Сұңқардай еді серпіні…
Atr.kz/26 қараша, 2019 жыл. Көзі тірісінде көптің құрметіне алғаусыз ашық, әділ бөленген, мәртебелі мансапқа ие болғанда халқына қалтқысыз қызмет жасаған, ел экономикасының ерен қуатын игілік пен ізгілік жолына бағыттауда баянды қолтаңба қалдырған ардақты азамат, Атырау өлкесінің айбоз перзенті Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев атындағы Коммуникацияларды дамыту орталығының ашылуы қарсаңында өңір өміріндегі ғана емес, тәуелсіздік тарихындағы ғанибет жаңалықтың бірі ретінде бағаланатын мәденитехнологиялық іс-шара екенін айта отырып, марқұмды еске алғалы қалам ұстадық.
Атырау облысындағы осындай игі жаңалықтың алдында табиғаты тегеурінді, талабы сындарлы, талғамы озық көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ мұнайының ардагері, Қазақстан Республикасының бұрынғы Премьер-Министрі Нұрлан Өтепұлы туралы аз-кем сөз айтып, арамыздан ертелеу кеткен азаматтың артына қалдырған абыройлы атақдаңқы жөнінде кейінгі жас толқынға үлгі ретінде сөз ұзартсақ, онымыз артық болмас деген уәжге ат байладық. Көзі тірісінде ол хақында көп айта алмаған шығармыз.
Мемлекеттік қызметтің төрінде жүрген азамат жөнінде айтудың да этикалық ережесі тежеу салатын болғандықтан да бой тартқан жайымыз бар. Әлі есте. 1994 жылдың «жоқ пен бары» таразы басына түсіп, тәуелсіздіктің тұғыры әлі нық бекіп, нығая қоймаған кезеңінде сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары алдына еліміздің Мұнай және газ өнеркәсібінің жаңа министрін тағайындау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ол кезде Нұрлан Өтепұлы алыс Америкада, мұнай өнеркәсібі саласында тағылымдықтанысушылық қызметте жүрген болатын.
Ел экономикасының еңсесін тіктеу бағытында сол кездегі барымыз да, нарымыз да – қазақ мұнайына деген сұраныс саяси-әлеуметтік мәселе болып күн тәртібінде тұрды. Сондай шырғалаңды шыншыл күндердің бірінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Кеңес депутаттарының алдына келіп, Нұрлан Балғымбаевты Мұнай және газ өнеркәсібі министріне ұсынды. Жаңа үміткерді талқылау бірден қызу басталды. Сөз алған 17 депутаттың көбінің сол кезде әлі бейтаныстау Балғымбаевтың тапсырылған міндетті бірден еңсеріп кетуіне күдікпен қараған сөздері де әлі жадымыздан өше қойған жоқ.
Қарша бораған қитұрқы сұрақтардың бәріне кәсіби біліктілікпен, әсіресе қазіргі жағдайда мұнайдың тек қана экономикалық әлеуеттендіру жағы емес, қоғамдық-саяси жағы туралы да жан-жақты жауап берген жаңа үміткердің сан сауалға саспай, кейде деміккен сауалдарға мінезді деректермен тойтарыс беруі депутаттық корпустың екпінін басқандай болды.
Атырау облысынан сайланған депутат ретінде мен мұнай өндірудің ел тәуелсіздігі үшін қаншалықты қажеттілігін, жақында сайлаушылармен болып келген кездесулерде айтылған ашық та ащы ойлар мен ұсыныстардың бабын тауып, баянын шешетін кәсіби маман келгенін айтып, оның әулеттік өмірбаянына қысқаша шолу жасадым. Нұрлан ағамыздың қайтыс болуының бір жылдық асы қарсаңында ол туралы «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газетінде көлемді мақалалар жарияладым.
Ол жазбаларда Нұрлан Өтепұлының жарқын өмірі, жарасымды тірлігі, ең бастысы мұнай өндірісі саласындағы ерен еңбегі, сол арқылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудегі Балғымбаевтың тарихи еңбегі, жаңа Елорданың еңсесін көтеріп, Еуразиялық мегаполиске айналуындағы оның өлшеусіз қолтаңбасын тілге тиек еттім.
Арамыздағы ағалық-інілік қарым-қатынастан тыс оның мемлекет алдындағы мәртебелі мандатын адал орындаудағы азаматтық болмысынатәнті пейілмен үлгі тұтып, үнемі өнеге етіп, ырзалық ниетімді тоқтатқан емеспін. Бір өкініштісі, ақжарма азамат өмірден ертерек кетті. Әрине, бәрі де бір Алланың жазмышындағы хақ нәрсе ғой, дегенмен Нұрлан Өтепұлының туралап келген ажалдан қаймықпай, өмірінің ақырғы сәттерін сабырлы қалпында қарсы алып, мәңгілік мекеніне дейін, жаназасынан бастап, артындағы барлық қадесіне дейін өзі қолмен қойғандай елеп-екшеп кетуі ілуде бір кездесетін ерлік десем, артық болмас.
Қадыр ақынның шумағымен шегендегенде: «ажалдың өзін кезекті бір жұмыс» деп қабылдай алған ағамыздың сабырлы сәтін көргендіктен, осыны талай жерде айтқанымда, тыңдаған жанның жандары боталап, жанарларын жас буғанын талай рет көрдім. Бұл – асыл азаматқа деген алғаусыз құрмет. Жадымда жүрген және бір жайтты еске ала кеткелі отырмын. Қайтыс боларынан он бес күндей бұрын отбасыммен келіп, ағаның көңілін сұрадық.
Нұрекең бізді көргенде орнынан жеңіл көтеріліп, құшақтай амандасты. Маған әзір өлмейтін адам болып көрінді. Қуанып қалдым. Аз-кем әңгімеден соң мені залдың алыс бұрышына шақырып алып: «Өтеген, жағдай осы, отбасыңа оралған бойда менің құлпытасыма жазатын бір шумақ өлең дайындап, маған шұғыл түрде жібер» деді енді сәл ентіге сөйлеп. Арқамнан тер бұрқ ете түсті. «Аға, әлі-ақ тұрып кетесіз, Құдай қуат берсін» дедім абыржып тұрып. «Болды, жолдарың болсын, айтқанды орында» деді шиыра сөйлеп.
Астанаға келгесін бірер күн ойланып, әлі де болса үмітімді үркітпей аға жақтан жақсы хабар күтіп жүрдім. Хабарласып едім, қысқа сәлемнен соң, «тапсырмам не болды, тез жібер» деді енді қаталдау сөйлеп. Шегінер жер қалмады. Сол күні жаным жабырқап отырып мына эфитапияны жаздым: Ту тікті: туған елінде, Қазақтың байтақ жерінде, Мансап пен даңқ төрінде, Ізгілік болып еңбегі, Із тастап кетті өмірде, Араша бар ма өлімге?! Элпошта арқылы жолдадым, «алдым, дұрыс» деген жауабын естідім.
Кейін, қырқына келгенде, өзі жоспарлаған қызыл граниттен тұрғызылған құлпытастан өзім жіберген, аға мақұлдаған шумақты көре алмадым, оның орнына асығыстау жазылған басқа бір шумақты көрдім. Әрине, бұл шумақты ағамыз көрген жоқ, көре алмады, бұл кейін жазылған төрт жол еді. Оны жазған азамат та енді бұл өмірде жоқ. Имандары өздеріне жолдас болсын, әрине қазаның орны құлпытасқа жазылған өлеңмен өлшенбес, болған жайды мойынға қарыз болмасын деп жазғанымыз-дағы.
Одан да ағаны сағынғанда көкейге келген мына шумақтарды назарға ұсынайын, бұл менің әз азаматқа оқыған дұғам болсын: (Нұрлан Балғымбаевты еске алу) Көгілдір аспан – көк әлем, Көкеме өлең жіберем: Өмірлі болды өнегең, Керілді кемел керегең, Азамат едің – ақ жұлдыз, Алашты байтақ жебеген.
Толқитын еді кенерең,
Жаңаны ылғи демеген.
Жарқырап туған көбеген,
Жақсыдан туған жан едің,
«Тұяғы деген тектінің»:
Асыл сөз жеткен көнеден.
Беретін кезде береген,
Көретін кезде көреген,
Жасықты көрсе тебеген,
Жастықты көрсе жебеген,
Еңбегі елге аңыз боп,
Бесігін бақыт бөлеген.
Серті бар семсер середен,
Өрлігі биік өреден,
Төрі де биік төреден,
Есімін халқы елеген,
Ақжарма еді Ағамыз,
Ажалдан қорқам демеген.
Өмірдің мәнін ұқтырып,
Тірлікті кешу мықтылық.
Сұңқардай болып самғауы,
Мәңгілік жайға аттанды,
Туған жерінде тік тұрып!
Туған елінде, кіндік кескен жерінде қазақтың бір асыл азаматы мәңгі дамылдап жатыр. Нұрлан Балғымбаев атындағы Коммуникацияларды дамыту орталығына келетін әрбір жан оның рухына дұға бағыштап, жақсы ісін жариялап, өнегесін өріс етіп жүретін болар деген ойдамын. Серпіні сұңқардай болған біртуар тұлғаның артындағы жоқтаушысы баршылық. Біз сол мыңдаған жандардың біреуі ғанамыз. Рухы шат болсын!