Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

ТӘУБЕ (Новелла)

Тас түнек. Айналаны қараңғылық билеп алған. Түк көрінер емес. Тырс еткен дыбыс болсашы. Өлі тыныштық. Бір білетіні, әйтеуір, бұл орманның ішінде келе жатыр. Онысын анда-санда беті-қолын жырып етіп жатқан ағаштың бұталарынан байқайды. Түпсіз қараңғылық тереңге тартып бара жатқандай ма, қалай? Бара-бара бойын біртүрлі қорқыныш сезімі билеп алды.

i

Алға қарай адымдаған сайын бір ауырлық денесін басып барады. Бірақ,  «қалайда жетуім керек» деп, іштей бекінген Әділ алға қарай жүре берді. Жүрісі өнер емес. Өзі де әбден шаршаған. «Қайда барамын? Не үшін барамын? Не ғып жүрмін?» деген сұрақтарды өз-өзіне қойған Әділ еш нәрсені еске түсіре алар емес. Миллион ине миына қадалғандай мәңгіріп келеді… Әйтеуір, алқымынан ала түскен бір мазасыздық бар…

Өз ойымен өзі болып келе жатқан Әділ оқыстан оңбай құлады. Шалқасынан түскен жігіт көк тасқа басын қатты соқса керек, әйтеуір, солқылдатып алып барады. Тұруға ұмтылды. Тұра алар емес. Жандәрменділікпен қайта-қайта алға ұмтылады. Бірақ, белгісіз қара күш мұны кері итеріп жатқандай…

«Біткен жерім осы болар» деп, іштей иманын үйіре бергені сол еді… Кенет, о ғажап… Қайдан пайда болғаны белгісіз, мұны жып-жылы таныс бейне демей кетті. Орнынан тұрғызып, «айналайын-ай, қатты қиналдың-ау» деп, бәйек болып жатыр. Майдай дауыс жанына жағып барады. Сөйтсе, анасы екен. «Шырағым, көзіңді ашшы, ояна ғой» деген анасының дауысы зіл батпандай басып бара жатқан денесіндегі ауырлықты бір жола алып тастағандай әсер етті. Көзін әрең ашты. Екі әлемнің ортасында қалғандай беймаза күй кешкен жігіт қара терге түсіп жатыр екен…

Айнала әппақ. Түсініксіз аппараттан көзін тесіп жіберердей жарық түсіп тұр. Енді түсінді. Әділ ауруханада жатыр екен. «Есін жиды! Құлыным менің!» деп, анасы мұны құшақтап жатыр. Байғұс ананың көзінен моншақтап төгілген жас мұның да жүзін жуып кетті…

Санаулы секундтарға созылған осы бір керемет сәтті ішке дабырлай енген дәрігерлер бөліп жіберді. «Апасы, шыға тұрыңыз. Науқасты қарауымыз керек. Сәл сабыр сақтаңыз» деген бас хирург Аман анасының шығуын күтпестен Әділді қарай бастады.

Сәбира ананың жүрегі атқақтап барады. Қуаныш па, басқа ма, әйтеуір, түсініксіз күй кешіп келеді. «Бүгін есін жимаса, жасанды тыныс алу аппаратын ажыратамыз» деген дәрігерлер сөзінен соң, екіұдай күй кешкен туыстары да жан сақтау бөлімі есігінің алдынан Сәбира ананы топтанып күтіп тұрған еді. «Қалай? Тыныштық па? Не болып кетті өзі?» деген сұрақтар үсті-үстіне қойылып жатыр. «Құлыным есін жиды» деген ана жақын тұрған орындыққа келіп, отыра кетті. «Шүкір» дейді ішінен. «Дұға-тілектерім қабыл болған екен. Аллаға мың шүкір» деп іштей күбірлеп отырған ананың ойын Аман дәрігер бөлді.

«Апа, бастысы ұлыңыз есін жиды. Жарақатының ауырлығынан, әрі бір айдан бері ес-түссіз жатқандықтан, өткен өмірінің кейбір сәттері есінде сақталмауы да мүмкін. Кешенді ем алса, жүре-бара жады қалпына келеді. Қауіп сейілді. Бірақ, ұлыңыз өмір бойы мүгедек арбасына таңылып қалуы мүмкін» деген дәрігердің одан арғы сөзін Сәбира ана естіген жоқ. Көзі қарауытып, құлап бара жатты…

Арада бір ай өтті. Арбаға таңылған баласын саябақта серуендетіп Сәбира ана келе жатыр. Әртүрлі әңгімелер айтып, ұлының көңілін көтеріп келеді. «Сен әлі-ақ аяғыңнан тік тұрып, чемпион боласың» деген ана тілегінің қабыл боларына Әділ де сенгісі келді. Тек осыдан екі ай бұрынғы жағдай жанын жегідей жеп барады. Анасының сақтандырғанына құлақ аспастан жолға бекер шыққан екен ғой… Әттең…

Қар аралас жаңбыр жауып, соңы көк тайғаққа ұласты. Сонда да жол талғамайтын әйдік көлігіне сенген Әділ жүйткіп келе жатты. Басқа көлік көрінбегендіктен, таудың тар жолымен көтерілсе де, жылдамдықты азайтпады. Ойламаған жерден бұған қарсы көлік шыға келді. Жүргізушінің рульді толық басқара алмай отырғаны олай бір, былай бір тайып келе жатқан жеңіл көліктің дөңгелегінен-ақ көрініп тұр. «Бұған соғылсам, оңбаймын-ау» деп ойын жиғанша болған жоқ, көлігін бұрып үлгермеген Әділ құздан аударылып түсті. Одан арғысы есінде жоқ…

Сол сапар үшін Әділ әлі күнге өкінеді. Сары уайымға салынған құлынының өкінішін ана жүрек сезбейді емес, сезеді, әрине. Күнде таңғысын жалаң аяғын топыраққа бастыртады. Одан қалды ұлын дәрігерлік курстарға, жаттығу залына әкеледі. Жан тыныштығы үшін  рухани кітаптарды да көптеп әкелетін болып жүр. Үнсіз ұғынысқан ана мен баланың беймаза күндері жалғасып жатты.

Таң атқанша кірпік ілмей шығуды Сәбира ана әдетке айналдырғалы қашан?! Бес уақыт намазға жығылған сайын  құлыны үшін дұға тілейтін. «Осы балам аяғынан тұрып кетсе, арманым болмас еді» деп іштей күрсініп жататын Сәбира  о дүниелік болып кеткен жұбайын да соңғы кездері жиі есіне алып жүр. «Менің орнымда болса, ол қайтер еді?» деген сұраққа жауап іздеп, әрлі-берлі дөңбекшіп жатқанда таң да атады. Осындай аласұрған күндердің бірінде оның ойын оқыстан шыққан ұлының дауысы бөліп жіберді. «Анашым! Бері келіңізші!» деген дауыс тым қатты шықты. Ұлының бөлмесіне қарай құстай ұшқан Сәбира ана өз көзіне өзі сенбеді. Төрт айға жуық уақыттан бері сұлқ жатқан ұлы аяғын қозғалтыңқырағандай ма, қалай? «Аяғыма жан біте бастаған сияқты. Бір өзгерісті сеземін» деген Әділі анасын құшақтай алды.

Арада екі жыл өте шықты. «Алға!» «Алға!» деп қиқу салған жанкүйерлердің дауысы онсыз да акустикасы нашар залды жаңғырықпен көміп тастады. «Суға жүзу бәсекесінде бақ сынасып жатқандардың қай-қайсысы да осал емес. Олимпиадаға әлемдік деңгейдегі спорт оғыландары көптеп жиналған» деген комментатордың сөзін «уралаған» жанкүйерлердің дауысы бөліп жіберді.

«Жарайсың, Әділ!», «Әділ – чемпион!», «Әділ – біздің чемпионымыз!»

Жүрегі жарылардай қуанған Сәбира ана «тәубе!» деп күбірлей берді. Көз алдында қайта өмірге келген құлыншағының алғашқы жеңісін осы бір ғажап сөзбен қарсы алған ана жалғыз ұлына қарай құстай ұшып бара жатты…

Баян Жанұзақова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button