СҰҢҒАТ ЗАКАРИЯЕВ БЕСІНШІ РЕТ «АТЫРАУ БАРЫСЫ» АТАНДЫ (+ФОТОРЕПОРТАЖ)
Аtr.kz/13 мамыр, 2019 жыл. «Атырау» спорт кешенінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өткізілетін «Қазақстан барысы» республикалық турниріне облыстық іріктеу сайысы өтті.
Биылғы жарыста әсем спорт ғимаратының негізгі алаңының екі қапталына екі киіз үй орнатылып, Атырау қаласы және өңіріміздегі барлық аудандардан іріктеліп келген сайдың тасындай 16 балуан теңдей жарылып, иықтарына арлан терісін жамыла ортаға шықты. Сайыстың салтанатты ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Нұржауған Төлеуова, ардагер спортшылар Асқар Бакенов, Аманбай Қыздарбаевтар бақтарын сынауға шыққан балуандарға ақ жол тіледі.
Қызыққа толы белдесулер көрермендердің делебесін қыздыра келіп, үшінші орын үшін болған кездесуде Атырау қаласының намысын қорғаған Қайрат Өтеген биыл «Қызылқоға барысы» атанған Руслан Ізғалиевке қауқар көрсете алмады. Ал, ақтық сайыста жылыойлық Бекболат Салықов тағы бір қызылқоғалық Сұңғат Закарияевке есе жіберді. Осылайша, Сұңғат бесінші рет «Атырау барысы» атағын иеленді. Ол бұған дейін 2013-2016 жылдар аралығында қатарынан төрт жыл ешкімге дес бермеген еді.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ
Суреттер “Фейсбуктегі” “Atyrau Sport” парақшасынан алынды