
Су тасқынына қарсы сақтық шаралары күшейтілді
Бүгін Қызылқоға ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының №5546 әскери бөлімінен арнайы жіберілген 60 жауынгер мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінен келген 34 маман құм қаптау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр.

Қызылқоға ауданы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қырағы сарбаздар мен төтенше жағдайлар қызметкерлері өзен суының тасу қаупіне байланысты аудан іргесіндегі көпір маңында бөгеттерді нығайту шараларын қарқынды жүзеге асыруда. Олар екі топқа бөлініп, бір бөлігі қаптарға құм толтырса, екіншісі дайын қаптарды жаға бойына бекітіп, қорғаныс шараларын күшейтуде.
-Бүгінде барлығы 6500 қапқа құм салынып, су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар жергілікті билік пен құзырлы органдардың қатаң бақылауында жүзеге асырылып отыр. Негізгі мақсат – табиғаттың тосын мінезіне төтеп беріп, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — делінген баспасөз хабарламасында.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ