Тұңғыш нөмірге қол қойған Төлепкерей Өтеулиев туралы не білеміз?

Screenshot 3 Қоғам

Облыстың айнасына айналған, сан мыңдаған оқырманы бар «Атырау» газетінің тарихы туралы көп зерттелді. Еліміздегі барлық архивтердің шаңы шығып, талай қорларда сақталған құжаттар тігінділері қайта кестеленді. Алғаш «Ерік» атауымен жарық көрген басылымның редакторы ретінде бірінші нөміріне қол қойған Төлепкерей Өтеулиев туралы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.  

Screenshot_3 

Ерте есейген балалық

Республика баспасөзінің дамуында қолтаңбасы қалған, кейін қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болған Төлепкерей Өтеулиевтің есімі құрметпен аталады.

Мұрағат қорындағы өмірбаянына сүйенсек, ол 1889 жылы Орал облысы, Жымпиты ауданының (қазіргі Сырым Датұлы) Тұздыкөл болысы, №4 ауылда кедей отбасында дүниеге келді. Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің ащы дәмін татуға мәжбүр болған өрімдей жас оқудан қол үзбей бір үзім нан табу үшін еңбекке ерте араласады. Фокин атты байдың ұн тартатын диірменінде жұмыс істейді. Училищені бітіргеннен кейін Торғай облысында 1910-1914 жылдары ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Туған жерге деген ыстық ықыласы оны 1914 жылдың күзінде Жымпиты екіжылдық училищесіне оқытушылыққа алып келді. Одан соң Алашорда армиясы қатарына жұмысқа тұрып, әу баста тіркеуші, кейін есепші қызметін атқарды.

1919 жылы Төлепкерей Бисұлтанұлы Революциялық комитетте алғашқыда есепші, көп ұзамай уездік қаржы бөлімінің бастығы болды. Оның ендігі өмірі мен қызметі қазақ халқының болашағы үшін коммунистік партиямен және кеңес үкіметінің жаңа қоғам орнату жолындағы күресімен ұштасты.

Саяси білімі жоғары, әрі Қызыл  Армияның  сапында ұрыс даласынан тәжірибесі бар оны басшылар Мәскеудегі ерекше отряд құрамына тартады. Сөйтіп, ол ел тыныштығын сақтауға кіріседі, олардың сапында Кронштад оқиғасына қатысады. Уездік комитетте алдымен насихат бөлімінің меңгерушісі, кейін хатшылыққа сайланады.

Ағарту ісіне ден қойды

Ауылдардағы еңбекшілердің сауатын ашу, денсаулығын жақсарту, оқу үйлерінің жұмысын күшейтуге басшылық жасайды. Қазақ тілінде газет шығаруға нұсқап, оған «Ерік» атауын беруді ұсынады. Басылымның қазақ тіліндегі алғашқы санын жариялау үлкен қиыншылықтармен жүріп жатты. Қазақша әріптер әзірлеу және оны теретін мамандарды табу, газетке мазмұнды материалдар іздеп табудың барлығы партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі С.Мәмбетовке жүктелді.  Алайда, 1923 жылы 1 сәуір күні жарық көрген тұңғыш ана тіліндегі «Ерік» газетіне редактор ретінде қол қою оның маңдайына жазылмады. Күндіз-түні тыным таппай еңбек еткендіктен оның денсаулығы сыр беріп, жұмыстан босатылады. Содан бастап «Трудовая Правда» мен «Ерік» газеттеріне жауапты редакторлық ету  Төлепкерейге жүктеледі.

 «Еріктегі» ерен еңбек

Сөйтіп, оның редакторлығымен өлкемізде тұңғыш ана тіліндегі «Ерік» (қазіргі «Атырау») газеті 1923 жылдың 1 сәуірінде  500 данамен жарық көріп, оқырмандарға тегін таратылды. Алғашқы санындағы «Тірлік осымен табылады» деген бас мақаланы өзі жазып, басылымның ұстанымын баяндайды. Сол уақытта уездік партия ұйымының жетекшілігінде жүрген Төлепкерей Бисұлтанұлы «Еріктің» қалыптасуына да уақыт таба білді. Басылымды уақытылы шығару, таралымын төмендетпеу, мақала ұйымдастыру ісіне басшылық жасады. Сол кездегі білімді азаматтарды редакция жұмысына тартып, ұйымдастыра білді. Ел арасында жүргізген әкімшілік теріс саясаттың, қазақ зиялыларын қудалаудың нәтижесінде жазықсыз жандар түрмеге қамалды, құрсауда отырды. Сол жылдардың ойраны оны да орағытып өтті. Оның ендігі тағдыры қиыншылыққа толы болды. Қазақ халқының болашағына шын берілген, саяси сауатты Төлепкерей де зобалаңға тап болып, бір түнде тұтқынға алынды.

Бар ғұмырын халқымыздың оқу-ағарту саласына, оның ішінде баспасөз ісіне арнаған абзал азаматтың тағдыры осылай аяқталғаны өкінішті.

Қылышбай  СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз