Тұрмыстың деңгейі құрылыстан көрінеді
Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов есеп берді Өңірлік коммуника-циялар қызметінде аймақтағы құрылыс, сәулет, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тағы басқа салалардың жұмысы хақында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Әдиетұлы ШӘКІМОВ баспасөз-конференциясын өткізді.
Жергілікті атқарушы билік өкілінің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында облыста 184,1 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс-тырғанда 113,1 пайызды құрайды. Биыл 2107 пәтерлік көп қабатты 63 үйдің құрылысы басталып, 1537 пәтерлік 52 үйдің кілттері өз иелерін таппақшы. — Өздеріңіз білесіздер, осыдан үш жыл бұрын Нұрсая ықшамауданының орны бос жатқан жер болған. Бірер жылда зәулім ғимараттар бой көтеріп, шағын аудан-ға айналды. Көп қабатты 27 үй бой көтерді, енді екі үйдің құрылысы басталмақ. 280 орынға негізделген балабақша бар. Оған қоса, 320 орындық тағы бір балабақшаның және 624 орындық мектептің құрылысы жүруде. Биыл бұл нысандар аяқталуы тиіс. Енді Ескі контейнер бағытындағы сегіз гектар жерге Береке ықшамауданының құрылысын бастағалы отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аталмыш ықшамауданның инфрақұрылымдық жүйелеріне бес миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ең алдымен, алты үйдің құрылысын бастаймыз. Жалпы жаңа ықшамауданда 16 көп қабатты үй салу жоспарлануда, алғашқы алтауы келер жылы тұрғындар игілігіне берілмек. Сонымен қатар, оның қасына тоғыз гектар жерге тағы бір ықшамаудан құрылысын бастауды жөн көріп отырмыз, — деді аймақ басшысының орынбасары Тимуржан Әдиетұлы.
Брифинг барысында аудандарда салына бастаған тұрғын үйлер жайлы да сөз қозғалды. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағытта жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
— Аудан орталықтарында 60 пәтерлік үш қабатты тұрғын үйлер салуды қолға алу игі бастамамыздың бірі болды, — деді ол. — Индерде — 2, Құлсарыда — 5, Аққыстау мен Ганюшкинде осындай бір үй салынды. Енді Махамбет, Индер, Аққыстау, Доссор, Мақат және Ганюшкин селоларында осындай жұмыстар жалғасуда. Қызылқоға ауданы тұрғындары да баспана игілігіне қол жеткізеді. Сонымен қатар, ауылдық амбулатория дәрігерлеріне алты үй берілмек.
Аймақ басшысының орынбасары ағымдағы жылы Атырау қаласындағы теннис орталығының және екі денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің де құрылысын аяқтау жоспарлан-ғанын айтты. Жыл аяғына дейін облыстағы елді мекендердің 78 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілетінін хабарлады.
— Биыл облыс орталығы бойынша 450 жер учаскесі бөлінді, жыл соңына дейін тағы 2300 учаске беріледі. Алайда, осы арқылы біз 1998-2003 жылдар аралығында жерге берілген арыздар мәселесін ғана шешкелі отырмыз. Ал, бүгінгі таңда жерге сұраныс білдірген 73 мыңдай тұрғын кезекте тұр, — деді Тимуржан Әдиетұлы. Облыс басшысының орынбасары баяндамасынан соң журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
— Жаңадан бой көтергелі тұрған Береке ықшамауданында тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандардың құрылысы бастала ма? Әлде кейінге жоспарланып отыр ма?
— Жоғарыда атап өткенімдей, 16 көп пәтерлі тұрғын үй салынады. Сонымен қатар, балабақша құрылысы басталады. Жолдың арғы бетінде қарама-қарсы бағытта жуырда пайдалануға берілетін, ауысымына 100 емделушіні қабылдайтын емхана бар. Жобалық құжаттарын дайындағанда міндетті түрде мектеп пен балабақша салуды қарастыратын боламыз. Оған қоса, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында дүкен, сауда орындарына да орын бөлінеді.
— Салынып жатқан теннис кортының құрылысы халықаралық стандартқа сай жүріп жатыр ма?
— Иә, әуежайға барар тұста салынып жатқан бұл нысанды біз ағымдағы жылдың тамыз айында тапсыруды жоспарлап отырмыз. ҚР теннис федерациясынан арнайы мамандар келіп, құрылыстың жүру сапасын үнемі тексеріп отырады. Әр миллиметрді өлшейді, ені, биіктігі халықаралық стандартқа сай болуын жіті бақылайды. Өйткені, ашылғаннан кейін бұл нысанда халықаралық деңгейдегі ауқымды шаралар ұйымдастырылмақшы.
— Атырауда Мемлекеттік Ту тұғырының құрылысы қашан басталады?
— «Іскер» компаниясы ғимараты жанындағы алаңда Ту тұғырының құрылысын бастау жұмыстары биыл қолға алынады. Мемлекеттік рәміздің биіктігі тоқсан бір метр болады. Ол қаладағы ең биік нүкте ретінде белгіленбек.
— Махамбет ауданында құрылысы жүріп жатқан көпір қашан пайдалануға беріледі?
— Бұл көпір — елімізде ең жоғары технология бойынша салынып жатқан алғашқы нысан. Өзеннің екі бетіндегі жолдарды есептегенде жобаның жалпы ұзындығы тоғыз шақырымға созылады. Мұндай әдемі көпір еліміздің еш жерінде жоқ. Алғашында бізге көпірдің үш нұсқасы ұсынылған, арасынан қазіргі нұсқаны таңдадық. Мұнда ең озық техниканы пайдаланып отырмыз. Құрылыс жұмыстары өте күрделі болғандықтан, нысанды жоспар бойынша келесі жылдың басында тапсырмақпыз.
— Бұл көпір, негізінен, Еуропаға, соның ішінде, Ресейге шығуға негізделгендіктен, халықаралық маңызға ие нысан болып отыр. Енді Махамбет ауданындағы Таңдай ауылынан Аққыстауға тіке өтетін жолдың құрылысы қашан басталады?
— Бұл жолда әзірге тек жай жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, құрылысын бастауға мүмкіндік болмай отыр.
— Нұрсаяда энергиямен жабдықтау мәселесі өзекті болып тұр. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
— Шын мәнінде, ықшамауданды жарықпен қамту мәселесінде проблема бар. Қуат жетіспейді. НСОС компаниясы бірер жыл бұрын желілерді жүргізген болатын. Өткен жылдың күзінде біз желіні қосқымыз келген, алайда, тексеру барысында бес жерде олқылық бар екені анықталды. Қазір бұл мәселе шешілуде.
— «Жас отау» бағдарламасы бойынша Атырауда өткен жылы 90 пәтер берілді, ал, биыл 120 отбасы баспаналы болмақ. Енді осы үйлерге баратын жолдың мәселесі шешіле ме?
— Бұл — біздің бақылауымыздағы мәселе. Осы бағытта облыс басшысы қала әкіміне бұл жердегі жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауды тапсырды.
— Атырау облысы қаншалықты газбен қамтылды?
— Облыстың 132 елді мекені табиғи газбен қамтылған. Бұл 79 пайызды көрсетеді.
— Азғыр жобасы биыл біте ме?
— Алдағы бір-екі ай ішінде НСОС компаниясы арқылы Құрманғазы ауданының Азғыр аймағында газ желісінің құрылысы басталмақшы. Бұл мәселе толық шешіліп тұр.
— Атырауда жер асты суы көтеріліп кетті. Сол себепті, үйлердің іргетасының сапалы қалануына қаншалықты көңіл бөлінеді? Қандай қауіпсіздік шаралары қолға алынады?
— Мәселе жер асты суына емес, құрылыс жобасының сапалылығына байланысты. Жобалаушы мекеме, ең бастысы, кем дегенде үш мәрте геологиялық тексеру жұмыстарын жүргізуі шарт. Сапасыз нысан сапасыз жобадан келіп шығады.
— Атырау-Астрахан тас жолын жөндеу жұмыстары қолға алынып жатыр ма?
— «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ақтөбе-Атырау-Астрахан бағытында тас жол құрылысының жобасы өткен жылы басталды. Мақат пен Сағыздың ортасындағы 98 шақырым жол құрылысының жобасы дайын тұр. Қазіргі таңда он шақырым жол салынып жатыр.
— Нұрсаяда бой көтеріп жатқан техникалық гимназия құрылысы қашан аяқталады?
— Нұрсаяда 624 орынға негізделіп салынып жатқан техникалық гимназия жоспар бойынша келер жылдың наурыз айында ашылуы тиіс, алайда, биыл бітіруге жұмыстанудамыз.
— Қарабау-Миялы тасжолының мәселесі қалай шешілуде?
— Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз бағытындағы жол 2011 жылдан бері салынып жатыр. Соның ішінде, Сағыз–Миялы арасындағы 114 шақырым жол салынып бітті. Енді Миялы– Қарабау тас жолының құрылысы жүруде. Жыл сайын республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп отыр. Ағымдағы жылы бөлінген бір миллиард теңге тиімді игерілуде. Биыл 38 шақырым жолдың құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.