БАСТЫ МИССИЯМЫЗ – БЕКЕМ БІРЛІК

Парламент Мәжілісінің депутаттығына «Нұр Отан» партиясы 127 кандидатты ұсынды. Үміткерлердің қатарында елге белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен өнер иелері бар. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезінде Президент, саяси ұйым төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде айтып өтті. Тағы бір жаңалық – съезд барысында бас партия бес жылдық бағдарламасын  қабылдады.

Қазақстан – 50  инновациялық дамыған  елдің қатарында

Қазақстан әлемнің 50 инновациялық дамыған елінің қатарына енді. Бұл туралы хабарлаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,3 есеге өсіп, құрылыс саласында отандық өнім 72 пайыз  құрағанын атап айтты. «Инфрақұрылым саласында жалпы ұзындығы 1300 шақырым болатын Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл бағытына Қазақстанның бел ортасынан өтетін бұрын-соңды болмаған теміржол жүйесі салынды. Бетпақ даланың аймағында жұмыс орындары ашылып, халықтың жағдайы түзелді. Осының арқасында еліміздің барлық өңірлерінде тікелей теміржол байланыстары орнады. Аса ауқымды «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастады. Алты жасқа дейінгі балалардың 82 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілді. Еліміз бойынша осы уақытта 30 млн. шаршы метр тұрғын үй іске қосылды» деген Елбасы осы жетістіктердің  барлығын  бас  партияның саясатымен байланыстырды. 

Теңге  динамикасының  төмендеуі – объективті  процесс

 «Теңгені еркіне жібермей ұстап тұрсақ, мемлекет те, халық та әлдеқайда кедейленіп кетер еді» деп атап өткен Елбасы ұлттық валютаның бүгінгі жағдайына байланысты да түсінік беріп өтті. «Біз әлемнің барлық өңірінде бағаның құлдырауын байқап отырмыз. Бұл тұтастай халықаралық сауда сипатына әсерін тигізеді. Екіншіден, жалпылама алғанда, әлемдік қаржы жүйесінің құбылмалылығы дағдарысқа  үлкен әсер етіп отыр. Әлемнің көптеген валютасы орнықсыз, девальвацияға ұшырап жатыр. Бұл – ұлттық жүйелердің жаһандық экономика трендтеріне реакциясы» деген Елбасы жақында орын алған АҚШ пен Қытайдағы қор нарықтарының құлдырауы – әлемдік компанияларға 194 млрд. доллар залал келтіргенін атап өтті. «Сарапшылардың есептеуінше, өткен бес жыл ішінде адамзаттың тең жартысы 1 трлн. долларға кедейленген. Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді? Ең біріншіден, бірқатар сыртқы инвестициялық көздер жабылды. Әлемдік инвесторлар сақтана бастады. Ал, теңге динамикасының төмендеуі  бұл әлемдік экономикалық конъектурамен байланысты объективті процесс болатын», – деді партия Төрағасы. 

Мұнай бағасының өсуін күтіп отыруға болмайды

Қаржылық дағдарысқа байланысты салиқалы пікірлерді ортаға салған Президент қиындықтардан шығу жолдарын да атады.

«Мұнай бағасының өсетінін күтіп отыра беруге болмайды. Ол жақын аралықта көтерілмеуі де мүмкін. Біріншіден, жаһандық экономиканың құрылымдық өзгерісі жүріп жатыр. Бұл жаһандық өндіріске өз әсерін тигізіп, еңбек бөлінісінің жаңа сұлбасын қалыптастырып отыр. Сонымен қатар, геоэкономикалық супер циклдың аяқталуы байқалады.

Тарихқа көз жүгіртейікші. Оңтүстік Шығыс Азия дағдарысы 1997 жылы басталды. Ал, 1998 жылы әлем азиялық дағдарыстың салдарын бастан кешті. Есте болса, мұнай бағасы сол тұста барреліне 8,5 доллар болды. Сосын онжылдықтар бойы мұнай бағасы өсіп, 130 долларға дейін жетті. Бұдан кейін қайтадан онжылдықтар бойы құлдырау басталды. Бұл құлдырау күні бүгінге дейін жалғасып, ендігі күні шегіне жететін тәрізді. Сонымен қатар, біз мұнай баррелінің бағасы 30 доллар болған кезеңде жарты жыл бойы өмір сүріп келеміз. Ештеңе де болған жоқ қой. Біз бұл дағдарысты да еңсереміз, ол ұзақ болуы да мүмкін, алайда оның жақсы жақтары да жоқ емес. Біз индустриялдық саясатты жасадық» деген Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасы, қолжетімді тұрғын үй, арендалық баспана бағдарламаларының дағдарысқа қарсы негізгі шаралар екендігін атап айтты. 

97 миллион гектар жер жеңілдікпен беріледі

Экономикалық дағдарыстан шығудың негізгі жолы – аграрлық секторды дамыту екендігі белгілі. Осы ретте Президент 24 мыңнан астам субъекті  97 миллион гектар жерді жеңілдікті шарттармен меншікке сатып ала алатындығын мәлімдеді. Елбасының атап өтуінше, ауыл шаруашылығы саласында қазірдің өзінде пайдаланылмай жатқан 3 миллион гектардан астам жер айналымға енгізілген. «Кезіндегі заңдарға сәйкес адамдар жерлерді алғанымен мақсатты түрде пайдаланбады. Олар бос жатты. Біз бұл іске толығымен ревизия жүргіздік және заңнамалық тәсілмен оны мемлекет айналымына енгіздік» деп атап өткен Мемлекет басшысы жердің қожайыны болса, ол одан өнім алуы үшін барынша күтіп ұстайтындығын, құнарсыздануына жол бермейтіндігін де ескертті.

ЕХРО нысандары уақытылы салынады

Қаржылық қиындықтарға байланысты, халықаралық ЕХРО-2017 көрмесіне бюджет қаражатынан 155 миллиард теңгенің үнемделгені белгілі. Осы мәселеге тоқталған Мемлекет басшысы нысандардың  дер кезінде салынатындығын мәлімдеді.«Мәселен, маған «Самұрық-Қазына» 53 миллиард теңге үнемдегенін баяндады. Кеше Ахметжан Смағұлұлы («Астана ЕХРО-2017» ҰК басқармасының төрағасы А.Есімов) ЕХРО бойынша маған өзіне дейін жұмыс істегендердің бассыздықтарынан кейін 155 миллиард теңге үнемделіп, мемлекетке қайтарылғанын баяндады» деген Президент балабақшалар мен мектептерде  ботаникалық  бақ, бассейн салып қаржыны босқа шығындамауды да міндеттеді. 

Ұлт  жоспары – елге  қызмет  етеді

Елбасы атап өткен мәселенің бірі – Ұлт жоспарының жүзеге асырылу жайы болды. «Мен жақында өзімнің мақаламда Ұлт жоспарын жүзеге асыруды жан-жақты айтып өткен болатынмын. Бүгін де қайталаған артықтық етпейді. Ең бастысы, барлық мемлекеттік қызметкер осыған жұмылуы керек. Сондықтан да, мен біздің атқарып жатқандарымыздың маңыздылығын халыққа барлық деңгейде түсіндіру керек деп санаймын. Барлығы халық игілігі үшін атқарылуда. Бұл атқарылып жатқанның барлығы Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына енуі үшін маңызды» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарының тиімді жұмыс істеуі үшін арнайы құрылған жаңғырту жөніндегі комиссиядан бөлек, барлық мемлекеттік органдардың осы мақсатқа жұмылуы маңызды екендігін қолдап айтты.

 

Халық  қашан  да қорғауда  болады

Съезд барысында ел Президенті экономикалық қиындықтарға қарамастан, халыққа берген уәденің орындалатындығын жеткізді.«Құрылыс саласындағы рұқсат құжаттарын беру мерзімі түбегейлі қысқартылды. Бүкіл әлемде байқалып отырған жаһандық дағдарысқа қарамастан біз халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуді жалғастырып отырмыз. Өздеріңіз де білетіндей, менің тапсырмаммен ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа 28 пайызға, білім саласында 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау 40 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар, жыл басынан мүгедектік бойынша берілетін әлеуметтік жәрдемақы, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы және шәкіртақы көлемі 25 пайызға көтерілді» деп атап өтті Елбасы.

ЖұмысПЕН  ҚАМТУ – НАҚТЫ  МІНДЕТ

Ел ішінде жұмыссыздыққа жол бермеуге толық мүмкіндік бар. Негізгі формула ретінде елімізде қабылданған тиісті бағдарламалар мен қаржылық қолдау тетіктерін атап өтуге болады. Осы мәселелерге тоқталған Елбасы «Жұмыспен қамтудың жол картасын» өзектендіру арқылы еңбек адамдарына қолдау көрсетіліп жатқанын, «Нұрлы жол» аясындағы жобаларды жүзеге асыру арқылы алдағы бірнеше жылдың ішінде 400 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берілетінін еске салып өтті. «Бұл тақырып әр ел үшін маңызды мәселе. Тек ағымдағы 2016 жылы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 225 миллиард теңге сомасында арнайы резерв қарастырылған» деді Президент.

Айта кеткен жөн, съезге еліміздің барлық облыстарынан екі мыңнан аса делегат қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, білім, ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері, қоғам, дипломатиялық корпус, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері бар. Жиын барысында мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков, Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбеков, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің екі дүркін чемпионы Б.Ыстыбаев сынды белгілі азаматтар сөз сөйледі.

«ҚазАқпарат» негізінде  дайындаған:

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Р.S.

Жаңа ахуалда өмір сүруді, даму үшін мүмкіндіктер тауып, сын-қатерлерді ептілікпен еңсеруді үйрену қажеттігін атап өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысты еңсеру үшін елімізде мүмкіншіліктің де, ресурстардың да бар екендігін айтып, қазақстандықтарды сырттан бақыт іздемей, елдің игілігіне қызмет етуге, ал, қалам ұстаған әріптестерімізді ауылдарда мектеп, балабақша салған кәсіпкерлерді кеңінен насихаттауға шақырды.

 

Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ: Теңге  неге  еркіне  жіберілді?

«Ұлттық қор қаражаты есебінен теңгені қолдаудан бас тартпайтын болсақ, Қазақстан мемлекеті мен халқы әлдеқайда кедейленіп кететін еді. Қаржылық жүйе құлдырап, өндіріс жабылатын еді. Жалақы төлеуден қалып, шағын кәсіпорындар құритын еді. Жұмыссыздық белең алып, инфляция шарықтайтын еді. Ал, бұдан қазақстандықтар баииды ма? Жоқ. Рубль құнсызданып еді, Ресейдің арзан тауарлары Қазақстанды басып қалды. Біз 2-3 айдың ішінде көрші елден 60 мыңға тарта көлік кіргіздік, оны өзімізден де сатып алуға болатын еді. Теориялық тұрғыдан алсақ, мен 1 долларды 1 теңге ететіндей шешім қабылдай аламын. Мұны істеуге де болады. Бір жылдары солай да болған. Алайда, ол барлық жағынан тұмшаланған заманда  болып  еді».

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Қазақстандық өнім қымбаттамайды»

«Долларды ұмытайық. Біз теңгемен өмір сүреміз, бәрін теңгеге сатып аламыз, теңгемен есеп айырысамыз. Сондықтан да, бізге доллар емес, теңге маңызды. Осының алдында ғана мен астаналық бірқатар базарға барып, негізгі азық-түлік тауарларына қатысты бағаларды салыстырып шықтым. Былтырғы жылдың қаңтар айында сиыр еті келісіне 1270 теңгені құраса, қазір 1150 теңге тұрады. Жылқы еті – 1600 болса, қазір 1400 теңге, нан былтыр да, биыл да – 108 теңге, өзгеріссіз қалды. Сүт бағасы 199 теңге болса, қазір – 175 теңге. Макаронның келісі 257 теңге болса, қазір – 170, картоптың келісі – 96 теңге еді, қазір – 80 теңге. Егер біз бақыласақ, Қазақстанда шығарылатындардың бәрі қымбаттамайды, қымбаттамауы да керек. Ал, сырттан келетіндерді қарау керек. Қарапайым азаматтарға осыны түсіндіру қажет».

 

«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан – 2021:

Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық»

атты 2016-2021 жылға арналған сайлауалды бағдарламасының  жаңалығы неде?

* Ұлт жоспарының негізгі бағыттарын қамтитын бағдарлама 8 бөлімнен тұрады;

* Бағдарламада жаһандық сын-қатерлер және жаңа нақты ахуал мәселелеріне шолу жасалып, нақты іс-қимылдар қамтылады;

* Экономикалық қайта өрлеудің негізгі бағыттары айқындалады;

* Жаңа әлеуметтік саясат, яғни:

–  тиімді әлеуметтік мемлекет,

–  тұрғындардың осал топтарын қолдау,

– еңбекпен қамту,

– жаңа тұрғын үй саясаты,

 денсаулық пен білім беруді үздік әлеуметтік стандарттарға жеткізудің нақты жоспарлары көрсетіледі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз