Құтқарушыларға – марапат
Қоғамда мейірімділік пен адамгершілік қасиеттер азайып бара жатқан тұста өз өмірін қатерге тігіп, өзгеге қол ұшын созған жандардың еңбегі ерлікпен пара-пар екендігі даусыз. Жуырда Елордадан ақжолтай хабар жетті. Осыдан екі ай бұрын өмірімен қош айтысқалы тұрған қызды құтқарып қалған атыраулық азаматтар мен тәртіп сақшылары марапатқа ие болды. Соның ішінде полицейлерге көмектескен «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасының қос қызметкері де елеусіз қалмады. ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен Амантай Илиевке «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді. Ал, Сағынжан Ғизатуллинге «Құқық тәртібін қорғауға белсенді қатысқаны және адам өмірін құтқарғаны үшін» Алғыс хат берілді.
Естеріңізге сала кетейік, тамыз айының демалыс күндері облыстық ішкі істер департаменті жедел басқару орталығының инспекторы Айсұлу Әбілқасова өзіне бекітілген аумағын кезекті бақылау барысында оғаш оқиғаны байқайды. Тұрғындар қалашығындағы көпір үстінде жүрген азаматша өмірімен қош айтысып, одан секіруге ұмтылады. Дереу патрульдік топ жеткенге дейін әлгі қыз көпірдің «қанатынан» аттап өтіп үлгерген.
Оқиға орнына жедел жеткен «Батыс-18» экипажы, Атырау қалалық ішкі істер басқармасы, жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция батальонының инспекторлары кіші лейтенант Азамат Тілепқалиев пен кіші сержант Бекжан Мырзағалиев қала тұрғынын құтқаруға көшті. Тәртіп сақшыларының көмегіне қарамастан, азаматша өз-өзіне қол жұмсауға тырысқан. Полиция қызметкерлеріне сол маңнан өтіп бара жатқан қала тұрғындары Сағынжан Ғиззатуллин мен Амантай Илиев көмекке келді. Кіші лейтенант Азамат Тілепқалиевтың бұйрығымен жігіттердің бірі көпір қанатынан өтіп, қызды құтқаруға қолғабыс еткен.
– Менің назарымды патрульді полиция көлігінің жедел қимылы аудартты. Дереу полицей қызметкерлерінің жанына келіп, азаматшаның көпірден секіргелі жатқанын байқап қалдым. Бастапқыда, абдырап қалғанымыз рас. Бірақ, кейін жәрдемдесуге асықтық, — деді Сағынжан Ғиззатуллин.
Ал, Амантай Илиев жақсы жүзе біледі екен. Сондықтан, еш қиындықсыз көпірдің қанатына шыққан.
– Полиция қызметкерлері де ұйымшылдықпен жұмыс істеді. Оқыс жағдай болғанда мені сақтандыратынына сендім. Қиын сәтте көмектесу – әрбір азаматтың парызы, — дейді ол.