
Су тасқынына байланысты 5 нақты тапсырма кімдерге жүктелді?
Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқыны кезеңіндегі атқарылуы тиіс шараларға байланысты тиісті ведомстволарға 5 бағыт бойынша тапсырма берді. Бұл туралы Kazinform.kz хабарлады.
— Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай облыстарында дер кезінде қабылданған шаралар су тасқыны мен шығындардың алдын алуға мүмкіндік берді. Дегенмен, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде су деңгейі көтеріледі деп болжанып отыр. Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында әлі де 50 пайызға жуық қар жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырамын, — деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Премьер-министр жауапты ведомстволар мен атқарушы органдарға 5 түрлі тапсырма жүктеп, былай деді:
- Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері су тасқынына байланысты жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдасын. Жауапкершілікпен әрі шұғыл қимылдап, уәкілетті мемлекеттік органдар мен мемлекеттің басшылығын хабардар ету қажет. Тұрғындармен кері байланыс орнатып, олардың өтініштеріне дереу құлақ асу керек.
- Су ресурстары министрлігі мен әкімдіктер әсіресе еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде орналасқан су қоймалары мен объектілеріндегі судың деңгейін ерекше бақылауда ұстасын. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсін.
- ТЖМ, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктеріне ахуал күрделене түскен жағдайда, оны бақылауда ұстауды тапсырамын. Қажет болса, қосымша күштер мен құралдарды жұмылдыру керек.
- Көлік министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге зақымданған жол инфрақұрылымын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдасын. Жолдар мен көпірлердің жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізу қажет.
- Экология министрлігі ауа райы болжамының нашарлауына қатысты ақпарат алған кезде тиісті мемлекеттік органдарды жедел хабардар етсін. Цифрлық даму министрлігі су тасқынын болжау және модельдеу жұмыстарын жалғастырсын. «Tasqyn» ақпараттық жүйесін оның жұмыстарына қатысты айтылған сын мен анықталған кемшіліктерді ескере отырып жетілдірілсін.
Сонымен қатар, былтырғы су тасқынын ескере отырып, төтенше жағдай зардаптарын жою және тұрғындарға көмек көрсету мәселесі бойынша барлық нормативтік-құқықтық актіні өзектендіру жұмысын 1 апта мерзімде аяқтау қажет.
Олжас Бектенов бұл жұмыстарды үйлестіру міндетін Қанат Бозымбаевқа жүктеді.