Жарнама
Жаңалықтар

Жанармай және мұнай

Мұнай мен оның өнімі – егіз ұғым. Біріншісі шикізат ретінде саналса, екіншісі содан алынатын – дайын тауар. Қазақстан «қара алтыны» мол мемлекеттер қатарында болғанымен, бензин мен дизель отынына деген ішкі сұраныс қанағаттандырылмай отыр. Жанармай құны да тұрақтамай, тұтынушылардың төзімін тауысты. Мұның себебі не, салдары қандай? Қолымыздағы дәйектер мен деректерді таразылап, соларды сабақтап көрелікші.

ро

Елбасының тиісті сала басшылығына реніш білдіргеніндей, республикада төртінші зауыт тұрғызу туралы әңгіме бұрын да қозғалған. Тіпті тәуелсіздігіміз табалдырықтан аттаған тұста Маңғыстау даласынан осындай нысан салу бастамасы көтеріліпті. Сөйтіп, 1992 жылы оны жобалауға әлемнің бірнеше озық компаниясы тартылып, ақыры басымдық жапондықтарға берілген. Олар ұсынған жобада Бозашы мұнайын 92,5 пайызға дейін тереңдете өңдеу, оның құрамынан кейбір сирек кездесетін бағалы қоспаларды бөлу көзделген. Жүзеге асса, тамаша жетістік болары кәміл еді. Оның үстіне, қазыналы түбектің «қара алтыны» ауыр, тұтқырлығы жоғары. Сондықтан, шикі күйінде сыртқа шығарғанда сапасына сын айтылады. Әрі, экспорт талабына жеткізу біраз шығынды қажет етеді. Ендеше, шетелдіктер жоғары технологиясымен озық әдісін ұсынып отырғанда, пайдаланып қалған жөнді.

Алайда, сол кездің экономикалық қиындықтары кері әсер етті ме, әлде инвесторлармен икемді іс тындыратын тетіктер табылмады ма, әйтеуір, бастама сол күйінде қалып қойды. Бүгінде маңғыстаулықтар осы ұсынысты қайтадан қозғап отыр. Оның үстіне, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, төртінші зауыт салынатын орын әлі нақты анықталған жоқ. Ара-тұра Ақтөбе аталғанымен, республиканың орталық өңірі де ойға оралады. Ал, өнімнің өзіндік құны өсіп кетпеуі үшін шикізаттың оны өндіретін жерге жақын орналасқаны жөн. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген ғой. Кезінде Павлодар мен Шымкенттегі зауыттар Ресей мұнайына есептеліп салынған. Демек, өңделетін мұнай сырттан жеткізіледі. Ал, «кісідегінің кілті аспанда» десек, көршінің шикізатты керекті көлемде беретініне, құнының қолжетімділігіне күмән бар.

Сол жылдары Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде салынуы тиіс зауыттың бастапқы жұмыстары да жасалған. Асфальт төселген, теңіз суын жеткізетін құбыр тартылған, өзге де инженерлік құрылымдар қолға алынған. Қысқасы, құрылысты әрі қарай жалғастырып кетуге мүмкіндік бар. Әйтсе де, әрине, барлық мәселе биылғы екінші жартыжылдықта анықталады. Сол кезде төртінші зауыттың қайда тұрғызылатыны ресми мәлімделеді.

Әлі есімізде, республикада төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі әңгіме сонау уақытта Атырауда өткен алқалы мәжілісте де айтылды. Елбасы оны 2013 және 2014 жылдары да қозғады. Тіпті салалық министрлік басшылары жаңа ғимараттың іргетасын 2016 жылы қалап, 2019 жылы пайдалануға беретіндігін де айтқан. Қазір атын атап қажеті де болмас, бірақ, еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінің тізгінін сол кезде ұстаған мықтылар мұның қажет еместігін дәлелдеп шықты. Орынсыз шығын санаған. Рас, ол кезде республикадағы зауыттарды жаңғырту шаралары басталып кеткен-ді. Оған мемлекет кепілдігімен шетелден қыруар қарыз алынды. Мүмкін шенеуніктер сол шақта қосымша қаржыны көпсінген шығар.

Әйтсе де, оның бер жағында әлемдегі қымбатшылық үдей түспесе, басылған жоқ. Дүниежүзілік дағдарыс алпауыт мемлекеттерді де тығырыққа тіреген. Азулы елдердің бір-біріне санкция жариялауы жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. «Қара алтын» құны күткендегідей деңгейге көтерілмей отыр. Қазіргі есеп бойынша, жаңа нысан тұрғызу үшін кем дегенде екі миллиард доллар шамасында қаражат қажет. Турасын айту керек, мұндай қомақты қаржы бізде жоқ. Бүгінгі беймәлім заманда барымызды бір зауытқа жұмсап, ертең алақан жайып қалуға әсте болмайды. Осы орайда инвестиция салар сенімді серік кім? Қытайға құшақ ашамыз ба? Әлде жапондар жайлы ма? Мұхиттың ар жағындағы американдықтар не айтады? Немесе бұл шара іргедегі ресейліктермен реттеле ме? Төртінші зауыт салу жөнінде түбегейлі шешім қабылданып, оның нақты орны аталғанымен, қаржыландыру мәселесі төңірегінде біраз тер төгуге тура келеді.

Сонымен, төртінші зауыт тығырықтан шығар жалғыз жол ма? Ресейде ірілерін айтпағанда жарты мыңға жуық мұнай өңдейтін шағын кәсіпорындар бар екен. Көршіміздің біраз қажеттілігі солар арқылы да өтеліп отыр. Инфрақұрылымы тартылған, шикізатпен қамтамасыз етілген. Демек, тұрақты жұмыс жасайды. Бізде мұндай нысандар саусақпен ғана санарлық. Соның өзінде қызметін әрең атқарып жүр. Мәселен, жақында Ақтөбедегі осындай кәсіпорын жағдайының мүшкілдігін айтып, дабыл қақты. Өйткені, өнім өндіруге мүмкіндік жоқ. Ахуалды сауықтыруға бағытталған шұғыл шара алынбаса, кәсіпорын тоқтайды, жұмысшылар қысқарады. Республикадағы өзге де осындай шағын өндіріс ошақтары күнделікті күйбеңнен аса алмайды. Олардан еліміздің жанармай нарығын жандандыруға үлес қосуды талап ету әлі ерте. Мемлекетке масыл болмай, өз күнін көрсе, соған да шүкір. Міне, сайып келгенде, төртінші зауыттың қажеттігі осында.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жақында зауыттарды жөндеуге тоқтату мерзімі екі есе қысқаратындығын мәлімдеді. Бұған олардың тың технологиямен толығып, жаңартылғаны себеп. Оның үстіне, сала басшысы келесі жылдан бастап жанармайға  деген ішкі сұраныс республикадағы үш зауыттың күшімен-ақ қамтамасыз етілетіндігін айтып отыр. Ендеше, төртіншісі неге қажет?

Бұл жерде, біріншіден, «сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы ескерген жөн. Сыртпен қарым-қатынас ешқашан жойылмайды. Көршіден бір зат алсаң, орнына екіншісін бересің. Әйтсе де, сол нәрсенің өзіңде де болғаны жөн.

Екіншіден, экспортқа мұнайды шикізат ретінде жөнелтпей, одан өнім дайындап өткізсек, құны да көтеріледі. Норвегия «қара алтынды» қайта өңдеп, сыртқа шығару арқылы байлыққа белшесінен батып отыр. Елімізде өндіруші бағыттан өңдеуші салаға қадам жасалып жатқаны да сондықтан.

Үшіншіден, жанармай жеткіліктілігі – мемлекеттің қауіпсіздігі. Сын сағатында бензин болмай, керосин жанбай, күллі техника кідіріске ұшыраса, не күйге түсер едік?

Төртіншіден, жұртқа жалтақтамай, барымызды берекетті тұтынғанымыз дұрыс. Сонау жылы шикі мұнайымызды келісіммен шетелге шығарып, кері жанармай алғанбыз. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, бұл да – амалсыздықтан барған шара. Бесіншіден, бәсекелестік туындайды. Мұнай өңдеушілердің нарығына тыңнан тағы бір ойыншы қосылады. Ол саудада өз бағасын ұсынады. Демек, жаңа нысанның қажеттілігі осындай себептермен-ақ өздігінен сұранып тұр.

Материал дайындалып жатқанда Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ресейден темір жолмен жеткізілетін бензинге үш ай мерзімге мораторий жариялауды ұсынды. Бұған көршімізде жанармай бағасының тағы қымбаттауы себеп. Қазақстан жағы мұндай бастамасымен Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше басқа елдерді де құлағдар етпекші. Зауыттарымыз қайта жарақтандырылып, өндіріс қуаты артқанымен, әлі де жанармайға деген ішкі қажеттіліктің он пайызы солтүстік көршіміз арқылы өтелетіндігін ескерсек, бұл – қауіпті қадам. Елбасының төртінші зауытқа қатысты мәселені сөзбұйдаға салмай, шұғыл шешуді тапсыруы да содан. Ал, оның бағасына қатысты әңгіме алда айтылады.

Меңдібай Сүмесінов

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button