Отқа оранған ҚЫЗҒАЛДАҚ (Санкт-Петербургтегі Әлия Молдағұлованың ескерткіші жанындағы толғаныс)

ae102 Жаңалықтар

Atr.kz/18 маусым, 2019 жыл. Айдынды Атыраудан көтерілген ақ лайнер алып Мәскеуге сәл аялдап, бағытын Санкт-Петербурге бұрды. Сәлден соң табанымыз тиер айтулы шаһар туралы әрнені ойлап отырып, бағзы бір күндерде «Кетрамборға мыңдап жылқы айдаған» аталарым еске оралмасы бар ма?..

Біздің сайын сахараның құм көмкеріп, су шайған мыңжылдықтарды басынан кешірген көне қалаларының жанында орыстың мәдени астанасы әлдеқайда жас, тіпті балаң…

Алайда, қасиет тұтар дүниесінің әр кірпішіне дейін аялайтын орыс жұрты, өздері ауызекі тілде «Питер» атандырған сұлу қаланы бар ғасырдағы болмыс-бояуымен барынша аялап отыр. СанктПетербургке барған адамның көзіне оның еуропалық бет-бедері бірінші ұрады. Иә, бұл қалада Ресейден гөрі кәрі Еуропаның бейнесі бар. Тар көшелерінде де, тамаша ескерткіштерінде де, тіпті мәдениетті тұрғындарында да…

Сансыз өнер ордалары мен музейлер, тағы басқа толып жатқан жәдігерлер қаланың құнын қымбаттатып-ақ тұр. Шоқан жүрген, Алаш арыстары аяқ басқан сұлу қала туралы баяндап отырып, жолсапарымыздың басты мақсатынан алшақтап кетпес үшін оқырмандарымыз уикипедиядан тауып алар кейбір мәліметтерге тоқталмай-ақ қойғанды жөн көрдім. Айтпақшы, сәби күнімізден санамызға сіңген «Ленинградтың ақ түні», бала кезімізде бәріміз жамырап айтатын «Крейсер-Аврора» әні туралы (Аврора қазір айлақта қаңтарулы музейге айналған), тоғыз жүз күн жаншошырлық блокаданы бастан кешірген қаһарман қала тұрғындары жайлы көсіле баяндағым келіп-ақ тұрғанын жасырмаймын.

Сонымен, қазаққа Санкт-Петербург несімен жақын? Несімен ыстық? Үш ғасырдан астам тарихында атауын замана желіне орай бірнеше мәрте өзгерткен шаһардың ХХ ғасырдағы Ленинград атауын көрген, бастан кешіргендердің көзі тірі. Табыл ақын айтпақшы, «Ленинградтықтарға ән болған, ленинградтықтарға нан болған» әйгілі толғаудың иесі қарт Жамбылдың ескерткішіне тағзым етуден бастадық бұл сапарды. Санкт-Петербургтегі қазақ қауымдастығының төрағасы қызметін отыз жылдан астам уақыт мінсіз атқарып келе жатқан Сәрсенғали Құспанов есімді қария атыраулық делегацияны әуежайдан күтіп алып, ұлы Жамбыл ескерткішіне бастап келді.

Сексенге келсе де жас жігіттей қимылы шалт ақсақалдың туған жері Атыраудың Құлсарысы екен. Зиялылар қаласына өз ұлындай сіңген ғалым 24 жасында ленинградтық атанғанын айтады. 2005 жылы Жамбыл ескерткішін орнату тарихын әңгімелей отырып, өзінің үш ұлын тарихи Отанына қайтарғандығы туралы да тебіреніспен айтып өтті. Санкт-Петербургтің тыныш бір бұрышында бой көтерген Жамбыл ескерткіші басында атыраулықтар ерекше тебіреністі сәтті басынан өткерді. Қаланы неміс басқыншыларынан қорғауда қазақстандық жауынгерлердің көзсіз ерлігі аңызға айналды.

Ал, Қобда бойында дүниеге келіп, Нева жағалауында бойжеткен қазақтың Әлиясы туралы бұл қала құрметпен еске алады. Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында аталмыш шаһардың батысындағы скверлердің бірінде қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылды. Биіктігі үш метр болатын қоладан құйылған ескерткіш қызғылт гранит тұғырға орнапты. Таң атысымен осы тарихи шараны бетке алып келген жұртшылықтың қарасы мол. Осыдан бір күн ғана бұрын әйгілі Михайлов театрында Құрманғазы атындағы академиялық ұлтаспаптар оркестрінің концертін тамашалаған болатынбыз.

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын питерліктер жиналған залда ине шаншар орын болмады десек, әсірелегендік емес. Құрманғазы мен Тәттімбеттің дауылды күйлеріне елтіген питерлік зиялы көрермен қошеметін аямады. «Сарыарқа» мен «Адайға» дуылдай қол соққан нәсілі бөлек жұрттың нағыз өнерге деген ілтипатын көргенде, қазақ боп туғандығың үшін бойыңды бір мақтаныш кернейтіні рас.

Әлия ескерткішінің ашылуына жиналған жұртшылық Ресей мен Қазақстан туын көтеріп, екі елдің ғасырларға жалғасқан достастығын әйгілеп тұрды. Жиын басталарда тәуелсіз Қазақстанның гимні ойналды. Осындағы әскери оқу орнында оқып жүрген қаракөз сарбаздардың қарасы мол. Атырау мен Ақтөбеден келген делегация мүшелері, жергілікті тұрғындар мен өнерпаздар батыр ескерткіштеріне құшақ-құшақ гүл шоқтарын арқалай жетті. Әлия! 19 жасында отқа оранған қызғалдақ. Аруақтанған ерлерімен қосыла ат арқасына қонған түркі дүниесінің Тұрандай ханшайымының, Заринаның, қазақтың Айбикесі мен Гауһарының батырлық дәстүрін жалғастырған ержүрек ару.

Қазақтың үш қарлығашы Әлия, Мәншүк, Хиуаз есімін бірбірінен бөліп алып қарауға әсте болмайды. 18 жасында қан майданға кіріп, жаудың 78 солдатының көзін жойған құралайды көзге атқан мерген қыздың есімі мәңгіліктің дастанында қалды. СанктПетербургте Әлия Молдағұлова атындағы көше, мектеп бары, ол отырған парта туралы деректер барша жұртқа жақсы таныс. Екі ел бірдей өз перзентіне санайтын батыр қыздың ерлігі кейінгі ұрпаққа да мирас болары анық.

Санкт-Петербург Үкіметінің, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің, Ақтөбе және Атырау облысы әкімдіктерінің ынтымақтаса күш жұмсауының арқасында жүзеге асқан ескерткіштің ашылу салтанатында Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов «Батырлық – басқа қонатын бақ емес, жүректен ерлік боп шығатын сындарлы шақ. Ал, біздің халқымыз үшін бұл – ұланына ғана емес, қыздарына да бірдей дарыған ұлттық қасиет» деп сөз бастап, ерлік даңқының кездейсоқтық емес екенін айтып өтті.

Бабадан балаға дарыған ұлы даланың ең үлкен аманаты батырлық дәстүрі, қайсарлық пен намыс дастаны екендігін меңзеген Иманғали Нұрғалиұлының қазақ тілінде тебірене сөз саптауы ел мерейін асырды. Ескерткіштің авторы Едіге Рахмадиевтің таланты мен түйсігі батыр қыздың мүсініне айнымай көшірілген екен. Соншалықты сұлу да нәзік, сұсты да өр арудың бейнесі жансыз қоладанда гүл тілінде сөйлеп тұрды. Оған зер сала қарап тұрып, қыршынынан қиылған миллиондардың арзу-арманын көргендей боласың…

Тағы бір таңқалдырған жайт, бірнеше күннен бері қар аралас жаңбыр бүркіп, өзінің кәнігі сұрғылт түсіне оранып алған Питер аспаны дәл ескерткіш ашылар сәтте шайдай ашылып, айрықша шұғылалы шуаққа бөленді. Аспан мен жердің, адам мен табиғаттың арасында айрықша үйлесім барына сенетіндер үшін бұл тегін құбылыс емес екені анық еді. Сол күні кешке СанктПетербургтің үлкен камералық өнер сарайында қазақтың екі бірдей өнер жұлдызының концерті өтті.

18 жасында «Алтын Орфей» халықаралық ән байқауында « Ә л и я » ( Б.Т ә ж і б а е в , С.Бәйтереков) әнімен ГранПри иеленген Роза Рымбаева мен тұнық тенор Әлібек Дінішевті ресейлік көрермен әбден сағынған екен. Концерт репертуары майдан әуендерімен қатар, белгілі классикалық туындылардан, ретро әндерден тұрды.

А т ы р а у о б л ы с т ы қ мәслихатының хатшысы Өмірзақ Зинуллин бастап құрамында белгілі қоғам қайраткерлері, өнер адамдары бар атыраулық делегацияның миссиясы ерлікке тағзым етуді мақсат еткен болса, туған елге кері оралғанда әрқайсысының көкейінде Мағжан ақынның «Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған, Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас» деген әйгілі шумағы жатты. Ерлікке тағзым ертеңге аманат етер санаулы құндылықтарымыздың бірі һәм бірегейі болса, осынау сапардың да тарих алдында еншілеген үлесі барына сендік.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз