«Сырым менің жүректен жырым болып туады»
Облысымызға танымал қаламгер, балалар әдебиетінің жанашыры Болат Дәулетовтың «Ағатай» баспасынан жаңадан жарық көрген «Сыр мен Жыр» жинағын оқып шығып, қолыма қалам алдым. Себебі, облыстың негізгі басылымы болып есептелетін «Атырау» газеті әркезде де мәдениет пен әдебиет саласына ерекше көңіл бөліп отыратындықтан, өз пікірімді оқырмандармен тең бөліскім келді.
Өйткені, кітаптағы «Ағалығым алдымда», «Балалығым бар мұнда», «Қос шумақтар қарағым», «Өзімнің сөзім», «Жыр-толғау» бөлімдеріндегі шығармалар зейін қойып оқысаң көңілге қонатын, тағылымды туындылар екендігімен ерекшеленеді. Қайсыбір өлең шумақтарын алып қарасақ та ұйқастық үйлесімдігі мен қысқа да нұсқа ой тұжырымдары арқылы оқырманын өзіне баурап алады. Автор қазіргі ұрпақты ата-баба рухын қастерлеп, тарих беттерін ашып үйренуге, кітап оқып, саналы азамат болып өсуге, сөйтіп, туған елінің патриоты болуға шақырады. Сондай-ақ, «Өмірдің өзі –өнеге» ұстанымын алға тартады.
«…Кітабымды қолыңда,
Оқып көрші беттерін.
Жәудіреген жолында,
Айтарым бар көп менің.
…Жақсы көрген жан ізгі,
Бәрі, бәрі сыр тұнған.
Өз қолыммен жазылды,
Айтылмаған сыртымнан, — деп әп дегеннен ағынан жарылған ақын:
«…Өміріме гүл еккен,
Ақыл кені дуалы.
Сырым менің жүректен,
Жырым болып туады.
Жыр пернесін жанымның,
Басып көргім келеді.
Сыр көрмесін барымның,
Ашып бергім келеді», –дейді өзімен бірге өткен әрбір жылдардың көкжиегіндегі сан тақырыптарды қозғап. Нәтижесінде ардақты ағалық жас пен балдырған балалық шақтың арасындағы үзілмейтін үндестікті жыр жолдарымен көркемдеп жеткізеді. Яғни, адам бойындағы балаби мен адами қасиеттерге қалам тербейді.
Шығармалар желісі бүгінгі жастарды сыйластыққа, инабаттылыққа, адамгершілікке шақырады. Шым-шым шумақтар жеткіншектерді мансапқорлықтан, жағымпаздықтан қорғайды. «Өтіріктің жолы қысқа, шындықпен дегеніңе жете аласың» деген ақ ниетін алдыңа жаяды. Ақын жүрегі әр сәбидің еңбек күні еңбектеуден басталатынына елжіреп, бала үшін мейірім шуағын шашқан өлеңдерін өреді. Айталық,
«Үйіме келдім асығып,
Сағынышымды асынып.
Немерелерім жан-жақтан,
Жүгіре шықты шашылып.
Тірліктің бәрін ұмыттым,
Қолымды жайып тұрыппын.
Осылар үшін күн кешіп,
Осылар үшін жүріппін!»- дейді рахатқа бөленіп. Жүрекке жол тапқан жыр кітаптан есіңде қалатындай әдемі сезім сезіледі. Болат ақынның «Өз қолыммен жазылды, айтылмаған сыртымнан» деуі, міне, осыдан болса керек.
«…Қазанында өмірдің пісіп келем,
Аязына көрген жоқ үсіп денем.
Әке болып отырған
мінберімнен,
Ата болып ақырын түсіп келем,-деп адам өмірінің өлшеусіз, бірақ мағыналы кезеңдерін сыпайы жолдарға орап жеткізе білген. Жырларының ішінде балалық пен ағалыққа дәнекер болған, өмірдің өзі өнеге екенін алдыға тартқан сарқылмас қазына- кітап оқуға, сол арқылы дүниені тануға арналған танымдық жырлар жаныңа нұрын себеді.
«Ақыл емес, тілегім
табақ толы,
Басқаным жоқ ешқандай
ағат жолды.
Бала кезде оқыған
кітаптарым,
Аға кезде өзіме сабақ болды». Міне, автордың айтпақ ой желісінің бір тіні де осы болса керек. Өлеңдердегі ойнауға емес, ойлануға көбірек із тастайтын және соған оқырманның назарын аудара білген тәп-тәуір шұғылалы шумақтарды көптеп кездестіруге болады.
«…Кейбіреулер ұмытып
балалығын,
Сездіреді сезімсіз шалалығын.
Ал, сен болсаң
үлкеннің ақылына,
Кіп-кішкентай адам боп қара бүгін,-деп келешек ұрпақты саналы азамат болып өсуге жігерлендірген ақын еңбегі оң бағалауға тұрарлық дүниелер деп айта аламыз.
Басқа да өзекті өлеңдердің сыр-сипатына кітаптан оқып көз жеткізуге болады, қадірлі оқырман.
Б.Дәулетовтың мұнайшылар, жалпы еңбек адамдары туралы жазған әңгіме, естелік-эссе жинақтары оқыған, көзі қарақты оқырман қауымға жақсы таныс. Осы кітаптағы «Өзімнің сөзім» бөліміндегі ой-толғамдары сол жазушылық сүрлеуінің бір парағы іспеттес. Сонда қаламгер не дейді, соған қысқаша көз салалық:
— Балаларыңның мінезі әртүрлілігіне жұбан, мақсатының бірлігіне қуан.
— Арсыздың алақанының түгі жоқ, ала бергісі келеді. Құныққанның қалтасының түбі жоқ сала бергісі келеді.
— Ақша тамақтан өтсе құлқын тояр еді, жемқорлықты қояр еді.
— Ақылы терең елді сыйлайды, ақылы таяз елді қинайды.
— Сұрап алған атақтың төс белгісі ауыр болады.
— Ең жаман қасиет – іштарлық, ең жақсы қасиет – құштарлық.
— Қаржыңның салмағын салық біледі, өзіңнің салмағыңды халық біледі.
— Асыл жігітті ақымақ қылатын – жағымпаздар.
— Жақсы көрші күліп амандасады, жаман көрші жүріп амандасады.
— Жақсымен көрші болсаң жат болмайсың, жаманмен көрші болсаң сақ болғайсың.
— Тіліңнің жанын тістеп алғанда білерсің.
— Ініңнің тәттісіне қызықпа, оны баяғыда жеп қойғансың.
— Көп оқысаң көп білесің, көп білсең тоқ жүресің.
— Ұлға еріп базарға барсаң ашығып келесің, қызға еріп базарға барсаң асынып келесің.
— Шақырғанда бармасаң –келмеді деме, ұсынғанда алмасаң – бермеді деме.
— Саналы адам сабырлы болады.
— Балалы болған жақсы, балаларыңмен бағалы болсаң, одан да жақсы.
— Отан шекарасы аймақтан басталады, отау шекарасы шарбақтан басталады.
— Биліктің басында мың адам болса да, бірліктің басында бір адам болуы керек.
Міне, біз тек қана оқырман ретіндегі ойымызды, яғни, кітаптан оқығанымызды ғана өзімізше пайымдап, пікірімізді ортаға салуға тырыстық. Ал, осы «Сыр мен Жыр» жинағындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Көк садақты Көктаубай» жыр-толғауы жас жеткіншектерді тарих тақтасын ашып үйреніп, ата-баба аңсаған еркіндікті, олардың туған жерін сыртқы жаулардан қорғай білген бірлік пен ерліктерін оқып-білуге арналған. Ел арасында бүгінге шейін айтылып келген Көктаубай батыр мен Тайманұлы Исатай батыр арасындағы достық пен сыйластық сөз болады. Балалар ақыны жыр-дастандар бала көңілін өсіріп, кітап оқуға деген сүйіспеншіліктерін арттыратынына сеніммен қарайды. Ақын:
«…Қандай көркем қараңыз,
Біздің туған даламыз.
Тарихын таңбалы,
Кітап оқып табамыз.
…Үлкен менен кішілік,
Сыйласқаны – кісілік.
Әрқашан да кітапты,
Оқу керек түсініп, — дей келе:
…Көп оқысаң білесің,
Таудай болып жүресің.
Ол да сенің өзіндік,
Отаныңа арнаған
Бір жапырақ үлесің.
Тәуелсіздік жол салған,
Озып шығып ортаңнан.
Ержеткенде бәріңнің,
Ұлы дала елінде
Болу керек қолтаңбаң! — деп түйіндейді кітап жазудағы жүрек қалауының түпкі мақсатын көпке паш етіп. Біз ағалық пен балалықты қатар дәріптеп, құшағына алып жүрген ақын еңбегіне жылы лебізімізді білдіре отырып, 2017 Жаңа жылды «Атырау» газетімен бірге қарсы алғалы отырған оқырмандар атынан шығармашылық табыс тілейміз.
Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
тарих ғылымының докторы.
Атырау» газетінің
тұрақты оқырманы.