Тәртіп бұзушыға – жаза қатаң
Алдын алу ақсап тұр
Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мәди Такиев мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу бағытында жасалған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, күні бүгінде аталған департаментте 571 қызметкер еңбек етуде. Мамандар арасында жемқорлық фактілерінің жолын кесу мақсатында 2014 жылы ішкі қауіпсіздік қызметі бөлімі құрылған. Бұл бөлімде былтыр сотқа дейінгі тергеудің тоғыз дерегі тіркелген. Сот үкімімен алтауы сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін айыпты деп танылған.
— Сондай-ақ, қауіпсіздік бөлімі 38 қызметтік тергеу жүргізіп, 37 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылы аға тергеуші қызметінен босатылған. Қоғам дертіне айналған жемқорлықтың алдын алу шаралары жүйелі түрде жалғасын таба бермек, — деді Мәди Төкешұлы.
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов сотқа дейінгі тергеу дерегінің тіркелуі алдын алу шараларының нәтижесіздігін байқататынын атап айтты. «Бір жылдың ішінде бір департаментте осынша істің болуы қалай? Бұл мемлекеттік қызметшіге тән қылық емес» деді Т.Жұмағұлов.
Сыйақы неге заңсыз берілген?
Қаражат орынсыз жұмсалмауы тиіс. Заңсыз төленген сыйақының да сұрауы болатынын ұмытпаған абзал. Дегенмен, Исатай ауданындағы ауылдық округ әкіміне қатысты тәртіптік іс былайша өрбіген. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында белсенді еңбек еткені үшін ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісіне сыйақы беріледі. Алайда оған «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаның қолданылғаны назарға алынбайды. Ал, заңдылыққа сәйкес, «қызметкерге, оның алынбаған жазасы болған кезде сыйлық берілмейді». Аудандық прокуратура тексеріс кезінде осындай олқылықтың бетін ашқан.
Заңсыз төленген сыйақы қаржысы бюджетке кері қайтарылған. «Қызметкерді ынталандыру мақсатында сыйақы бердік. Қателігімді мойындаймын» деген ауылдық округ әкіміне кеңес мүшелері заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын қатаң ескертті. Оған «қызметіне толық сәйкес емес» деген жаза қолданылды. Мұндай заңсыз әрекет тағы қайталанса лауазымынан босатылуы ықтимал.
«Өтініш аяқсыз қалмауы тиіс»
Тұрғындардың өтінішін аяқсыз қалдырмау – жергілікті атқарушы билікке жүктелетін міндеттің бірі. Алайда, Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Ақсай ауылдық округі әкімдігінде бұл жұмысты ұйымдастыруда өрескел заң бұзушылық анықталып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Мәлік Кариев баяндама жасады. Оның айтуына қарағанда, биыл арыз иесі Ақсай ауылдық округі әкімдігіне үй құжаттарын жеке меншікке өткізуге құжат тапсырмақ болған. Алайда, әкімдік қызметкерлері алдымен басқа мекемеден келісім-шарт керектігін айтқан. Келесі жолы оған өтінішті округ әкімінің өзі қабылдайды деген жауап қайтарған. Дегенмен, арызданушының деректері тексеру кезінде расталып отыр. Нәтижесінде ауылдық округ әкіміне «қызметіне толық сәйкес емес», ал, оның орынбасарына «лауазымынан төмендету» жазалары қолданылды.
Кеңес қорытындысында Тоқтамыс Қадошұлы жұмысты ұйымдастыруда кеткен қателік кешірілмейтінін атап айтты. «Өкінішке орай, мемлекеттік қызметшіге қойылар талап күшейгенімен, өрескел кемшіліктер әлі де жетіп артылады. Өтінішпен келген жанның арызын қабылдамаудың өзі заңға қайшы. Алдағы уақытта бұл үшін қызметінен босатуға дейінгі жаза қолдануға тура келеді» деді ол.
Айбөпе Сабырова