Жарнама
ЖаңалықтарСаясатҚұқық

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандар сыйақы алады

Atr.kz/25 ақпан, 2020 жыл. Бұл туралы брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің  Алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов мәлімдеді.

«Үкімет сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлағаны үшін азаматтарды ынталандырудың жаңа жүйесі туралы қаулыны бекітті. Енді хабарлаған адам сот үкімі шыққан соң пара көлемінің 10 пайызын ала алады. Ең жоғары сыйақы 10 миллион 604 мың теңгені құрайды» деді Жәнібек Жұмабекұлы.

Статистика бойынша 2016 жылдан 2019 жыл аралығында 4 миллион 600 мыңнан аса теңгеге 34 тұлға көтермеленді. Ал, жыл басталғаннан бері бір адам орташа ауыр сыбайлас жемқорлық дерегін хабарлағаны үшін 185 мың теңге сыйақы алды. Ескеретін жағдай, сыйақы сомасы құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты төленеді.

Сонымен қатар, «сыбайлас жемқорлыққа қарсы Call-center» орталығы  қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сұрақтары бойынша азаматтарға тегін кеңес беру мен сыбайлас жемқорлық көріністері туралы хабарламаларды тіркейді. Орталықтың «1424» нөміріне қоңырау шалу арқылы, кез-келген азамат сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлай алады.

Өз кезегінде «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Әдиева әр сенбіде «ANTIKOR» орталығында сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін заңгерлердің ерікті түрде кеңес беретінін айтты.

«Жобалық кеңседе әр сала бойынша бес қызметкер бар. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап  жеті ауданда кеңсенің бөлімшелері ашылып, аудан халқына өз қызметін ұсынуда. Қазір негізгі жеті бағыт бойынша мониторинг жұмыстарын бастап кеттік», — деп мәлімдеді Альфия Дәулетқалиқызы.

Мониторинг нәтижесінде білім алушылардың жеке санаттары бойынша ас мәзірінің мөлшерге сәйкес келмеу дерегі алты мектепте  анықталды. Сондай-ақ, медицина саласындағы қоғамдық бақылау да біраз мәселенің бетін ашқандай болды. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап әуежайда, теміржол вокзалында, қоғамдық көліктерге мониторинг жұмыстары жүргізілді.

Әсіресе, «Атырау теміржол вокзалында» анықталған кемшіліктер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайдың қалыптаспағанын көрсетті. Аталған мәселені мердігер мекеме «наурыз айында толықтай шешеміз» деп уәде берген.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекет пен қоғамның, әрбір азаматтың тығыз бірлесуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің нәтижелі болуына мүмкіндік береді. Біздің жобалық кеңсе де халық үшін кедергісіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмысын күн тәртібінен түсірмейді», — деп түйіндеді «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Әдиева.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

http://atr.kz/bez-rubriki/k%d3%99sipkerlerdi-za%d2%a3syz-tekseruge-%d2%9bashan-tos%d2%9bauyl-%d2%9bojylady/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button