Тәртіпті сақтау тәрбиемен ұштассын
Апта ішінде Қарабатан тұсында жол апаты орын алып, екі адам оқиға орнында көз жұмды. Бір масқарасы, сол жерден өтіп бара жатқан «жедел жәрдем» көлігі жағдайды көріп тұрып, тоқтамастан кетіп қалған. Осы оқиғаға куәгер болған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «шалажансар жүргізушіге сол сәтте көмек көрсетілсе, бәлкім ол тірі қалар ма еді» деп, кәсіби міндеттен бұрын, адамгершіліктен аттап кеткен «жедел жәрдемді» сынға алды. Анығы сол, енді ондағы дәрігерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалатын болды. Облыс әкімі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында телефон террористері, бейнекамералар, жергілікті полиция жұмысын жетілдіру мәселелері қаралды.
Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Аян Дүйсенбаев терроризм туралы жалған хабар таратушыларға қылмыстық жазаның күшейтілгенін мәлімдеді. «Бұдан былай, лаңкестік туралы жалған хабар таратушылардың ісі ауыр қылмыстың санатына жатқызылады. Олар бұрынғыдай төрт жыл емес, алты жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Өткен жылы мұндай үш дерек тіркелген болса, ағымдағы жылдың сегіз айында осындай екі факті орын алды. Бір іс қылмыстық құрам болмағандықтан қысқартылды» деді ол. Осы мәселеге пікірін білдірген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев «ақпарат жалған болған күннің өзінде, дабылға байланысты барлық мемлекеттік құрылым көтеріледі. Қаржы шығыны болады. Сондықтан, азаматтар бәрібір іс-әрекетіне жауап беруі керек» деп, түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, бұл іске БАҚ-ты пайдалануды тапсырды.
Атырау қаласы бойынша 583 бейнекамера орнатылған болса, оның 96-сы істен шығып тұр. Атырау қаласының әкімі Серік Шапкеновтің айтуынша, камералардың мүшкіл жағдайы облыстық құрылыс басқармасы, «Қазақтелеком» мен мердігер компания арасындағы проблемаға байланысты шешілмей тұр. «Яғни, іс жүзінде 266 ғана камера жұмыс істесе, оның 90 пайызы түнгі мезгілді түсірмейді. Және көптеген камерадағы ленталар сақталмайды» деді ол. Талдау нәтижелері, қылмыстық оқиғалар мен құқықбұзушылық жиі орын алатын жерлерде камераның жұмыс істемейтінін көрсеткен. Мәселен, халықаралық әуежай бағытындағы, «Тамаша» ойын-сауық орталығы және жағажай маңындағы камералар істен шыққан.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, кейбір облыс орталықтарында 80, 150 камераға дейін болса, Атырау ең көп камера орнатылған қала екен. Демек, оны ұқсата алмасақ, кінәні өзімізден іздеуіміз керек. «Кезінде «қауіпсіз аула» бағдарламасы болды. Онда әр подъезге кіріп-шыққан адам камераға түсіріліп отыратын. Осындай сақтық шараларын қайта жандандыру керек» деген ол, тиісті орындарға камералар проблемасын шұғыл шешуді тапсырды.
Облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция бастығының орынбасары Мұрат Демегенов көшедегі қылмыстардың өткен жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға төмендегенін хабарлады. «Өткен жылы 286 жол көлік оқиғасы тіркеліп, есепті мерзімде 199 факті орын алды. Алкогольдік жағдайда жауапкершілікке тартылғандар 10 мыңға жуық» деген ол жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұрғанын айтты.
Жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құқық қорғау органдарының жұмысын ширатумен бірге, идеологиялық, тәрбие жұмыстарын күшейтуді де тапсырды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.