Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Төрткүл дүние көз тіккен

Бүкіл дүниежүзінің назарын Қазақстан өзіне аударғанына төрт-бес жылдай болды. 2017 жылы Қазақстанда ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме болады деп, Қазақстанның астанасы Астанада өтеді деп бүкіл шартарапқа таратып, дүниежүзінің БАҚ-өкілдері жарыса жазып жатты. Қазақ елі бірнеше жыл патшалық Ресейдің одан кейін Кеңес Одағында бодандықта болып, жеке танылмай шартараптың картасында айқындалып, бөлініп белгіленбеген де еді. Бүкіл төрткүл дүниеге тегістей түгел танылып, барыс-келіс болып,  өз алдына егеменді ел болып дүниежүзі мемлекеттеріне танылғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше халықаралық ұйымдарға мүше болғаны, беделінің жоғары бола түсуі — соның айғағы.

8788

10 маусым күні ЕХРО-2017 ашылу салтанатына бірнеше елдер қатысуы және көрмеге келушілер арқылы қазақ елі тағы бір қырынан танымал болды. Елім, жерім деп сүйсінген халқымның жүрегіне қуаныш кернегені белгілі. Әр кез осы бір алып құрылыстың тұрғызылуын әрбір қазақстандықтар жеді қадағалап отырғанын айтпасада болар еді. Бірақ, япырмай еліміз бүкіл әлем жұрты қадағалап отырған құрылыс сәтті аяқталғанын тілеп, ондағы жұмыстарды абыроймен алып шықса екен деген әрбір қазақстандықтардың тілеулестігі басым болғаны анық. Елімізді бүкіл дүниежүзіне танытқан осы бір халықаралық көрмесі басталғалы әрбір қазақстандықтардың барып көруге деген құштарлығы күннен-күнге артты десе болады. Қоғамдық ұйымдарда, мекемелерде басқада, осы елде жұмыс жасап жатқан компанияның жұмысшылары және жеке азаматтары, оқушы балалар, студент жастар, түрлі ұжымдар көрмеге баруға ұйымдастырылды. Осындай ұйымдастыру шарасы «Теңізшевройл» ЖШС Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің өтінішіне орай, 44 ардагермен олардың денсаулығын бақылайтын бір медицина қызметкерінің ЕХРО-ға барып келуіне демеушілік жасауды ұйғарған екен. Демеушілікке ұйытқы болған кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Артығалиев Рзабек Дәуітұлы. Сондай-ақ, үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің кеңесшісі Қайырғалиева Светлана болатын. Осы сапарды ұйымдастырудағы атқарылған жұмыстарын арнайы атап өте отырып, аталған азаматтарға, көрмеге барып келуді ұйымдастырғандарға алдын-ала ардагерлер атынан зор алғысымызды жолдаймыз.

Бұған қосымша Жылыой ауданының 17 ардагеріне, Индер ауданынан 9 адамнан құрылған «Ару-Ана» әжелер ансамблі, жетекшісі Бақытжан Жаимова, баянда ойнаушы Балғаным Бақтиярова, сондай-ақ, жеке орындаушы және ансамбль мүшелері Маншук Басарова, Бақыт Габдуллина, Роза Гилманова, Дамели Доскалиева, Сағида Машанова, Қатимаш Хамидуллина, Роза Хаятова, бірі құрылысшы, бірі дәрігер, мәдениет саласының қызметкерлеріне Астанаға көрме сапарына демеушілік жасалды. Оларды Атырау әуежайында 27 тамыз күні түнгі ұшу уақыты түнгі 02:30 сағат болғанына қарамастан, ТШО қызметкері Мейрамгүл Нұрғалиева Атырау облысының түкпір-түкпірінен келген ардагелерді әуежайда қарсы алып, оларға сәтті сапар тілеп, тіркеуден өтуін қадағалап, шығарып салды.

Ал, Астанада таңғы сағат 5:30-да Теңізшевройлдың Астанадағы өкілдігінің маманы Бахытгүл Халел күтіп алды. Үш күн бойына біздің қасымызда табылып, қажетті жерінде ескерткішке суретке, сондай-ақ, «Хабар» телеарнасына видеоға түсіріп, бар жағдайымызды жасаумен болды.

Арадагерлердің бәріде бес жұлдызды, қала орталығындағы «Рамада Плаза» қонақ үйіне орналастырды. Кәсіпорын біз үшін қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін білетін Абылай, Алтын атты жолсерік көрсетушілер (гид) шығарған екен. Екеуі де өте кішіпейіл, біздің бар жағдайымызды жасай отырып, аралаған жерлерімізді жетік таныстырып, түсіндіріп отырды. Әр елдің көрмелеріне барғанда ағылшын тілі арқылы олармен сөйлесіп, біздерге аудармашылық қызметтер арқылы әрбір елдің салт-дәстүрін, жер ерекшеліктерін қандайда болмасын көрмеге қойылған немесе әсерленген бейнелерді түсіндіруде мінсіз жұмыс атқарды.

Алғашқы іссапарымыз Астана әуежайын тамашалаудан басталды десек те болады. Қазіргі талапқа сай салынған әуежайдың еліміздің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев атымен аталуы Елбасшымыздың ерен еңбегіне деген құрметі айқындалып тұрғандай. Салтанатты сәулет құрылысымен ондағы қызмет көрсету үлгілері бір-бірімен үндесіп тұрғандай әсер берді. Жолай әуежайдан қонақ үйге барғанша қаланың сәулетті бой көтерген  құрылыстарын және онда орналасқан мекемелермен түрлі нысандарды көріп,барынша оларды таныстырып мағлұматтар берді. Қонақ үйге орналасып болғаннан кейін алғашқы  Сұлтан Қазірет мешітіне  сапар шектік, мешіт құрылысы 2012 жылы Ел- басымыз Нұрсұлтан  Назарбаевтың бастамасымен Түркия мемлекеті салған екен. Құрылыс негізінен ақ мрамордан көмкеріліп іші-сырты салынса, іштегі бағаналармен қабырғаларда ақ мрамордан қашалып жасалған түрлі құран аяттары ойылып жазылған. Бұл құрылыс орта Азияда соңғы кезде салынған көрнекті мешіттердің көшін бастап тұр десек те  болады. Мешіт ішінде арнайы құран бағышталап оқылғаннан кейін біздің барған топ мешіт ішінде дамылдадық. Келесі сапарымыз «Бәйтерек»-тен басталды, осы көрнекті құрылысты тамашалап басына шыққанда Елбасымыздың Ақордасы,  Парламент, Үкімет үйі, басқада ғимараттар бір-бірімен үндесіп тұрғандай әсер қалдырады.

87

Топ жетекшіміз Максим Елеуов жан-жаққа тамсана қарап — бұл зәулім сәулетті ғимараттар тұрғызылып жатқан қала Астанамызды «көрген де арман, көрмеген де арман» демекші,  көзбен көргенге не жетсін, мұнда қанша еңбек, батыл шешімдер жатыр десеңші! Бұл қала — болашақ ұрпағымыздың мақтанышы,  арман қаласы болып қалады — дегені баршамыздың осы бір таңданыс үстіндегі ой толғамымызды дөп басып айтқандай болды. Сапарымызды одан әрі «Ханшатыры», Астаналық музей және басқада сәулетті құрылыстармен жалғастырдық. Сол күні кешке Есіл өзенінде  кемемен серуенге шығып түнгі Астананың көрінісін өзен үстімен жүзіп кешіп, өтіп тамашалағанда   алған әсерімізді айтып тауысу мүмкін емес. Осы серуен кезінде бейне басқа елде жүргендей сезіндік.

Кеңес одағының кезінде шет елге туристік сапармен шыққанда басқа елдің жетістігіне таңданып, сәулетті құрылыстарын, тұрмыс жағдайын мақтап, мадақтап елге келгенде айтуға тыйым салатын еді. Астана құрылысын еліміздің ішінде емес шартарапқа  қалай мақтасақ та, бізге тыйым салатын ешкім жоқ деп, Сағадат Ғазизовтың айтуы мұң екен, бізбен сапарлас болып келе жатқан Атырау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов: «Бүгінгі күні көріп біліп отырғандарымызды делегацияның әр мүшесі елге барғаннан кейін өз отбасыларыңнан бастап қандай ортада болмасын, қонақтықтарда, жиын-тойларда, түрлі кездесу-мәжілістерде әр адаммен жеке сұхбаттарыңызда осы көрген-білгендеріңізді еліміздің жетістіктерін айшықты түрде жеткізуіміз керек.

Біразыңыз шет елдерде болып жүрсіздер. «Туған елге туыңды тік» демекші, біздің күннен-күнге өсіп келе жатқан Астананың келбетімен және тамаша таңғажайып көрнекті жетістіктерімізді паш етіп айтып отырумен қатар, еліміздің әр қолжеткен жетістігін айтып, Отанын, елін ұрпақтарымызға шексіз сүюге, сайып келгенде, отаншылдыққа тәрбиелеуіміз керек» дегенде сапарлас болып келе жатқан топ мүшелері түгелдей дұрыс айтасыз, бұл біздің ақсақалдар алқасының негізгі борышы болмақ деп қоштап отырды.

Сапарымыздың екінші күні түгелдей дерлік ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінен бастадық. Күнде теледидардан, газет беттерінен көріп жүрген қазақстандық «Нұрәлем» көрмесін көрудің өзі бір ғанибет болды. Биіктігі сегіз қатарлы үймен тең, ені де соған жақын үлкен шар (сфера) тәріздес алыпты араладық. Үстіндегі сегізінші қабатқа көтерілгіш лифтімен шығып, Астанамызды тамашаладық. Қала көркіне  қарасаң, көңілің тояр емес екен. Бұл ғажап қала Сахараның төсінде тез арада бой көтеруі қазақ елінің қол жеткен тамаша табысы дерлік деп, ұзақ жылдар ауылшаруашылығының ардагерлері: Ұзаққали Қабышев, Қадірбек Сыдихов,  музыка саласының майталман маманы: Ғазиз Қарабупин, ардагер ұстаз, бірнеше жыл мектеп ұжымын басқарған қарабаулық: Тұрсын Сисенғалиев, индерлік құрылысшы: Қатимаш Хамидуллина тағы да басқа топ мүшелері таңғалыстарын айтумен болды.  Атырау жерінде шексіз жазық дархан даланың төсінде  еркін өмір сүрген, қазақша айтсақ, құс самғайтын биіктіктен көріп тамашалауда көз жететін көріністі қызықтаумен болдық. Қала ішіндегі көшелерде отырғызылған талдар әлі жас болса да қала көркін әсемдей түскендей.

Қала сыртындағы қоршай отырғызған орман алқабы біршама бой көтеріп қаланы шаң-тозаңнан қорғап тұрған жасыл желектерді көргенде,  Атырау облысының орман, аң шаруашылығының көп жылдар басқарма бастығы, Атырау балық қорғау басқармасының басшысы және Махамбет ауданының Заурал совхозының директоры болған ардагер Махмуд Кургенов қолдан отырғызылған түрлі жасыл желектердің осы климатқа жерсініп өсіп шыққанына және оған осы жұмыста қанша еңбек, тер төгілгеніне орман шаруашылығының маман ретінде қатты риза болып, осыларды өсірудегі түрлі айла- тәсілдерді айта келіп, біздерге өз іс-тәжірбисін біршама түсінікті қылып айтып бергенімен, бұл азамат біздің есімізде қалды. Көрменің негізгі мақсаты баламалы энергия  көзін насихаттау екені белгілі. Қай елдің павильонына барсаңда,  осы тұрғыда, әр ел өздері өнер тапқыштарының жетістіктерін көрсетіп, энергия көздерін өндіретін механизимдерді паш етуге  тырысқан.

Сегіз қатар «Нұрәлем» павильонын аралағанда бүкіл қазақ елін, жерін көз алдыңа әкеледі екенсің! Нешебір таңғажайып көріністерді көріп, ортасында жүргендей сезінесің! Ғасырлар бойы қазақ елі өсіп өркендеуін, тарихын, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін көрмеден көріп отырып мал  қамы үшін көшпелі өмір сүрді деген тіркестен бас тартқандай боласың! Қазақстанның әр жерінен «Алтын адам» табылуы, көне тарихы қала құрылыстарынан бізге жеткен ғимараттар мен қатар қазба жұмыстары арқылы қала құрылыстарының инженерлік жүйесін көргенде, сол бір кездің озық мәдениетін көргендей болдық. Халықаралық көрмені аралап жүргенде бұл көрме біздің болашағымызға жөн сілтейтін бағдаршамдай ісер етті. Оның себебі жерімізде қаншама байлық болса да, әр кеніштің қорының таусылар шегі бар, қазір жұмыс жасап тұрған мұнай, газ, көмір бір күндері таусылып адамзат мұқтаж болары анық.

87888

Қазір өзіміз көріп отырғандай аймағымыздағы кейбір мұнай кеніштерінің мұнай көздері сарқылып, жабылып жатқандарын, ондағы тұрғылықты халықтарды қалаға, басқада елді мекендерге көшіріп жатқандарын сөздеріне тиек етті.

Кеңес дәуіріндегі БЛКЖО сьез делегаты, «Еңбектегі Ерлігі», «Ерен Еңбегі үшін» медальдарының иегері «ЖылойМұнайГаз» басқармасының «Тереңөзек» кен орынында қырық жылдың үстінде мұнай өндіруші оператор болған ардагер-мұнайшы Бакила Досмағамбетова, Тілекқабыл Бимұхамбетов, Жеміс Тыныштықова, білім саласының ардагерлері, тағы басқа зиялы ардагерлер қандайма қазба байлықтың таусылар кезін сөз етті.  Баламалы энергия көзін насихаттайтын көрменің Қазақстанда өтуі, біріншіден, елімізді бүкіл дүниежүзіне танылататыны өз алдына, біздің шалғай байтақ жерімізге, баламалы энергия көзінің елімізге әкелер пайдасы зор екендігін әңгімелеріне тиек етті.

Баламалы энергияны шығарудың сан тәсілдерін осы көрмені аралағанда көрдік. Айта кететін бір жайт біздің бала кезіміз Нарын құмының кіндігі Айбас құмында өтті.  Сол бір кезде ересек ағамыз бізге өзінше сиқыр көрсететін. Екі тақтайшаны өзара ысқылап қолымызды күйдірсе, шашын тарап-тарап жіберіп, жердегі уақ қағаздарды магниттелген тарағына жапсыртатын. Сынған шөлмектердің түптерін күнге ұстап, от тұтататын және ағаштарды күйдіру арқылы түрлі ою-өрнек суреттер салатын. Ол кездерде осы баламалы энергия көздерінің алғашқы сатылары екенін біздер білмеуші едік.

Табиғатты ластамайтын, күн энергиясымен жел энергиясынан, су энергиясынан алатын қуат көздерін, сондай-ақ, аккумулятор батареялары арқылы қозғалатын, жүретін ұшақтар мен машиналар, мотоцикл, тіпті велосипедтерді қай ел болмасын, өз халдерінше көрмеге әкеліп, таң-тамаша қалдырды. Аспан әлемін шарлап, бүкіл галактикамызды шарлау құбылысы өте тамаша кескінделіп көрсетілген.

Алғашқы космос кеңістігін игеруде ғалымдардың ұшан-теңіз еңбектері паш етілсе, қазіргі космановтардың әлем кеңістігін игерудегі іс-қимылдарын көргенде ,солармен бірге өзіңде ұшып жүргендей сезінесің!

MBBMW5TvPXQ

Дамыған елдердің повильонын аралағанда тамашалайтын көріністерді тауыса алмайсың! Әсіресе, Сингапур, Жапония, Малазия, Корея, Рессей және көптеген Европа елдерінің барлығы дерлік өз жетістіктерін ортаға салғандары анық байқалады. Бұл көрме қалай айтсақта, біздің елде өтуі айтулы оқиға болса, тәжірибе алмастырып ғылыми жетістіктеріміздің дамуына айрықша үлес қосары  сөзсіз. Сайып келгенде, халқымызға рухани байлық сыйлаумен қатар өмірге ұмытылмас өз өрнегі қалары сөзсіз. Көрмеге баруды  ұйымдастырушы  «Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлері өте жоғары  нәтижеде ұйымдастырғанын,  саяхатшылар өте риза болып алғыстарын білдіреді. Көрме аралау барысында түскі, кешкі тамақтану  ас мәзірін көрмеден шықпай-ақ  тамақтануды ұйымдастырды. Көрме аралаушыларға әр кез керекті сусындарды әкеліп ұсынып отырды. Осы сапарымызда үнемі бізбен  сапарлас Атырау қаласының №3 емханасының дәрігері Жасталапов Әлжан сырқат адамдарға дер кезінде көмек көрсетіп, қан қысымдарын өлшеп, мүлтіксіз қызмет жасағанына ардагерлердің зор алғысымен құрметіне бөленді. Павильон ішін аралап жүріп, Африка материгінде орналасқан елдері өздері ұсақ мемлекет бола тұрса да, павильоннан  орын алып мемлекеттің жалауларымен безендіріп, шағын  ел өз алдына отау тігіп қаз-қатар орналасқан. Әр мемлекет өздерінің тұрмыс дәрежесінен мағлұмат бере отырып, өздері әзірлеп әкелген сувенир заттардан басқа да, қолөнер бұйымдарын саудалап,  сатып жатқанын көргенде бейне бір Африка елінің базарында жүргендей сезіндік.

Біздің тобымызда Индер ауданының «Ару-Ана» әжелер ансамблі көптеген елдердің павильондарында болып концерт қойып отырды. Ансамбль жетекшісі Бахытжан Жаимова, баянда сүйемелдеуші Балғаным Бақтиярова концерттерді тамаша ұйымдастыра білді. Әр жерге барғанда барлық саяхатшы тобымыз қосылып,  ән айттық. Көрмеге келушілер және әр елден келген делегациялар ансамбльдің  мүшелері қазақы ұлттық киім киіп көрменің ішінде ән салғанда сілтідей тынып тыңдап таң қалғандықтарын біздерге аудармашымыз арқылы ризашылықтарын білдіріп жатты. Мен осы бір жағдайды пайдаланып, қазақ халқында өнерге құрмет көрсетіп ризашылығын білдіріп, сый-сияпат ұсынады деп едім, ансамбль мүшелеріне білезік , төсбелгі (значок), сыбызғы, түрлі әшекей заттарды беріп өте үлкен ілтипат белгісін көрсетіп мәз-мәйрам болды. Біздің әнші тобымыз әр павильонға барар жолда баян мен сүйемелдеп Шәмші Қалдаяқовтың, Ескендр Хасанғалиевтың әндерін шырқағанымызда көрмеге келушілер би билеп, қол соғып тамашалап ілесіп отырды. Америка, Жапония, Батыс елдердің меймандары риза болғандары соншалық әншілерге  тағы бір ән айтуларын қалап, біздің топ мүшелерін биге шақырып, қимастықпен қоштасқандары олардың біздің жайма-шуақ әндерімізге тәнті болғанына қайтерсің! Жылыойдан келген Бакила Досмағамбетова, Санзия Ербөлекова,  осы ауданның Құрметті азаматы, білім ардагері, жолдасы Мұрат Арпиев  мұнайшы, Тұрсын Бекшойынова,Төлеш Нигметов, Қуандық Сатмағамбетов, Тынышпай Мусеев, Жексенғали Имаш тағы да басқалар әнге қосылып шырқағанда әдейілеп ұйымдастырған хор екен  дегендей көрініс болды.

Екі күнге созылған Астана  қаласында болып жатқан ЕХРО-2017 көрмесін көруге арналған қысқа болса да саяхат межесіне жетті. Көрмеден қайтқанда Жылыой ауданынының ардагерлерін аудан әкімінің орынбасары  Нураден Өмірбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы   Тілеген Қадиров, ішкі саясат бөлім бастығы Айтқали  Идрисов  т. б адамдар  құрметпен қарсы алып, қошеметтерін көрсетті. Сондай-ақ, біздерді де әуежайда  Атырауда шығарып салған топ мүшелері қарсы алды. Көп нәрсені көріп, ойымызға тоқып, өзіміз рухани жаңарып, үлкен  ризашылық сезіммен кеудемізді қуаныш  кернеп Астанамызбен әзірге қош айтысып, қайтып оралып келгенше сәулетті құрылыс сұлулана берсін-дедік!

Арман қала Астана Қазақстанның астанасы гүлдей жайнап, көркейіп  өсе бер! Еліміз тыныш, бейбіт өмір қазақ жерінде салтанат құрып, қазақ елі мәңгі жасасын деп қимастықпен қош айтысып, аттандық. Ауылға жүрерде қазақи әдетпен ТШО ұсынған ескерткіш сувениріне де рахмет айтамыз.

Бектенов Мұрат,

Қазақстан Жураналистер одағының мүшесі,

Исатай ауданы.

 

Қ. Ризуанов:

Егер қорытып айтатын болсақ, жергілікті әкімдіктердің қолдауы арқасында, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне облысымыздағы белсенді ардагерлеріміздің есебінен 20-30 адамдық 13 топ ұйымдасқан түрде барып келді. Ол 350 дей адам. Одан басқа түрлі салалардан, әр ұжымнан шығарылған топтар ішінде өз зейнеткерлері де жеткілікті, яғни бұл сан екі-үш есе артады деп отырмыз. Оның есебі көрме аяқталғасын шығарылмақ. Барлығына көрме бастамас бұрын әкім тарапынан осындай тапсырма берілген.

Әрине, әр топ өзінше жинақталды, республикалық, облыстық, аудандық газеттерде бұл сапарлар жөнінде тағылымдық бірнеше материалдар жарық көрді. Ал осы ең соңғы 50 адамдық топтың ерекшелігі – көрмеге «құр алақан бармайық» деп бір жақсы деген «Әжелер ансамблін» ала кеткенбіз, онымыздыдың өте дұрыс болғандығы жөнінде осы мақалада айтылады.

Жіберген кемшілігімізді де жасыра алмаймыз. Мәселен, келісілген мерзімге қонақүйден, не сапар кезінде дүкеннен шықпай көпшілікті аздап босқа күттіріп қою, немесе бір белгілі ардагеріміз, «сырттағы дайындалған профилакториге бармаймын, қонақүй бер, мен редактормын, жазамын,  ГАЗЕЛЬдеріңе мінбеймін, давлением бар, жеңіл машина беріңдер, дәрігер беріңдер» деп өзің өзгеден жоғары ұстап, бәйек болып жүрген қарсы алушыларға қаламымен орынсыз қыр көрсететін  жағдайлар кездесті. Шынын да біз, ешкімге де ЭКСПО-ға бару жөнінде жалынғанымыз жоқ, зорлай алмайтыңымыз да белгілі, тек ұсыныс жасалды, яғни, әркім өзі үшін барып еді. Жалпы, барлық демеушілерге, қарсы алып қызмет көрсетушілерге облыстық кеңес бек риза екендігін айтуым керек.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button