СУИЦИД НЕГЕ ОРЫН АЛАДЫ?
Атырау қаласында қорғаншылық-қамқоршылыққа алынған 210 бала бар. Соның ішінде 17 баланың жылжымайтын мүліктері қатталуға қойылған. Биыл 23 балаға қамқоршылық-қорғаншылық тағайындалды. Ал, бүгінге дейін 210 баланың 61-і тұрғын үй кезегіне тұрмаған. Бұл жайларды мәлімдеген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова пәтер кезегіне тұрмаған балаларды жыл аяғына дейін тізімге енгізуге жұмыстанатынын айтты.
Айта кету керек, бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 701 бала бар. Оның 91-і биыл тіркелген. Ағымдағы жылы 157 бала пәтермен қамтылса, жыл аяғына дейін 25 бала баспаналы болады.
Бүгінгі күні жасөспірімдер арасында суицид мәселесі өршіп тұр. Дәлірек айтқанда, былтыр облыста суицидке қатысты 25 факті орын алды. Ал, биылғы жылдың жеті айында 18 дәйек тіркеліп, оның ішінде аяқталған жеті оқиға орын алды. Облыс прокурорының аға көмекшісі Гүлжан Сұлтанованың баяндағанындай, мұның алдын алуда уәкілетті органдар арасында бірлескен жұмыстың жоқтығы анықталды.
Облыстық ішкі істер департаменті, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет басқармалары арасында жұмыс жоспары бекітілгенімен, оны орындау барысында нәтиже жоқ. Құзырлы органдар арасында байланыс орнатылмаған. Суицид фактісі бойынша зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек құқық қорғау қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарымен шектеліп отыр.
«Осы тұрғыда прокуратура органы қызметкерлері бес білім беру ұйымы арасында зерделеу жұмыстарын жүргізді. Оған 309 оқушы қамтылып, 68 оқушыда суицидтік әрекеттік белгілері бар және «қауіп тобына» еніп тұрғаны анықталды. Ол балалармен тығыз жұмыс жасалуда. Алдағы уақытта жұмыстың тиімділігін арттыру үшін денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының психологтары бірлескен шараны барлық мектепте қолға алу керек» деді Г. Сұлтанова.
Комиссия отырысына төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: барлық білім беру орындарында осы жағдайды зерделеу жұмыстарын жолға қойып, бірлескен істі арттыру керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.