Жарнама
Жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІНЕ – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

Ұзақбай Бағындықов өткен жылы да аймақ басшысының алдына келіп, екі баласы жүйке ауруымен ауыратындықтан, тұрғын жаймен немесе шағын үй салуға құрылыс материалдарымен қамтуға көмек сұрай келген болатын. Ал, осы жолы қала әкімдігінің 12х8 шаршы метр уақытша тұрақжай салуға берген құрылыс материалдары жетпейтіндігін айту үшін жеке қабылдауға келген екен.

Үлкен ұлы Арман жұмыста жүріп, басынан жарақат алса, кіші ұлы Жандәулет әскери борышын өтеу кезінде миына зақым келген. Осының салдарынан жүйке ауруына ұшыраған. Сөйтіп, «тепсе темір үзетін» жігіттер ІІ топ мүгедегі ретінде халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын осал тобына тіркелді.

Қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтың айтуынша, 6х8 шаршы метр уақытша тұрақжай салуға демеушілер арқылы іргетас астына төселетін топырақ, 1500 дана ақтас, қиыршық тас және тағы басқа құрылыс материалдары жеткізілген. Алайда, Ұзақбай Бағындықов бұл материалдар жетпейтіндігін айтады. Зейнет жасындағы ол немерелерінің саулығына алаңдаулы.

— Негізінен, кезектен тыс пәтер беру, тұрғын үй салып беру заңға қайшы. Бірақ, қиын жағдайда көмектесу үшін қала әкіміне мамыр айында тұрақжай құрылысын бастап, маусымда аяқтауды тапсырамын, — деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов.

Көп балалы ана Марфуға Ғұмароваға 2012 жылы Нұрсая мөлтек ауданынан төртінші қабаттан бір бөлмелі пәтер бөлінген екен. Ол жұбайына жуырда ота жасалғандығын айтып, пәтерін бірінші қабатқа ауыстыруды сұрады. Облыс басшысы бұл жағдайға да түсіністікпен қарап, мәселені шешуді тапсырды.

Қоғамдық қабылдауға жазылған тұрғындардың көпшілігі– апатты деп саналатын үйлердегі отбасылар. Облыс әкімі оларға пәтер заң аясында кезекпен берілетіндігін түсіндірді.

Алайда, Рая Мұқанованың жағдайы аса ауыр екен. Ол тұратын А.Құнанбаев көшесіндегі №30-а жатақхананың қабырғасы жарылып, бөлме іші сыздан көгіс тартып кеткен. Қыстың суық күндері қабырғадан жел кіріп, бөлмеде отыруға мүмкін болмайтындығын айтады.

— Бұл жатақхананың жағдайын бұған дейін комиссия мүшелері арнайы барып, көріп кеткен еді. Шынымен де, жағдай өте қиын. Аталған жатақхананың тұрғындарын көшіру тек 2018 жылға жоспарланған. Алайда, апаттың алдын алу мақсатында бұл мәселені дереу шешу керек, — деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы.

Соңғы екі жылдан бері «Қазақ соқырлар қоғамының» Атырау облыстық филиалы басшысы қызметін атқарып келген Н.Алтынбеков пен қоғам мүшелерінің арасында түсініспеушіліктер орын алып келеді. Қоғам мүшелері басшыны ауыстыру жөнінде бірнеше рет арыз жолдады. Бұл мәселеге облыс әкімі орынбасарлары да бірнеше рет араласып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, қоғам мүшелері басшыға қатысты наразылық білдіруді жалғастырып келеді. Қоғамның облыстық филиалының басқарма мүшелері аймақ басшысынан көмек сұрайды.

Бұл жөнінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тиісті органдарға тапсырма беріп, мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Махамбет ауданының тұрғыны Райхан Сатыбалдиева қуанышты хабарымен бөлісіп, облыс басшысынан тұрғын үй бөлуге көмек сұрады. Оның шаңырағында келіні дүниеге үшем әкелген екен. Бұған дейін бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. 

— Жағдайыңызды түсініп отырмын. Әрине, бала санының көбейгені жақсы. Мұндай жағдай өңірімізде көп кездесе бермейді. Алайда, дүниеге үшем әкелген аналарға пәтер беру жөнінде арнайы заң жоқ. Тапсырмама сәйкес аудандарда 60 пәтерлік тұрғын үй құрылыстары жүріп жатыр. Аудандық мәслихатта бұл мәселені талқылап, осы үйден пәтер бөлуді қарастыру керек, — деді аймақ басшысы.

     Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button