Субсидия қалай беріледі?
Аtr.kz/25 мамыр, 2020 жыл. Жуырда бюджет қаржысының игерілуі және салықтық түсімдер мәселесіне байланысты өткен селекторлық жиында өңірімізде 3 млрд.-тан астам қаражат игерілмей жатқандығы сөз болған-ды. Бұл олқылықтар негізінен құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, спорт салаларында орын алған. Айталық, ауыл шаруашылығы саласы бойынша субсидиялауға бөлінген 7 млн. 400 мың теңге көлеміндегі бюджет қаржысы игерілмеген болып шықты. Осы жайттың орын алу себебін анықтауға ұмтылдық.
Иә, расымен де бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласында республикалық және жергілікті бюджеттен қаралатын субсидияны алушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр өңір шаруагерлері түрлі мақсатта субсидия алған.
Біздің облыста ол негізінен 8 бағытта беріледі. Фермерлерді қолдау үшін мемлекет тарапынан бөлінетін бұл қаржы шаруагерлердің қолындағы мал басын асылдандыру, тыңайтқыштар алу, сүт өнімдерінің сапасын арттыру, суды пайдалану, ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға берілген. Кейбір түрлеріне субсидия талаптарына орай жылына бір төленсе, біреулеріне бұл жәрдем ай сайын беріліп отырады.
О б л ы с т ы қ а у ы л ш а р у а ш ы л ы ғ ы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда шаруагерлерге субсидия беру жайы еліміз бойынша заманауи үлгіде оңтайландырылған. Яғни, субсидия алуға ниет білдіруші бұрынғыдай комиссиядан өту, құжаттарды қағаз жүзінде тапсыру машақатынан құтылған. Мемлекет ұсынған қаржылай жәрдемді белгілі бір бағытта алғысы келген шаруагер, үйінен шықпай-ақ, «бір терезе» қағидасымен «Qoldau. kz» сайты арқылы электронды жүйемен тіркеле алады.
Фермер ол үшін компьютер арқылы өзіне жеке электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алып, екінші деңгейлі банктен арнайы шот аштырады. Арнайы базаға өзінің құжаттық мәліметтері мен реквизиттерін енгізеді де, алатын субсидиясының түрін көрсетіп өтінім қалдырады. Электрондық өтінімдер алдымен жергілікті басқармаға түсіп, мамандар тарапынан нақтыланған соң, субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Одан әрі, қазынашылық орындарда сәйкестілігі жан-жақты сарапталады да, қорытындысы орталық базада көрсетіледі. Субсидия осы нәтиже шыққаннан соң ғана төленеді.
– Селекторлық жиында біздің сала бойынша игерілмеген қаражат тікелей осы субсидия алу жағдайына байланысты болды. Айтылған 7 млн. 400 мың теңге – бұл үш шаруашылыққа ғана бөлінген қаражат. Осы электрондық жүйе арқылы субсидия алуға өтінім білдірген шаруашылық иелері орталық базаға мәлімет енгізгенде асығыстық жасаған. Екеуі өздерінің субсидия аударылатын жеке есепшоттарын қате көрсетсе, бір өтінім білдірушінің есепшоты заң жүзінде бұғаттаулы болып шыққан.
Осы жағдайда мемлекет тарапынан бөлінген қаражат тиісті алушысына жетпей қалып, орталық базада игерілмеген қаражат болып көрсетілді. Мамыр айының басында өтінім берушілердің есепшотындағы бұл олқылықтар жойылып, екі шаруагерге аталмыш қаржы төленді. Ал, үшінші фермер алдағы күндері құжаттық кедергілерді жойып, өтінімін қайта беруді көздеп отыр. Басқа жағдайда аймағымызда субсидия төлеу бағытында ешқандай кедергілер жоқ, — деді басқарма басшысы Қайрат Есқабылұлы.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ