Атырауда Президенттік шырша өтті (ФОТО)

854 Жаңалықтар

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорттық-мәдени кешенінде Президенттік жаңа жылдық шырша өтті. Облыстық білім беру басқармасы ұйымдастырған мерекелік шараға аймақтың әр түкпірінен келген мыңға жуық балғын қатысты. Олардың арасында балалар үйінің тәрбиеленушілері, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың бүлдіршіндері де бар.

ЕАС 854

Кеш аспаннан ақ ұлпа қар жауып тұрғандай әдемі безендірілген сахнада театрландырылған қойылыммен басталды. Ақ көрпе жамылып, мүлгіп тұрған орман көрінеді. Көрініс кейіпкерлері – Ұлпақар, Аяз ата, Аққала мен жыл иелері, би ансамбльдері барлық қатысушыларға ғажайып ертегідегідей сезім сыйлады.

ЕАС 818

Шараға жиналған оқушыларды үлкен монитор арқылы Елбасы айтулы мерекемен құттықтады. Тәуелсіздікпен бірге өркендеп, армандарының орындала беруіне тілек білдірді.

Одан әрі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бүлдіршіндерге мерекелік лебізін арнап, сөз сөйледі.

ЕАС 1133

– Бүгінгі кешке халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық сайыстардың жүлдегерлері, оқу озаттары мен спорт үздіктері, қоғамдық шара белсенділері қатысуда. Бұл жетістіктер – сіздердің талмай жасаған еңбектеріңіздің нәтижесі. Қазір мемлекет тарапынан білім алуға барлық жағдай жасалуда. Заманға сай мектептер салынып, жоғары оқу орындары жетілдірілуде. Білім беру жүйесінде әлемдік технологиялармен оқыту қарқын алды. Осының бәрін ескеріп, алдағы уақытта да өздеріңізді болашаққа дайындау жолында адал еңбек етіңіздер. Оқуға, өнерге, білімге құштарлықты арттырып, алға қойға межелерді бағындыра беріңіздер, -деді.

Ойын-сауық әсем шыршаның маңында жалғасып, балалар сан алуан көріністерді тамашалады. Әр бүлдіршін көздің жауын алатын түрлі мерекелік костюмдер киіп келген.

ЕАС 1017

ЕАС 1004

Жылыой ауданынан ат арытып жеткен Бекарыс Жұмабай есімді оқушы теңіз қарақшысы киімін таңдапты. «Менің бұған дейінгі арманым басты шыршаға қатысу еді. Оған жету үшін жыл бойы сабақты жақсы оқуға тырыстым. Болашақта теңізші болғым келеді. Жаңа жылдан тек жақсылықтар күтемін. Ендігі уақытта ит жылында Астана қаласына барып, Елорданы тамашаласам екен деген арманым бар» деді ол.

Бұл балақайдың арман-тілегін орындауға облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов қолдау көрсететінін айтып, қуантты.

Кейін кешке қатысқан әр балғынға Елбасының атынан сыйлықтар табыс етілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз