатқан ардақты аналарымызды еске ала кетейінші. Әбіш 1963 жылы оқу бітірген соң күзді күні  Маң-ғыстаудан мамамды көшіріп әкеледі. Бірінші болып Қайрат Жұмағалиевтің мамасы Жаңыл апа, Жұмекеннің келін-шегі Нәсіп қарсы алыпты. «Горный гигантта» көктемге дейін пәтер жалдап тұрған. Жақын маңайға Сабырхан Асанов пен Асқар Сүлейменов көшіп келіп, бір қауым елге айнала бастапты. Фурмановтағы жаңа пәтерге қоныс аударған соң, сыйласып, араласатындардың қатары да көбейе бастаған, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жеңгесі Сағира, Жұмекеннің шешесі Мүслима, Асқардың анасы Қымбат қосылыпты. Біздер Мұқағали мен Тұманбайдың аналарының қолдарынан жас кезімізден дәм таттық. Мағзом Сүндетовтің, Әнес Сарайдың, Марал Ысқақбайдың аналары құшақтарын айқара ашып, бауырларына басатын. Ауылдарынан Оразбек, Зейнолла, Фариза, Ақұштап, Дүкенбай, Төлендердің, Сейфолла Оспанов, Қажығали, Дүйсенбектің аналары келгенде кәдімгі той-думанға, қыран-топан әңгіме мерекеге ұласып жатушы еді.

Жарықтықтардың мінездері де қызық еді. Қадыр мен Есенжолдың аналары қалаға бауыр баса алмай, ауылдарына қайтқан. Жұмекен, Әнес, Төленнің аналары ұзатылатын қыздай ибалы кісілер еді. Асқар Сүлейменовтың анасын бәрі еркелетіп «Айтоты»  дейді. Бек Тоғысбаевтың анасы ер көңілді, еркек жал кісі ретінде жадымызда қалыпты.

Жер жәннаты Алматы алтын бе-сігімізге айналды. Әбіш алыс-жақын шет елдерге іссапарларға жиі шығып жүрді. Қытай, Жапония, Араб, Еуропа елдері, Австралияға дейін барды. Қайда барса да, мамасына сыйлық алуды ұмытпайтын. Көз жауын алатын асыл маталар әкелетін. Қаланың шебер деген тігіншілеріне көйлек тіккізіп беремін. Тұңғыш шетелдік сапары 1968 жылы Дамаскіден басталған. «Мың бір түн» деп аталатын сауда орталығынан Шам қамқасын әкеліп, оны киіп, елдің аузында жүруші еді. Сәбит Мұқановтың зайыбы Мәриям апай: «Сәбең екеуміз театрға барғанда, Әбіштің анасының киім киі-сіне сүйсіне қарайтынбыз» деп жиі-жиі айтып жүретін.

— Дәурен-ай десеңізші! Алпыс бестің 31 наурызында осы Фурманов көше-сіндегі 118 — үйдің 7-пәтерінде Клара жеңгеміздің тас көкірегін иітіп, тар құрсағын жібітіп, тұңғыш перзенттері Әулет жарық дүние есігін ашыпты. Есімін қазақтың ақжарма ақыны, Түрікменстанның Красноводск шаһарынан келген Дүйсенбек Қанатбаев қойған. Екі жылдан соң қарашада Зәузәт атты қызалақ өмірге келді. Қайран Хамаң, арқалы жыр сүлейі Хамит Ерғалиев «Сәбиге ат қоятын менен ас-қан кімің бар?» деп омыраулап, қоңырау шалыпты. Жетпіс бірдің тамызында отбасының қуаныш несібесін арттырып, маңдайы жарқырап келген сәбидің есімін Сәулет деп атаған ежелгі сырлас дос Қайрат Жұмағалиевтің анасы Жаңыл апаның тілегіне тілектес қауым түгелдей жамырай құтты болсын айтты. Кенжетай ұл Дәулет Фурманов-Пастер көшелерінің қиылысындағы мұнан гөрі зәулім, кең, 44-үйдің, 20-пәтерінде шыр етіп жерге түсіпті. Бұл жетпіс бесінші жылдың тамыз айының 29-ыншы жұлдызы еді. Әбіш ағаның Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жауапты қызметке ауысқан жылы. Бұл жолғы сәбиге ат қою рәсімі немере аға Мұқыр атаның анасы, бір ғасыр ғұмыр кешкен, қазір Айсәуле мамамен бір күмбездің астында жатқан Бибіжан шешемізге бұйырыпты. Алладан тілегі солай болар, Айсәуле мама 2001 жылдың 29 қазанында дүние салса, Бибіжан ана екі жылдан соң 29 қазан күні, сағат күндізгі 11-де жүріп кеткен.

Осы бір қызығы мол, дәуренді күндер, ағамыздың есімі елге таныла бастаған, отызға толар шағында үзіліп қалғандай бір жағдай болыпты. Замандастарының айтуынша, егде тартқан анасы, шиеттей екі баласы бар жазушы азаматты, екі алпауыт мемлекет – Совет өкіметі мен Қытайдың арасында тұтанғалы жатқан ойран соғыстың ошағы Жалаңашкөлге  әскери қызметке жіберіледі деп кім ойлаған? Жастайынан топты жарып ерекше көзге түскен дарындарға қызғаныш пен көреалмаушылықтың құзғын қарғасы жанынан қалмай көлеңке сияқты еріп жүретіні де бар ғой…

— Ол кезде Әбіш  Мәдениет министрлігінде бас редактор болып қызмет атқаратын. Әскери комиссариат жиі шақырады. «Алысқа ұзап кетпеңіз» деп ескертулер жасайды. Серік Қирабаев, Әлия апайлармен бірге Ливан, Сирия елдеріне барып келген соң комиссариаттың бақылауы күшейе бастады. Бір күні әскер қатарына кететіні белгілі болды. Армиядағы командирлері: «Сіз сияқты жазушының бізге қажеті жоқ, инженер емессіз, техниканың тілін білмейсіз» деп таң қалатын көрінеді. Әскери қызметте де адамгершілігі жоғары басшылармен қызметтес болудың сәті түскен ғой. Бұлар Қорғаныс министрі Гречкоға хат жазады. «Одаққа белгілі «Дружба народов» журналына шығармалары жарияланып жүрген, елге белгілі жазушы, кіші лейтенант офицерді бізге қызметке жіберіпті. Көптеген кітаптары жарыққа шыққан. Қайда орналастырарымызды білмей отырмыз» деген мағынада. Министрліктен «Қазіргі қалыптасқан халықаралық жағдайда бұл мәселені шеше алмаймыз» деген жауап келеді. Сөйтіп, армияда біржола қалып қойған. Соғыс оты тұтанып жатқан Жалаңаш-көлде бір ай окопта жатады. Әскери шаруалардың бірде-біреуін ұғынбайды, мылтық ұстауды да білмейді. Күндіз окоп қазады, түнге қарай солдаттарға кино көрсетуге машықтана бастайды.

 

«Құрбанға айтар қошақан мен емеспін…»

–  Сөзіңіз аузыңызда, армиядағы аласапыран кезеңде туған Әбіш ағаның қойын дәптеріне түсіп қалған мынадай жыр жолдары бар:

«Жоқ, болмайды олардың ойлағаны,

Тым ертерек еліріп тойлағаны.

Құрбанға айтар қошақан мен емеспін,

Төгілмесе, көрсетемін бойда қаным!»

Айтса, айтқандай, екі алып держава қақтығысқа таяп қалған күндерде, жан алысып, жан беріскен үрейлі сәттермен аз кездеспеген. Құдыреті күшті Құдайекеңнің сақтауымен ажал аузынан қалай аман қалғанын Әбіш ағамыздың өзі айтып бергені бар. Командирі бір күндік іссапармен көрші әскери бөлімге жіберіпті. Бір тәуліктен кейін оралғанда, бірге қызмет атқарған бөлімше сарбаздары түгелдей жусап жатқанының үстінен шығады. Кейін белгілі болғаны, Қытай жағы жойқын күш-қуаты бар лазерлік жаңа қаруды алғаш рет қолданған екен. Қаншама азапты сәттермен жападан жалғыз бетпе-бет қалғандығы айтпаса да түсінікті.

— «Абиш Кекильбаевич! Вы родились в рубашке» деп әскери басшылардың отыз шақты сарбаздан жалғыз тірі қал-ған қазақтың қара баласына көңіл білдірген кезі ғой ол. Содан, мұны ішкі әскери қызметке Алматыға ауыстырады. Құрылыс жұмыстарына жегеді. Бұрынғы «Нархоздың» оқу ғимаратын тұрғызуға қатысады. Қызметі аяқталған соң әскери билетінің ішкі жағына тілдей қызыл қағаз жабыстырылады. Өзі мән бермей жүре беріпті. Орталық Комитетке қызметке орналасқанда, кадрлар бөліміне басшылық жасайтын әйел кісі «мына қызыл қағаз сізді тәуліктің кез  келген сәтінде Ауғанстандағы соғысқа апарып тастайтын белгі» екендігін қаперіне салыпты. Орталық комитеттегі жауапты қызмет бұл тауқыметтен құтқарған екен.

(Әбіш университет бітірмей жатып «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке орналасқан, кітаптары шыққан. Студент кезінде Жазушылар Одағының мүшесі атанған. Араға жыл аралатпай жақсы үй алған. Бақастықтар мен қастастықтардың қатар жүретіндігі қашаннан белгілі ғой. Оны Алматыдан алысқа, қырғын соғысқа жіберуге ұйымдастырып, ұйытқы болғандарды бәріміз де жақсы білетінбіз. Бірақ, кеңдігі мен кемелдігі тіс жарып, дұшпандары мен қарсыластары туралы бір сөз айтқызбай кетті. Кейін  жоғары билікке келген кезде кезінде өзіне кедергі жасап, сындырғысы, мұқатқысы келгендерге сөз жәрдемін беруден, көмек қолын созып, қолтықтарынан демеуден аянған жоқ. Ол шектен шыққан кекшілдік пен шектен шыққан қатыгездікпен сыйыса алмайтын. Осы кертартпа сойқан күштер рухани мәңгүрттікке ұрындыратынын жазудан да, айтуданда жалықпайтын. Ол тар дүниеге нұр шашатын, жолын ашатын, абыздық жолын ұстанды).

— Әбіш ағаның «Алматыда тұрып, Алатауға қарамау мүмкін бе?» деген айтулы сөздері жадымызға оралады. Алты Алашқа әйгілі болған әулеттің оңтүстік астанадағы Есентай өзеніне жақын жерде, Марков көшесінің (Бұқар жырау) қиылысы 13-үйі, 7-8-пәтерінде 16 жыл ғұмыр кешкенін білеміз. Бұл – 1982-1997 жылдары аралығында құтты қоныс болған мерейлі мекен. Осы шаңырақта сексен тоғыздың желтоқсанында елу жылдығы үш күн қатарынан тойланған. Елден келіп қатысып, мәре-сәре болып қайтқанбыз. Бірінші күні Боқай Қожыров, Хабиболла Сыдиықұлы, Ізтұрған Сариев бастаған ағайын-туыстар бас қосты. Екінші күні Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Зейнолла Қабдолов, Герольд Белгерь, т.б. аға буын жазушылар бір күн бойы алқаласты. Үшінші күні  Дулат Исабеков, Кәрібай Ахметбеков, Нұрлан Оразалин, Әшірбай Сығай, бас аяғы «сен тұр, мен атайын» дейтіндей соқтауылдай қырық шақты жігіт ентелеп жетіп, екпіндей созылып, дүбірлетіп жатты. Горбачевтың «сухой закон» болған заманы жаңғырып тұрғанымен Алматының ақын-жазушылары үшін «Сырдың суы сирақтарынан келмей» дүбірі таңға дейін созылған ғажап кеш болды. Алыс Маңғыстаудан арқыратып, ат арытып келген әнші, термеші Күріш Тасболатов біз ести қоймаған, адайдың жеті Қайқысы – Тастемір, Шолтаман, Досат, Тұрсын, Әділ, Жылкелді, Өскенбай сынды сал серілердің әндерін үш күн бойы шырқаған еді.               

Әдетте Тастемірдің «Маңғыстау» әні бірінші шырқалатын

«Тастемір – өзім атым, ағам Нұрым.

Алқада сөз сөйлемес бізден бұрын.

Адайдан шауып шыққан тұлпар едік,

Ежелгі елден қалған ескі жұрым…»

— Уа! Бәрекелді! Япырм-ай, мынау не деген ғажайып биік дауыс!

Сатырлап келіп, тұс-тұстан қол соғылады, қошемет сөз айтылады. Осы сәтте қаршыға құстай қомданған Фариза апаның саңқылдаған даусы естіледі:

— Күріш, «Босмойынды» ұмытып барасың ғой!

Әнші ағамыздың ақ маңдайы жарқырап, сұқ саусағымен қалың қабағының үстінгі жағындағы маржан моншақтарды бір сылып тастап: — «Босмойынды» айтпасам Фаризадан құтыла алмаймын ғой»,- деп естіген жанды елең еткізбей қоймайтын сыршыл әнді әуелете бастайды.

«Айта бар, барсаң сәлем Босмойынға,

Бос болса, келіп кетсін-ау, осы ойынға.

Бәтшайы белден ашық құс төсек бар,

Жатады қандай жігіт-ау, сол  қойынға…»

Әсерлі ән үзіліп барып, үздігіп аяқталады.

— Айтары жоқ, Алматыдағы соңғы құтты қонысымыз жадымызда күні бүгінгідей жаңғырығып тұр. Осы үйдің табалдырығынан келіндеріміз оң аяғымен аттады. Тұңғыш немереміз Абыл дүниеге келді. Есімін бала кезден досымыз Сайын Назарбекұлы қойды. Сәулетті осы шаңырақта ұзаттық.

Тек қана қазақ елінен емес, дүние-нің түкпір-түкпірінен, Америка Құрама Штаттарынан, Еуропа мемлекеттерінен – Венгриядан, Польшадан, Болгариядан, Италиядан, Эстониядан, жақын шет елдерден келген әдебиетшілер мен саясаткерлер төрімізге шығып, дастарханымыздан дәм татты. Сол игі жақсылардың қатарында Шыңғыс Айтматов, Аман Төлеев, Төлеміс Өкеев, Болат Шамшиев, Леонард Кошут, Рольф Шредер, Кредина Лихтенфельд, Владимир Проскурин, Владимир Лагутин, Евгений Сидоров, Лев Аннинский, Илеза Чертнер, тағы басқа танымал тұлғалар бар еді. Бұл, әрине, толық тізім емес. Мамамыз «орыстағы балам аман жүр ме?» деп Аман Төлеевті сұрап қоятын.

1994 жылы Әбіш Жоғары Кеңестің төрағалығына сайланды. Екі жылдан кейін Мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындалды. Тоқсан жетінің қараша айында Елбасы бастаған ұлы көшпен Ақмолаға келдік. Жаңа жылды Президент отбасымен «Қараөткел» мейрамханасында қарсы алдық. Жаңа ордада қыруар жұмыстар басталды. Мемлекеттік хатшы лауазымын тәуелсіздік тағдыры үшін шын мәнінде күреске түсетін тарихи мүмкіндік деп шын ықылас, пейілімен құшырлана атқарды. «Тәуелсіз-дігімізге қызмет етпесем, өлі жүргенім не, тірі жүргенім не?!» деп бұрыннан да айтудан жалықпайтын. Ерте кетеді, кеш келеді, бірде қуанып, балаша мәз-мәйрам болып оралса, кейде қуарып, қатты шаршап қайтады. Бітпейтін, не қоймайтын қызметке жегілгенін отбасымызбен терең түсінеміз. Қас-қабағына қараймыз. Мамамыз қара баласының жанарына үңіле қарап, жан дүниесін айна-қатесіз түсініп отырады. Көркем дүниелер жазуды мүлдем қойып кетті десе  болғандай. Уақыты, мұршасы жоқ. Замана мен тәуелсіздік, өткеннің сабақтары, келешектің міндеттері туралы ой-толғамдары біржолата қалт еткізбей көсемсөзге отырғызды. Көп жазды,  баспа бетіне де көбірек шықты. Ел алдында да, Елбасы алдына да көп баяндамалар жасады. Тарихи сөздерін сөйледі. Астана жарқырап, еңсесін көтерген әсем қалаға айналған сайын жаны рахаттанатын. Ел өміріндегі әрбір жақсы нышанға, жанға жайлы хабарларға сүйсіне қарап, жадырап отыратын. 2002  жылдың ақпан айында Мемлекеттік хатшы қызметінен қол үзіп, сенаторлыққа тағайындалды. Бұл мамамыз дүниеден өткеннен кейін үш айдан кейін болған оқиға еді.

 

Халықшыл ұстанымынан айныған емес

— Сырт қарағанда, бәлкім, Мемлекеттік хатшы қызметі  мәртебелі, биік лауазым болғанымен, ішкі қайшылықтары, арпалыс-қалтарыстары өте көп қызмет сияқты. Әбіш ағаның тоқсан сегізінші жылы қойын дәптеріне түскен мына бір жыр жолдарына үңіліп көріңізші.

«Шалқыған кеше төре, бүгін ғаріп,

Жүр дей ме мына заман тілімді алып.

Сыртымнан сыпсыңдайды сыншы ағайын,

Онсыз да тұр жүрегім сығымдалып.

 

Барады сығымдалып ет-жүрегім,

Бұл құлақ не сұмдықты естімедің?

Таң ертең жазық жатса қас-қабағым,

Жабыңқы жауар бұлттай кешке реңім.

 

Күйініп күлдей болып келем үйге,

Ұғатын бір пенде жоқ мен не күйде.

Өкпені өсекке орап бұрқыратып,

Өлеуреу де өнер ме,япыр-ай, бұл не?».

— Қайсыбірін айта берейін, айтуға бола бермейтін жағдайлар да баршылық қой. Тәуелсіздігіміздің іргетасының берік болуына бүкіл ақыл болмысымен, қайрат жігерімен, білім, парасатымен аянбай қызмет жасағандардың қай-қайсысына да, Елбасы мен оның серіктеріне де оңайға түспегендігі талас тудырмайды. Әбіш қаншама қиыншылықтар көрсе де, қарсыластарының тасыр ниеттерін бастан кешірсе де қабағын шытпай кетті. Ешкімге ренішін, өкпесін білдірмеді. Барлығын да ішіне сыйдырды. Төрдегі басы төменге түсіп көрген жоқ. Ешкімнен ешнәрсе дәметкен жоқ. Ол баяғыда балаларының қай мектепте оқитынын білмейтін еді. Замандастары жапа-тармағай саяжай алып, қабат-қабат коттедждер тұрғызып, әйдік көліктерге құмартып жатқанда бірде-біріне елең етпеді. Көпшіліктің арасында жүре берейік, көппен бірге болайық. Халықпен бірдей жүрейік деген ұстанымынан айныған жоқ.

— Ұлы ойшыл, тұғырлы тұлға денсаулығының нашарлап жүргенін, әрине, жақсы біліп жүрді. Он үшінші жылғы Әулеттің қазасы жүрегін қатты жаралап кетті. Соңғы кезде жүрек-қан айналымы тым нашарлап кеткенін бір оңаша әңгімеде сыр қылып айтқаны бар еді. Жамағат ұлы тұлғадан аманат-қа өсиет сөздер қалды ма деп сұрағыштайды. Ақтық сапарға  сіздің көз алдыңызда аттанып бара жатты-ау…

— «Жасымыз жетпістен асты, кемелімізге келдік. Қаратөбенің басы да көлбеңдеп, көз алдымызда жатқандай. Ертеңгі күні олай-бұлай болып кетіп жатсақ не істейміз? Мына кітаптарды қайда қоямыз? Қайда барып жатамыз?» деп орайы келгенде қиыла сұрап жүретінім бар еді. Ол кісі ашылып әңгіме айтпайтын. Сұрақтарым жауапсыз қалатын. «Болған кезде көрерміз» деп қысқа ғана қайыратын. Содан, өткен жылдың 10 желтоқсанында түн ортасында ләм-мим сөзге келместен, бір ауыз тілге келмей, жүріп кете берді ғой. Сол күні күндіз генерал Мұхтар Алтынбаевтың жетпіс жылдық салтанатынан көңілді келген. Біраз демалып, теледидар қарап, реңінен бір жаманаттың ұшығы да білінбей, төсегіне жата бергенде… кенеттен демі қысылып, ықылық ата бастады. «Жедел жәрдем» келгенше үзіліп кетті. Немерем Абылға хабар беріп үлгердім. Ол да жедел жетті, жарығым. Отырып алып, жақын туыс, дос- жолдастарға хабар бере бастады.

— Ертеңіне сәскеде Президент көңіл айтуға келгенін білеміз. Маңғыстаудан жеткен бауырлар ағамыздың сүйегін елге алып кетеміз деп тастүйін бекініп келген. Елбасының алдында әңгіме  басқаша сипат ала бастады. Оның мән-жайын білгісі келетіндер әлі күнге көпшілік көрінеді. Бұл да тарихи ше-жіре ғой.

— Президент келердің алдында ақылшы ағамыз Мырзатай Жолдасбековпен кеңестім. Ұлттық Пантеонға жерлеу мәселесі сөз болса, өзімнің уәжімді айтқым келді. Әбіш Пантеонда қалса, ертеңгі күні мені туыстарымыз Маңғыстауға алып кетіп жатса қалай болады деген мағынада. Алла Тағаланың зәулім шырағы көңіліме ой салғанына осы күнге дейін қуанамын. Мырзекең сөз нәрін зерделеген шешен кісі ғой, тігісін жатқызып түсіндірді. Біз Президентпен құрдаспыз ғой, талай-талай жақсы күндерді, мерейлі мерекелерді бірге өткіздік. Сыйлас болдық. Мен Нұрсұлтан деп есімімен атайтын едім.  «Нұрсұлтан-ау, алпыс жыл Әбішімнің жанында жүріп, жылы сумен аяғын жуып едім, ақырында екеуміз екі жақта қалсақ қалай болды?» деп назарын аудардым.

Көпті көрген, емеурінінен жаныңды түсінетін сұңғыла саясаткер емес пе? Мейірлене тыңдап, біраз үнсіз отырды да, жымия күліп: «Клара, сіздің әлі көрер қызығыңыз көп алда. Ол жаққа әзірге асыға қоймаңыз, менің досым да ешнәрсе бүлдіре қоймас, — деп әзілге бұра бастады. Дегенмен, сіз айтқан мәселе толық шешіледі» — деп көмекшілеріне көз тастады.

— Тірі кезінде  замандастары ұлы ойшылдығын, ғұлама даналығын, қажымас қайраткерлігін мойындаған тұғырлы тұлғаның отбасы, ошақ қасындағы бір сәтін еске түсіріңізші.

— Кейде сәбидей аңғырт, жас баладай ақкөңіл мінезі сезіліп қоятын. Табан астынан бұрқ-сарқ ашуланып, мінез көрсетіп, қолын сілтеп, ашуланып қалушы еді. Мұндайда үндемей орнымнан тұрамын да, басқа бөлмеге кетіп қаламын. Асханаға барып, өз шаруаммен шұғылдана бастаймын. Біраздан соң сабасына түсіп, қасыма жақындап: «сен әлі өкпелеп жүрсің бе?» деп маңдайымнан сүйетін.

— Қазақ қоғамы, ұлт руханияты абызсыз өткен бір жылдың жүзі болыпты. Еске алатын естеліктер, өткеннен белгі болған оқиғалар, ой-тілектер жалғасын табары сөзсіз. Үлкен әулеттің шырағын сөндірмей отырған өзіңізге, ұрпағыңызға амандық, саулық тілейміз. Бөліскен сырларыңыз үшін алғыс айтамыз!

Сұхбатты жүргізген:

Жұмабек МҰҚАНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button