Суға шомылу ережесін сақтамаған 30-ға жуық тұрғын жауапкершілікке тартылды
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері суға шомылушыларға алдын-ала сақтандыру ережелері жазылған жарнамаларды таратып, өзен-көл жағасында дауыс күшейткіш арқылы ата-аналарға балаларды көзден таса қылмауға ұдайы кеңес беріп жатады. Өкінішке қарай, «тілсіз жау» жас өркен түгілі, атпалдай азаматтарды да тұңғиық тереңіне тартып әкетуде.
Жедел-құтқару жасағының басшысы Әділхан Жұмалиевтің айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында жасақ құтқарушыларының қызметі күшейтілген режимге ауыстырылған.
– Жайсыз жағдайларға тұрғындардың тыйым салынған жерлерде суға түсуі, балаларды қараусыз қалдыруы, ескертулерге құлақ аспауы, өз күштерін асыра бағалауы және жүзе алмауы себеп болып жатады. Тәртіпке бағынбайтындар да ара-тұра кездеседі, — деді ол.
Құтқарушылар «жұмыс барысында суасты іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, өкінішке қарай мүрдені алып шығатын сәт ең қиыны» дейді.
– ТЖД-нің құтқарушылары тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында рейдтік шараларды тұрақты жүргізеді. Күні кеше ғана Бесікті және Көкарна ауылында қатарынан төрт жасөспірім суға кетіп, қайтыс болды. Осы ретте облыс халқын сақтық шараларын сақтауға және белгіленбеген жерлерде суға түспеуге шақырамыз. Бүгінде 80-ге жуық құтқарушы 24 аумаққа бөлініп, оның ішінде қауіпті аймақтарда кезекшілік ұйымдастырылды. Облыста суға шомылу ережесін сақтамаған 30-ға жуық тұрғын жауапкершілікке тартылды, — деді Ә.Жұмалиев.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА