СУИЦИД… Соңғы қадам?
Atr.kz/19 шілде, 2019 жыл. «Орталық көшеден өтіп бара жатқанымда бірнеше адамның көп қабатты үйдің жоғары жағына қарап, алаңдап тұрғанын байқадым.
Лезде көлігімді тоқтатып, топтасқандарға жеттім. Бойжеткен төртінші қабаттан секіруге бел буған екен. Дереу көмек қолын созуға талпындық. Төменгі пәтердің балконы арқылы жетіп, өмірімен қош айтысуға бекінген жанды үйге кіргіздік. Оның мұндай қадамға баруына не түрткі болғанын білмеймін, бірақ, аман қалғанына қуаныштымын…»
Бұл – таяуда Атыраудың орталық көшесінде болған оқиғаның куәгері, танымайтын жанға көмек қолын созған қала тұрғыны Есенбай Қайыровтың әңгімесінен үзінді. Суицид. Соңғы қадам. Әдетте осынау шешімге бекінгендер осындай ой жетегінде болады. Яғни, тығырыққа тірелген сәттегі ең соңғы амал осы. Ал, одан кейін?.. Беймәлім… Бәлкім, бостандық, бәлкім өмірге қайта келу…
СҮРЕҢСІЗ СТАТИСТИКА
Статистика тіптен қорқынышты. Орта Азиядағы суицид көрсеткіші жаһандық есептеулер нәтижесінен де асып түскен. Соның ішінде Қазақстан бойынша тіркелген деректер Орта Азия елдерінің арасында ең жоғары болып тұр. Душанбедегі мәдени мұра және гуманитарлық ғылымдар жөніндегі Орталық Азия университетінде өзіне қол жұмсау бойынша 30 жылға созылған зерттеу нәтижесі жарияланды. Америкалық Хьюстон-Даунтаун университетінің оқытушысы Шахназ Савани аталған оқу орнында «Орталық Азиядағы суицид: қауіп пен қорғау факторларын жүйелі зерттеу» тақырыбында лекция оқыды. Баяндамада атап өтілгендей, әлемде жылына 1,5 миллион адам өзіне қол жұмсап, өмірімен қоштасады екен. Оның 60 проценті Азия елдерінде орын алады. Ал, Қазақстанда өзіне қол жұмсайтындар саны көп, 48,1 процентті құрайды. Бұл көрсеткіш Түркіменстанда – 15,8, Өзбекстанда – 13,6, Қырғызстанда – 13,4 процент. Орта Азия бойынша ең төменгі көрсеткіш Тәжікстанда тіркелген — 7,2% Жалпы, елімізде бұл тақырыпта нақты есептеулер нәтижесі жоқ екен.
Облыстық полиция департаментіне сұрау салғанымызда, «орын алған оқиға есепке алынып, тиісті тергеу жұмыстары жүзеге асырылғанымен, нақты статистикасы жүргізілмейді» деген жауап алдық. Жөн де болар. Жантүршігерлік сандардың сиқы тіптен сұрықсыз. Десе де ашық дереккөздердегі мәліметтерге көз жүгіртсек, аталмыш көрсеткіш бойынша «тұрақты лидерлер» – Финляндия, Венгрия, Эстония, Литва, Латвия. Мұнан соң Германия, Аустрия, Швейцария және Голландияның тұрғындары арасында «суицид синдромы» кеңінен тараған. Ал, ел ішіндегі жағдайға назар аударсақ: соңғы бірнеше жылда осындай қаза бойынша көш басында Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр.
«САҒАН КӨМЕК КЕРЕК ПЕ?»
«Бұл – шексіз тақырып. Әдетте жалғыздық – суицидке итермелейтін бірден-бір себеп. Өзөзіне қол салу – түсініспеушілік пен жалғыздықтан туындайтын проблема. Адамдар арасында «қиын» қарым-қатынастар орнаса, ата-ана баласын түсіне алмаса, ерлі-зайыптылар арасындағы шиеленістер осындай қайғылы оқиғаларға алып келеді, – дейді бізге аталмыш тақырыпта арнайы сұхбат берген отбасылық психолог Венера Мүтағалиқызы. – Балалық шақта болған түрлі соққылар суицидтік мінез-құлықты қалыптастыруға әсер етеді. Негізінен суицидке ұшырайтындардың 30 проценті отбасы жағдайындағы қатал қарымқатынас пен зорлықты басынан өткізгендер. Ал, балалар арасында жиі кездесуінің бірден-бір себебі – жасөспірімдердің өз ортасындағы кикілжіңдер мен жауапсыз махаббат. Осынау орны толмас өкінішті болдырмау үшін әр ата-ана өз баласын жіті қадағалап, әр ісіне, қадамына зор мән беріп отыруы тиіс. Қоршаған ортасындағы әлеуметтік ахуал, отбасындағы психологиялық климат, ата-анасымен, ұстаздармен өзара қарымқатынас – осының бәрі баланың бойынан көрініс табады. Жастар ерекше қабылдағыш, әсерленгіш және жоғары әлеуметтік тұрғыда жылдам бейімделгіш болғандықтан, жаңа құндылықтардың пайда болуы мен бұрынғыларынан бас тартуы қоғамның басқа таптарына қарағанда, бұл өтпелі әлеуметтік топқа қатты әсер етеді. Агрессиялық көңіл-күй, ашуызаға тым жиі берілу, қатыгездік, тітіркенгіштік сияқты сәттердің көп болуы оған көмек керек деген алғашқы дабыл белгісі. Сондай-ақ, оқшаулану, жақтырмай қарау да – ата-ана назарынан тыс қалмауы тиіс факторлардың бірі. Кейде адамның жанында жақын адамы болып, оған жағдайды түсіндіріп, ашық сөйлесуі жетпей жатады. Мұның бәрі қауіптің алдын алу үшін ескерілуі тиіс. Қазіргі таңдағы маңызды қадамдардың тағы бірі – баланың әлеуметтік желідегі өмірін жіті назарда ұстау». Маманның жасөспірімдер тақырыбына көбірек тоқталуы себепсіз емес. Жас талғамайтын осынау қатер соңғы уақытта «жасарып» барады. Бұл – әлемдік тәжірибеде дәлелденген факт. Сондай-ақ, психологтардың сөзіне қарағанда, өз-өзін өлтіру оқиғалары әйелдерге қарағанда ер адамдар арасында жиі ұшырасады. Ер адам өзөзіне қол саламын деп шешсе, онда олар өз ісін аяғына дейін жеткізуге тырысады. Ал, әйелдер әдетте өлуді емес, өзіне назар аудартуды көздейді. Сол себепті, статистикада өз-өзіне қол жұмсап, өмірін қиған ер адамның бір оқиғасына әйелдердің өз-өзіне қол жұмсауға талпынған 4 фактісі сәйкес келеді екен. Күлкілі естілер, бірақ, сараптама нәтижесі көрсеткендей, суицидке барудағы себептің бірі ретінде – «бұл өмірден жалыққандық» деген қорытынды да айтылады. Яғни, еріккеннің ермегі… Өкінішті.
Гүлжан ӘМІРОВА
Түйін.
Жазбаға әлқиссадағы әңгіме түрткі болды. Мақсат – қиын да терең тақырыпты қозғау арқылы жантүршігерлік фактілерді көрсетіп, көңіл-күйді түсіру емес. Керісінше, суицид саны азайса, ата-ана баласына көп көңіл бөлсе, проблемаларды шешудің өзге де жолдарын қарастыруға талпынса екен деген тілек қана.
Келесі каналда «осы жылдың 26 сәуірінде жұмбақ жағдайда Қытайда көз жұмған қазақстандық студент Сандира Серікханованың өліміне байланысты кісі өлтіру күдігі анықталған жоқ. Жазатайым оқиға салдары немесе суицид болуы мүмкін» деген хабарды таратуда. Өкінішті…
*Сіз не дейсіз?
- Айбаршын Иманғалиева, әйелдерге арналған дағдарыс орталығы директорының орынбасары:
– Бізге негізінен тағдыр тәлкегіне ұшырап, тығырыққа тірелген жандар келеді. Жасыратыны жоқ, олардың қатарында да суицидты басындағы барлық проблеманың шешуі деп қарайтындар бар. Бір ғана мысал. Біраз уақыттан бері бір келіншекке психологиялық қолдау көрсетіп келеміз. Ерте тұрмысқа шыққан. Екі баласы бар. Ері – бұрынғы нашақор. Қазір вахталық ауысыммен жұмыс жасайды. Әйелдің өзі – бала жастан мүгедек, құлағының мүкістігі бар. Біздің орталыққа алғаш келген кезде «асылып қалғым келеді» деген ойын айтатын. Қазір Маңғыстау облысындағы төркініне сапарлап кетті. Жоғарыдағы пікірін өзгертіп келеді…
*Маман мінбері
- Венера Мүтағалиқызы, отбасылық психолог:
– Бірде ер адам қабылдауыма келіп, асылып қалуға әрекеттеніп, оның нәтижесіз болғанын айтты. Бұл қадамға отбасылық жағдайға байланысты барған. Көп мөлшерде дәрі ішіп, күйеуіне деген ренішін білдірген азаматшамен де тиісті түсінік жұмыстарын жүргіздік. Анасының еңбекақысын букмекерлік кеңсеге тігіп, ұтылып қалған жас жігіт көпірден секіріп, аман қалды. Ол да – біздің бақылауымызда. Адамдардың өз өмірлеріне тым жеңіл қарайтыны қынжылтады.