Суға ағып бара жатқан туды алып шыққан мақтааралдық полицейдің әрекеті елді сүйсінтті (ВИДЕО)
Аtr.kz/4 мамыр, 2020 жыл. Мақтаарал ауданында суға ағып бара жатқан Қазақстан туын алып шыққан полицей әрекеті желі қолданушылары арасында қызу талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жағдай кеше аумағын толықтай су басқан Фердоуси ауылында болған. Жетісай аудандық полиция басқармасының офицері Есімжан Нәдіров судан көк туды алып шықты.
Жаңа мектептің алдында Қазақстан туының су ішінде жатқанын көрген Жетісай аудандық полиция басқармасының офицері Есімжан Нәдіров суға түсіп, туды алып шықты. Осы көріністі жергілікті халық ұялы телефондарына түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жіберген.
Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты.
Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Кейін тағы да 10 ауылды су алғаны белгілі болды.