ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

gfdg4Сәрсенбі күні Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте су қоймаларында, түрлі ғимараттарда және жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кеңес барысында Үкімет басшысы шомылу маусымы басталмай жатып су қоймаларында адамдардың, соның ішінде, балалардың қазаға ұшырауы көбейіп кеткенін атап өтті. 

 

– Өткен тәуліктің ішінде алты адам суға кетіп, қаза тапты. Ал, шомылу маусымы әлі басталған жоқ. Тұрғындардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін әр өңірде сақтық және құтқару шараларын қолға алу керек. Өрт жағдайларының жиілеуіне де алаңдаушылық бар, оның үстіне қазір күн ысып, өрт қаупі кезеңі басталды. Қайғылы жағдайлардың қайталанбауын бақылауды басты назарда ұстауды тапсырамын, – деді Серік Ахметов.
Бұл мәселе жөнінде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ағымдағы жылдың өткен бес айында елімізде 57 адам, соның ішінде 13 бала суға кетіп, көз жұмғанын хабарлады. Министрдің айтуынша, судан құтқару стансаларына жақын орналасқан жағажайларда балаларды суда жүзуге үйрету жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы құтқарушылар 12 мыңнан астам баланы суда жүзу дағдыларына үйретті.
Селекторлық кеңес барысында қызу талқыланған екінші мәселе өрт жағдайлары және бұдан келетін қауіп болды.
– Ағымдағы жылы өрт қаупі маусымы басталғалы бері республика аумағында 75 табиғи өрт тіркеліп, олардың ауданы 225 гектарды құрады. Бұның салдарынан 8 млн. 677 мың теңге шығын келтірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өрт саны төрт есеге, шарпылған ауданы 3,3 есеге азайса, келтірілген шығындар 6,6 есе кеміді, – дей келе, Владимир Божко табиғи өрттерге байланысты өрт қаупі күшейген жағдайда Үкімет аймақаралық сипаттағы орманды-далалы өрттерді жою жоспарын бекіткендігін, осы жоспарға сәйкес ірі өрттер аймағына 24 мың адам және 4 мың бірлік әртүрлі техника, соның ішінде 12 тікұшақ, 45 өрт пойыздары жұмылдырылатындығын жеткізді.
ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, ағымдағы жылдың өткен бес айында 6817 жол көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан бір мыңға жуық адам көз жұмған. Елімізде автокөлік саны күн сайын артып келеді. Осыған орай, автокөлік жүргізушілерінің жол ережелерін жиі бұзуы да қайғылы жағдайларға әкеліп соғуда.
Кеңесті қорытындылай келе Үкімет басшысы Серік Ахметов су қоймаларындағы қауіпсіздік, жол апаттары мен өрт қауіпсіздігі мәселелерін ерекше бақылау қажеттігін тағы бір мәрте атап өтіп, әсіресе, бейбіт өмірде жол апаты салдарынан көптеген азаматтар мерт болып жатқандығын қатаң ескертті. Бұған қоса ол барлық деңгейдегі әкімдерге қалалар мен аудандардағы су қоймаларында адамдар демалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тиісті кеңестер өткізуді, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруларын тапсырды.
Ағымдағы жылы Атырау облысы бойынша төрт адам суға кеткен. Атап айтсақ, оның екеуі Құрманғазы ауданында, біреуі Индер ауданында, ал біреуі облыс орталығында болды.
– Бұл мәселелерді өткен наурыз айында талқылаған болатынбыз. Енді мұндай жағдайлар қайталанбауы тиіс. Маусым басталғалы тұр, сондықтан, мұқият болуымыз керек. Құтқарушылар қызметінің де жұмысын жандандыру шарт, – деді селекторлық кеңесті онлайн жүйесі арқылы бақылаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. – Өрт мәселесін де жіті бақылауда ұстау керек. Өткен жылы талапқа сай өрт сөндіретін алты автокөлік алынды. Мұндай көліктерді тағы да алу жоспарда бар. Үлкен елді мекендерде кем дегенде өрт сөндіретін бір автокөлік болуы қажет. Өйткені, аудан орталықтарынан өрт сөндіргіш көліктер ауылдардағы өрт орнына жетіп болғанша, тым кеш болатыны анық. Өкінішке орай, жол апаттары да жиі кездесуде. Биыл Атырау қаласына қосымша 18 бағдаршам қондыру мәселесі қаралуда. Көлік ағысы көп жерлерге бейнекамералар орнатуды қолға алу керек.
Облыс басшысы тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз