ТҰРҒЫНДАРДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаевтың қабылдауына келген азаматтардың басым көпшілігі жер, пәтер мәселелері бойынша көмек сұрады.

 

Атырау-2 ықшамауданының тұрғындарын небәрі 400 метр жол азапқа салып қойыпты. Тұрғындар тілегін тыңдаған қала әкімі Нұрлыбек Ожаев Самал, Жерұйық, Холодильник, Атырау сынды ықшамаудандардың жағдайы бақылауда тұрғанын айтты. «Қала ішінде осындай проблемалы 27 көше бар. Олардың мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын тұр» деген ол Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне қаражаттың ретіне қарай, аталған мектепке кірме жолды үстіміздегі жылы салып беруді тапсырды.

Зейнет жасындағы жеке кәсіпкер Нариман Исмаилов кәсібін кеңейту мақсатында жер сұрап келіпті. «Өзім Ақсай округіне қарасты Ақжар селосының тұрғынымын. Бюджеттік мекемелерге құрылыс саласы бойынша қызмет көрсетемін. Енді лицензия беретін құзырлы органдар қойма немесе шеберхананың болуын талап етіп отыр», – дейді ол. Бұл орайда Нұрлыбек Ожаев қалалық сәулет және құрылыс бөліміне, Геолог селолық округі әкіміне кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырып, жер бөлуді тапсырды.

Азаттық даңғылындағы 51-ші үй тұрғындары баспананың кіреберісінің төбесі құлап тұрғанын айтып, атқарушы биліктен көмек сұрады. Тұрғындар атынан келген Клавдия Хигайдың айуынша, ПИК бұл мәселені шешуде дәрменсіздік танытып отыр.

Бұл үй тұрғындардың жекеменшігінде екен. Сол себепті, қандайма қиындықтарды жоюға тұрғындардың өздері тікелей міндетті. «Бірақ, сіздер кондоминиумның көмегін пайдалана аласыздар. Ол әлеуметтік жоба арқылы мемлекеттік үйді жөндеуге кеткен қаражаттың белгілі бір бөлігін бюджет есебінен төлейді» деген Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев тұрғындарға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып өтініш жазуға кеңес берді. Бірақ, өтініш бермес бұрын тәуелсіз сарапшы үйдің жағдайын бағалауы, кейін тұрғындар жөндеумен айналысатын мердігер мекеме табуы тиіс. 

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз