
Су тасқыны: Әуежайдағы жағдай қалай?
Көктемгі су тасқынына байланысты Атырау облысы аумағындағы қауіптің алдын алу – бүгінгі күннің басты тақырыбы. Осы орайда Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында тасқынға қарсы күрес жұмыстары қарқын алды. Әуежай территориясына қарасты Сарыөзек каналынан келетін қауіптің алдын алу үшін жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға 80-ге жуық әуежай қызметкерлері, шекара сарбаздары және «ҚазМұнайГазИнжиниринг» АҚ-нан еріктілер тартылған.

Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша инженер-инспекторы Андрей Михайлович Венгринюктің айтуынша, Сарыөзектің бойында орналасқан шаруа қожалықтары бөгет көтеру жұмысына кедергі келтіріп тұр.

–Сарыөзектегі судың деңгейі бірқалыпта тұр. Қазір бес мыңға жуық қапқа топырақ салынып, жағалаудың 500 метрдей жерін нығайтып үлгердік, әлі де жұмыс жалғасады. Әуежай тасымалына қатысы бар стратегиялық маңызды «Қазаэронавигация» объектілері, ұшақ ұшатын және қонатын жолақты жолдар, бағдарлану жолы, ұшақ тұратын орындар қорғалу керек. Өздеріңіз көріп тұрғандай, сайдың екі жағы биіктетілді. Алайда, шаруа қожалықтарының иелері «жеке аймақ» деп біздің бекіту жұмысымызға рұқсат бермей тұр. Бұл мәселе бұрыннан қозғалып келе жатқан өзекті мәселе, министрлік пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан оларды көшіру туралы келіссөздер жүргізіліп келеді. Жалпы, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес территория аумағында құстар азықтанатын дәнді дақылдар өсіруге тыйым салынады, — деген инженер жекеменшік аумақтың санаулы иелері келісімге келгенін тілге тиек етті.

Жергілікті атқарушы органдар әуежайға келетін қауіпті сейілту жұмыстарына арнайы техникалармен көмектесуде. Сондай-ақ «ҚазМұнайГазИнжиниринг» АҚ бас директоры Алтынбек Марданов ұжымның еріктілері Сарыөзектің жағалауын бекіту жұмыстарына үлес қосатынын айтты.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ