АТАҚТЫ «СТРИТ ВОРКАУТ» ШЕБЕРІ АТЫРАУДА МАСТЕР-КЛАСС ӨТКІЗДІ (+ВИДЕО, ФОТО)
Atr.kz/ 17 сәуір, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Қайырғали Смағұлов алаңында орын тепкен стрит воркаут (көшедегі спорт) алаңында Жастар жылына орай бұқаралық спортты дамыту клубының ұйымдастыруымен стрит соркауттан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Айтым Жакуповтың шеберлік сабағы өткізілді.
- Бұл менің 2019 жылғы өңірлерде өткізген алғашқы шеберлік сағатым. Оның еліміздің мұнайлы астанасы саналатын Атырау қаласында өткеніне қуаныштымын. Себебі, мен Атырауға былтыр үш рет келдім. Содан бері көп дүние өзгергендей. Бір жыл бұрын көрген жастар бүгінде өздерінің шеберлік деңгейлерін өсіріп, дайын спортшыға айналған екен, — деді Айтым Жакупов шеберлік сағатын тамашалауға келушілер алдында.
Жиында сонымен қатар, қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Бұқаралық спортты дамыту орталығы» клубының басшысы Алмаз Имаш, белгілі эстрада жұлдызы Бейбіт Көшқалиевтер сөз алып, көпшілікті жаздық жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.
Бүгінгі күні елімізде 100 мыңнан астам адам шұғылданатын спорттың жаңа түрінен өткізілген бұл шараны тамашалауға келушілердің негізгі дені жастар болды. Ашық аспан астында өз дене салмағымен жаттығу жүргізуді қамтитын трендтік спорттың бұл бағытында негізгі жаттығулар көшедегі турниктерде, қоссырықтарда орындалады екен. Ел құрамасының бас жаттықтырушысы алдымен атыраулық спортшылардың аяқ алысын байқап көріп, артынан аталмыш спорттың бірнеше жаттығу тәсілдерін іс-қимылымен көрсетіп жұртшылықтың таңданысы мен ризашылығына бөленді.
Осыдан соң, шеберлік сағаты аясында түрлі элементтер көрсетіліп, жастар өзара тәжірбие алмасып, аға буын өкілдері де өздерінің күшін сынап көрді. Сондай-ақ, жаңа спорт түрінің бірнеше элементін меңгерген белгілі әншісі, жерлесіміз Бейбіт Көшқалиев өз өнерін паш етіп, көрермен қошеметіне ие болды.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ.
Бейнежазбаны түсірген автор.
Суреттер Ілияс ШАЙХИЕВТІКІ.