Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Құтқарушылардың әр күні қауіпті

Мұнай-газ өнеркәсібінде, соның ішінде кен алаңдары мен өндірістік нысандарда орын алатын атқыламалар мен басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мен ауыздықтауда «Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау  филиалының да атқаратын жұмысы ауқымды. Қазан айының 19-да бұл саланың қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күнін атап өтпекші. Осыған орай біз аталған мекеме басшысының міндетін атқарушы Еркін Шпановпен сұхбаттасқан едік.

DSC_0974

– Еркін Мәжитұлы, әңгімемізді мекеменің құрылу тарихынан бастасақ?

– Бұл құрылымның тарихы 1973 жылдан басталады. Бастапқыда «Ашық мұнай және газ атқыламаларының пайда болуының алдын алу және жою жөніндегі әскерилендірілген бөлім» болып құрылған мекеме, кейіннен «Ақ берен» республикалық мемлекеттік кәсіпорны деп аталды. Нақтырақ айтқанда, 1997 жылдың маусым айындағы мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Атырау аумақтық комитетінің қаулысымен «Берен Тест» акционерлік қоғамы құрылды. Ал, 1998 жылы қараша айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Ақ Берен» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына айналды. 2015 жылдың тамыз айында қазіргі атауын иеленді. Құрылған уақытынан бастап мекемеге Владимир Нагайцев, Юрий Егоров, Қылышбек Қуандықов, Теміржан Махмутов есімді азаматтар басшылық жасап, ұжымды ортақ істерге жұмылдыра білді.

36 жылдан астам уақыттан бергі кезеңде кәсіпорынның күшімен 40-тың үстінде ірі көлемдегі мұнай-газ атқыламалары ауыздықталды. Олардың қатарында Теңіз-37, Урихтау-4, Жаңажол-373, Қаламқас, Оңтүстік Мыңтеке-3, Жаңаталап, Приозерное, Терең Өзек, Мәтен, Шығыс Мақат, Кенлық және басқа кеніштерді атауға болар еді. Мұның сыртында, жоспарлы түрде өткізіліп тұратын түрлі профилактикалық шараларымыз бар.

Скриншот 2017-10-03 09.38.41

– Өзіміз де байқап, біліп жүргеніміздей, мұнай-газ кеніштерінде орын алатын атқыламалар мен басқа да түрлі төтенше жағдайларда жүзеге асыратын іс-қимылдарыңыздан бөлек, оқу-жаттығу шараларын ұйымдастырып, өткізесіздер. Соның біріне таяуда өзіміз де куә болдық. Осыған тоқталсаңыз..?

– Биылғы қыркүйек айының соңында Атырауда «Атқылама-2017» атты аймақтық тактикалық арнайы оқу жаттығулары өтті. Оған республикалық кәсіпорынның Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау филиалдарының жедел топтары, ондаған бірлік техника қатыстырылды. Апаттық-құтқару операцияларын жүргізудің тәсілдері мен әдістерін пысықтау арқылы жеке құрамның даярлық деңгейін көтеру, техногендік сипаттағы ауқымды апаттарды жою кезінде жедел топтардың өзара әрекеттесуі, инновациялық технологияны, қазіргі заманғы техникалық құралдарды тәжірибеде қолдану, өндірістік қызметкерлерді эвакуациялау мен құтқару, зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету жолдарын меңгеру мақсатында ұйымдастырылған оқу-жаттығу шарасы құтқарушылардың жоғары дайындықпен келгендіктерін көрсетті.

Шараның салтанатты ашылу рәсіміне Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» РМК директоры, генерал-майор Диханбек Сатылғанов, басқа да салалас мемлекеттік құрылымдар мен аймақта жұмыс істеп жатқан мұнай-газ компанияларының басшылары қатысты. Бірнеше кезеңнен тұратын жаттығулар бойынша берілген тапсырмаларды әр өңірден келген жедел құрам белгіленген мезгілде, кәсіби тұрғыдан сауатты, дәл әрі тез орындап шықты. Сондай-ақ, шара аясында апаттарды ауыздықтау мен адамдарды құтқару барысында қолданылатын арнаулы техникалар мен құрылғы-қондырғылардың көрмесі де келушілердің  назарына ұсынылды.

Одан бөлек, спорттың бірнеше түрінен ұйымдастырылған сайыстарда құтқарушылар белсенділік танытып, шапшаңдық, шеберліктерімен, ептіліктерімен көзге түсті. Осылайша, жаттығу мен жарыста ерекше көзге түсіп, топтан озған құрамалар мен жекелеген құтқарушылар шараның өту барысын бағалау жөнінде құрылған комиссияның шешімімен түрлі марапаттарды еншіледі. Аймақтық оқу-жаттығу шараларының жариялылығын қамтамасыз етіп, уақытылы ақпарат таратуда аймақтық және республикалық БАҚ өкілдерінің өзіндік үлестері болғанын атап айтқан жөн.

Дәулетқали Аруев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button