«АҚ НАРЫНЫМ – БЕРЕКЕЛІМ,БАЙТАҒЫМ»…

Исатай ауданының мәдениет күндері осындай тақырыпқа арналды 

Қойнауында «қара алтыны» қайнаған, өрісінде төрт түлік малы жайлаған, теңізінде бекіре балығы ойнаған, өткені ерлікке, бүгіні елдікке толы Исатай ауданының таланттары жұртшылықты өнерімен сусындатты. Өткен жұма күні «Ынтымақ пен бірлік – Мәңгілік ел тұғыры» облыстық фестивалі аясында исатайлық көркемөнерпаздар «Ақ Нарыным – берекелім, байтағым» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Бұл жолы да шара Қазақ хандығының – 550, Ұлы Жеңістің – 70, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. 

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

Мәдениет күндері көрме өткізуден басталды.

Театр фойесіндегі күні кеше өмірден өткен қазақ поэзиясының падишасы Фариза апамыз бен Нарынның наркескені атанған Нұралы ағамыздың үлкен суреттері мен жыр жолдарынан үзінділер, осы өлкеде кіндік қаны тамған ақын-жазушылардың туындыларынан ұйымдастырылған көрме келушілер назарын бірден аудартады.

Мұндағы аудан тарихы мен өсіп-өркендеу кезеңдерін кескіндейтін тарихи-өлкетану мұражайының құжаттары мен түрлі жәдігерлеріне кең орын берілген. Сондай-ақ, «Жайық мұнайы – елдің шырайы», «Әлеуметтік сала – басты назарда», «Кұм Нарында қайнаған шаруа» атты фотогалереялар, мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан Социалистік Еңбек Ерлерінің майлы бояумен салынған суреттері, аудан өңірінде «қара алтын» өндіруші «Сазанқұрақ», «ПотенциалОйл», «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС сынды еңбек ұжымдарының бүгінгі тынысынан жан-жақты мағлұмат беретін көрнекі стенділерден көрініс тапқан.

Аудан шаруагерлері соңғы кезде мал өнімдерін өңдеп, тұтынушыларына ұсынуға бет бұра бастағаны қуантады. Мұрат Шакуов жетекшілік ететін «Самат» шаруа қожалығы қарамағындағы 25 биені сауып, қымызын құтыға құйып сатуды ойластыруда. «Оңдасын» шаруа қожалығындағы інгендерден дайындалған шұбаттың, өндірістік кооператив балықшыларымен сүзілген «су маржандарынан» әзірленген балық өнімдерінің, қолөнер шеберлері мен ісмерлер қолымен жасалған тоқыма бұйымдарының жасалу сырларын білгісі келетіндер де қызығушылық танытып жатты.

 

КҮЙ КҮМБІРЛЕП, ӘН ҚАЛЫҚТАДЫ

Концерт басталмас бұрын-ақ зал көрерменге лық толды. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін исатайлықтардың дайындаған бағдарламасын көруге асықты. Сонымен, сахна шымылдығы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы (көркемдік жетекшісі, әрі дирижері – Зоя Насиханова) Жалғас Назаровтың «Исатай дабылы» күйімен ашылды. Облыстық «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Атырау – алтын бесігім», «Күй құдірет» фестивалінің талай мәрте жүлдегері атанған оркестрдің шараға тыңғылықты әзірленгендері байқалды. Топ құрамындағы көркемөнерпаздардың алыстан көз тартар әсем костюмдері, сахнаны безендіруі – бәрі де бір-бірімен үйлесім тапқан.

Республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Дулат Зұлқашев, Ернұр Темірханның орындауында Халық Ризабектің «Мен қазақпын» әні шырқалып, үлкен экраннан ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін Алаштың ұлы бейнелері көрсетіліп тұрды. Оркестр репертуарындағы Н.Тілендиевтің «Жеңіс салтанаты» күйі, Дулат Зұлқашев шырқаған Ж.Жабаев, Н.Назарбаев, Б.Тілеуханның «Отаным десем» әні патриоттық рухымызды асқақтатты. Одан кейін «Ақ қайың» ансамблінің «Өрнек» биі кешті әрлендіріп жіберді.

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақтың ұлы ханы Абылайды еске алу тарихымызға тағзым ету болып табылады. Абылай хан армандарын орындаған біздің буын бұрын өткен тарихтан тәлім алып, қазақ халқының бірлігін мәңгі сақтауымыз қажет. Сонда ғана ел тәуелсіздігі мәңгі болмақ» деген болатын. Биыл кең көлемде аталып өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап исатайлықтар «Ел қорғаны – Абылай» сахналық көрінісін тарту етті.

Ал, Ұлы Отан соғысына Исатай ауданынан екі мыңнан астам азамат аттанып, елді жаудан қорғаған. Тылдағы еңбек жетістіктері үшін аудан Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызыл туын екі мәрте жеңіп алып, мәңгілік ескерткішке сақтап қалған. «Теңізшілер» биін орындаған кезде «Ақ қайың» ансамблінің киіп шыққан көгілдір түсті әскери теңізшілер костюмі сахнаны жайнатып жіберді. Топ құрамында кішкентай бүлдір-шіндердің де өнер көрсетуі көрермендерді мейірлендіре түскені анық. Бақтыгерей Құспанғалиев пен Лариса Оралбекова дуэті шырқаған «Кестелі орамал» әні мен Нэля Жақсымбетова күмбірлеткен Құрманғазының «Көкала ат» күйі көрермендерді бір серпілткені сөзсіз. Кешті одан әрі қарай жалғастырған Аругүл Жұмахан, Мадияр Жұмажановтар Фариза Оңғарсынова мен Нұралы Әжіғалиевтың өлеңдерін нақышына келтіре оқыды…

 

САХНА ШЫРАЙЫН АШҚАН КӨРІНІСТЕР

Отан үшін кеудесін оққа тосып, жан аямай жаумен күрескен ержүрек батыр апаларымыздың бірі Әлия Молдағұловаға арналып жазылған Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнін Альбина Мидар тамаша орындады. Осы әнге дайындалған хореографиялық қойылым исатайлықтардың режиссерлік шеберліктерін көрсетті. Ұлы Отан соғысынан көрсетілген экрандағы бейнекөрініс те  қойылым ажарын аша түсті. Кешті тамашалаған аналар көзіне жас алып, қанқұйлы соғыста қаза болған жандарды еске түсірді. Бермағанбетовтер отбасылық ансамблі орындаған «Туған өлке» (авторы – Әсет Бейсеуов) әні кең-байтақ даламызды жаудан қорғап қалған батырларымыздың жанқиярлық ерлігі текке кетпегенін аңғартқандай. Ал, «Айгөлек» вокалды-аспапты ансамблі мен жеке дауыста Әділбек Жұмашев шырқаған «Атырауым – ән сағым» әні, «Ақ қайың» ансамблінің «Татар биі», Абзал Баташев орындаған Илья Жақановтың «Еділ мен Жайығы»,  Жанарыс Оспанның «Бейбітшілігі» шараның сәнін келтірді.

Тұщықұдық ауылының хор ұжымы орындаған «Егемен Қазақстан» әні мен «Достық» биі біздің көп ұлтты мемлекет бола тұра, көк Туымыздың астында бәріміз ынтымақта, бірлікте тыныш өмір сүріп жатқанымызды бейнелегендей. Әншілер тобы шырқаған «Отан» әні мұны дәлелдей түсті.

Осылайша, «Ақ Нарыным – берекелім, байтағым» атты концерттік бағдарлама мәресіне жетіп, ауданға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан ықылас гүлі ұсынылды. Кешті тамашалаған аймақ басшысы сахна төріне көтеріліп,  жұртшылыққа тағы бір жағымды жаңалықты жариялады.  

– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, сіздерге тағы бір жақсы жаңалықты хабарлағалы тұрмын. «Нұр Отан» партиясының басшылығымен алдымызда келе жатқан Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Атырауда республикалық ақындар айтысы өтпекші. Соңғы кездері ондай үлкен шараны сахнамыздан көрген жоқпыз. Оның үстіне, республикалық додаларға шықпай жүрген дарынды атыраулықтарды іріктеу мақсатында бізге еліміздің белгілі азаматы, ақын, көптеген сыйлықтардың лауреаты Жүрсін Ерман келіп, осы шараны Атырау өнерсүйер қауымымен бірге тамашалады. Ерекше концерттік бағдарламасын ұсынған исатайлықтарға тағы да алғысымды айта отырып, баршаңызды 2,3 мамыр күндері республикалық айтысты тамашалауға шақырамын,-деді ол.

Бақытжан ЖҰМАТ,

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз