Құтқарушылар тереңдігі 2 метр шұңқырдан сиырды алып шықты (ФОТО)
Атырау облысында Батыс құтқару жасағы 2 метр тереңдіктегі шұңқырға түсіп кеткен сиырды алып шықты. Бұл туралы редакциямызға Батыс құтқару жасағының бөлімше командирі Александр Качалов айтып берді.
Оқиға былай өрбіген. Атырау қаласы маңындағы Балауса поселкесінде құрылысы жүріп жатқан үйдің иелері шығып кетіп, қайта келгенде тереңдігі 2 метр болатын септикке сиыр түсіп кеткенін көреді. Олар Батыс құтқару жасағына сол бойда хабарласады.
– Біз айтылған жерге келгенде үй иелерінің айтуынша, сиыр шұңқырда 6 сағаттай тұрған. Құтқару жұмыстарына өрт сөндіретін апаттық-құтқару автокөлігі қатысты, – дейді бөлімше командирі Александр Качалов.
Қызметкерлердің бірі етік киіп шұңқырға түсіп, арқан кигізіп, содан соң жануарды кранның көмегімен жоғары тартып шығарды.
Александр Качаловтың айтуынша, сиырға ешқандай зақым келмеген.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ