«КАСПИЙМҰНАЙГАЗДА» – ЖАҢА ЗЕРТХАНА

Аптаның алғашқы күнінде «Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өмірінде елеулі оқиға болды. Бұл күні мұнда жаңа зертхана ғимараты пайдалануға берілді.

 

Осыған орайластырылған салтанатты рәсімді кәсіпорынның бас директоры Мәнсия Бабашева ашты. Бұған Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысып, жиналғандарды аймақ басшысының атынан құттықтады.

Бұдан кейінгі сөз кезегін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Махамбет Досмұхамбетов, «Ембі-мұнайгаз» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев, «Шелл» компаниясының өкілі Құралбек Келжанов алып, жылы лебіздерімен бөлісті. Олардың айтуынша, жаңа зертханалық кешен «қара алтынды» геологиялық барлау, игеру мен өндіру салаларында инновациялық геохимиялық зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Нақтылай кетсек, мұнда геологиялық барлау жұмыстарында стандартты зерттеулерден басқа жаңа технологиялар кең ауқымда қолданылады. Сайып келгенде, мұндай қадамдар кен орындарының экономикалық тиімділігін көтеруге, озық технологиялардың пайдалану мерзімін ұзартуға, қолдағы бар ұңғымалар қорының көмегімен шығындар көлемін азайтуға, жаңа деректерді дер мезгілінде әрі сапалы күйінде алуға  септеседі.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз